Мазмұнға өту

Неге Ехоба куәгерлері Иеміздің кешкі асын басқа діндерден өзгеше атап өтеді?

Неге Ехоба куәгерлері Иеміздің кешкі асын басқа діндерден өзгеше атап өтеді?

Біз Иеміздің кешкі асын, яки Исаның өлімін еске алу кешін тура Киелі кітапта айтылғандай атап өтеміз (Қорынттықтарға 1-хат 11:20). Ал өзге діни ағымдардың осы мейрамға қатысты көптеген нанымдары мен рәсімдері Киелі кітапқа негізделмеген.

Мақсаты

Иеміздің кешкі асының мақсаты — өзін біз үшін құрбан еткеніне ризашылығымызды білдіріп, Исаны еске алу (Матай 20:28; Қорынттықтарға 1-хат 11:24). Иеміздің кешкі асы күнәлар кешірілу үшін жасалатын діни рәсім емес. Киелі кітапта айтылғандай, күнәларымыз діни рәсім арқылы емес, тек Исаға сену арқылы кешіріледі (Римдіктерге 3:25; Жоханның 1-хаты 2:1, 2).

Қаншалықты жиі?

Иса шәкірттеріне Иеміздің кешкі асын атап өтуді тапсырды, алайда оны қаншалықты жиі тойлау керектігін айтпады (Лұқа 22:19). Кейбіреулер оны ай сайын, апта сайын, күн сайын, не тіпті күніне бірнеше рет, яки адам қанша рет қажет деп тапса, сонша рет атап өту керек деп ойлайды. Алайда бірнеше жайтты ескерген жөн.

Иса Иеміздің кешкі асын яһудилердің Құтқарылу мейрамы болған күні ендірді және дәл сол күні қайтыс болды (Матай 26:1, 2). Бұл кездейсоқтық емес-тін. Жазбаларда Исаның құрбандығы Құтқарылу мейрамының тоқтысына теңелген (Қорынттықтарға 1-хат 5:7, 8). Құтқарылу мейрамы жылына бір мәрте атап өтілетін (Мұсаның 2-жазбасы 12:1—6; Мұсаның 3-жазбасы 23:5). Тура солай, ертедегі мәсіхшілер де Еске алу кешін жылына бір рет атап өтетін. Бүгінде Ехоба куәгерлері Киелі кітаптағы осы үлгіге сай істейді.

Күні мен уақыты

Киелі кітаптың көмегімен Еске алу кешін қай күні және қай уақытта атап өту керектігін де анықтауға болады. Иса кешкі асын Киелі кітаптың ай күнтізбесі бойынша б.з. 33 жылының 14 нисан күні күн батқан соң ендірген (Матай 26:18—20, 26). Біз ертедегі мәсіхшілерге еліктеп, Еске алу кешін жыл сайын осы күні атап өтеміз.

Б.з. 33 жылындағы 14 нисан жұма күніне түскенмен, бұл күн әр жылы аптаның әртүрлі күніне түсіп тұрады. Біз 14 нисан күні үстіміздегі жылдың қай күніне түсетінін қазіргі еврей күнтізбесі бойынша емес, Исаның заманындағы әдісті қолданып анықтаймыз a.

Нан мен шарап

Жаңа мейрамды ендіргенде, Иса Құтқарылу мейрамынан қалған ашытылмаған нан мен қызыл шарапты қолданды (Матай 26:26—28). Оған еліктеп, біз де ашытқысыз және еш қоспасыз нанды қолданамыз. Сондай-ақ біз жүзім шырынын не тәтті, күшейтілген және дәмдеуіш қосылған шарапты емес, таза қызыл шарапты қолданамыз.

Кейбір діни ағымдар ашытқы қосылған нанды пайдаланады, алайда Киелі кітапта ашытқы жиі күнә мен бұзылудың бейнесі ретінде қолданылады (Лұқа 12:1; Қорынттықтарға 1-хат 5:6—8; Ғалаттықтарға 5:7—9). Ендеше тек ашытқысыз және еш қоспасыз нан ғана Мәсіхтің кіршіксіз таза тәнін бейнелей алады (Петірдің 1-хаты 2:22). Киелі кітапқа негізделмеген тағы бір әдет — шараптың орнына ашымаған жүзім шырынын пайдалану. Кейбір діни ағымдар Киелі кітапқа негізделмей, ішімдікке тыйым салатындықтан осылай етеді (Тімөтеге 1-хат 5:23).

