Мазмұнға өту

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП

Хэллоуин қандай мейрам?

Хэллоуин қандай мейрам?

Сіз тұратын жерде адамдар Хэллоуин тойлай ма? Бұл мейрам Құрама Штаттар мен Канадада кең таралған, ол жыл сайын 31 қазанда тойланады. Әлемнің басқа елдерінде де бұл мейрам атап өтіледі. Ал кейбір елдерде атауы басқаша болса да, Хэллоуинге ұқсас салт-жоралар жасалынады, мысалы, тылсым күштер, рухтар, өлген адамдардың аруақтары, перілер, мыстандар, тіпті жын-шайтанмен байланысу сияқты (“Хэллоуинге ұқсас мейрамдар” (ор.) деген қоршауды қараңыз).

БӘЛКІМ, сіз “Мен тылсым күштерге сенбеймін, жай көңіл көтеру үшін және балаларымның ой-қиялын дамыту үшін Хэллоуин тойлаймын” дейтін шығарсыз. Бірақ көп адам бұл мейрамды тойлау қауіпті деп есептейді. Не себепті?

  1. Американың бір энциклопедиясында “Хэллоуин тылсым күштерге жүгінумен байланысты мейрам, бұндай байланыс адамға қауіп төндіріп, бойына қорқыныш ұялатады” деп түсіндіріледі (“Хэллоуиннің тарихы” (ор.) деген қоршауды қараңыз). Хэллоуинге ұқсас көп мейрамдардың түп-тамыры пұттарға және ата-баба аруағына табынудан шыққан. Тіпті бүгінде де көп адам осындай мейрамдарда өлген адамдардың аруақтарымен байланысуға тырысады.

  2. Хэллоуин көбінесе Америкада тойланғанымен, бұл мейрам өзге елдерге де тарап, оны тойлайтындардың саны жылдан жылға көбеюде. Хэллоуинді жаңадан тойлап жатқан адамдар бұл мейрамда қолданылатын заттар, киім үлгілері мен жөн-жоралғылар пұтқа табынушылықтан бастау алғанын біле бермейді. Бірақ бұл атрибуттардың көбісі тылсым күштермен және оккультизммен байланысты (“Хэллоуин қайдан шықты?” (ор.) деген қоршауды қараңыз).

  3. Ежелгі кельт салт-жораларын ұстанатын Викка ағымындағылар Хэллоуинді бұрынғы атауымен “Самайн” деп атайды, әрі олар үшін бұл түн жылдың ең қасиетті түні болып есептеледі. “USA Today” газетінде балгер бір әйелдің айтқан сөздері келтірілді. Ол: “Христиандар өздері білмей, біздің мейрамымызды тойлап жүр... Бұл бізге өте ұнайды”,— деді.

  4. Хэллоуин сияқты мейрамдар Киелі кітап ілімдеріне қайшы. Киелі кітапта: “Араларыңда ешкім... сәуегейлік, сиқырлық, бал ашу, бақсы-балгерлік, дуалау, тәуіпке жүгіну, көріпкелдік, аруақтарды шақыру дегендермен айналыспасын”,— делінген (Мұсаның 5-жазбасы 18:10, 11; Мұсаның 3-жазбасы 19:31; Ғалаттықтарға 5:19—21).

Жоғарыда айтылған ойларды ескере келе, Хэллоуин және соған ұқсас мейрамдардың артында не жатқанын білу өте маңызды екенін түсіндік. Олар жайлы жақсы білсек, жауыздықтан бастау алған мұндай мейрамдарға жоламаймыз.

“USA Today” газетінде балгер бір әйелдің айтқан сөздері келтірілді. Ол: “Христиандар өздері білмей, біздің мейрамымызды тойлап жүр... Бұл бізге өте ұнайды”,— деді.