Шын тәні мен қаны емес, рәміздер

Еске алу кешінде қолданылатын ашытылмаған нан мен қызыл шарап Исаның тәні мен қанын бейнелейтін рәміздер ғана. Олар, кейбіреулер ойлайтындай, ғажайып түрде Исаның тура мағынадағы тәні мен қанына айналмайды. Осылай деуге Жазбалардан негіз келтірейік.

  • Иса шәкірттеріне қанын ішуді бұйырса, қанды жемеуге қатысты Құдай заңын бұзуға шақырған болар еді (Мұсаның 1-жазбасы 9:4; Елшілердің істері 15:28, 29). Алайда бұлай болуы мүмкін емес. Иса өзгелерге қанның киелілігіне қатысты Құдай заңын бұзуға ешқашан бұйрық бермес еді (Жохан 8:28, 29).

  • Елшілер тікелей мағынада Исаның қанын іше алмас еді, өйткені ол тірі еді, әрі оның қаны әлі төгілмеген болатын (Матай 26:28).

  • Иса “бір рет” құрбандық әкелді (Еврейлерге 9:25, 26). Ал Иеміздің кешкі асы болған сайын нан мен шарап Исаның тура мағынадағы тәні мен қанына айналатын болса, олардан дәм татқандар Исаның құрбандығын қайта-қайта әкелген болар еді.

  • Иса “Мені құрбан ету үшін” емес, “Мені еске алу үшін осылай істеп тұрыңдар” деген (Қорынттықтарға 1-хат 11:24).

Нан мен шарап Исаның тура мағынадағы тәні мен қанына айналады деп сенетіндер бұл ілімді кейбір Киелі кітап тармақтарына негіздейді. Мысалы, Жаңа өмір баспасының аудармасына сай, Иса шарапқа нұсқап: “Бұл — Менің қаным”,— деген (Матай 26:28). Алайда Исаның сөздерін “менің қанымды білдіреді” немесе “менің қанымды бейнелейді b деп те аударуға болады. Иса өз әдетінше, метафора, яки салыстыруды қолданған (Матай 13:34, 35).

Кімдер дәм татады?

Ехоба куәгерлері Иеміздің кешкі асын атап өткенде, олардың кейбірі ғана нан мен шараптан дәм татады. Не себепті?

Исаның төгілген қаны Ехоба Құдай мен ежелгі Исраил халқының арасындағы келісімді ауыстырған “жаңа келісімді” бекітті (Еврейлерге 8:10—13). Сол келісімді жасасқан адамдар Еске алу кешінің рәміздерінен дәм татады. Бұларға мәсіхшілердің барлығы емес, ерекше түрде “шақырылғандары” ғана жатады (Еврейлерге 9:15; Лұқа 22:20). Олар Мәсіхпен бірге көктен билік етеді. Киелі кітапқа сай, бұл мәртебеге тек 144 000 адам ғана ие болады (Лұқа 22:28—30; Аян 5:9, 10; 14:1, 3).

Исамен бірге билік ететіндер “кішкене отар” болса, жерде мәңгі өмір сүруге үміті барлар “ұлы жамағатты” құрайды (Лұқа 12:32; Аян 7:9, 10). Жердегі өмірге үміті барлар Еске алу кешінің рәміздерінен дәм татпаса да, Исаның бәріміз үшін әкелген құрбандығына ризашылық білдіру үшін олар да бұл мейрамға қатысады (Жоханның 1-хаты 2:2).

a Еврейлердің қазіргі күнтізбесінде нисан айы астрономиялық есептеу бойынша жаңа ай пайда болатын кезде басталады. Алайда бірінші ғасырда мұндай есептеу әдісі қолданылмаған. Қайта, нисан айы Иерусалимде жаңа айдың туғаны алғаш көрінгенде басталған. Ал бұл — астрономиялық жаңа айдың пайда болуынан бір не бірнеше күннен кейін болатын құбылыс. Ехоба куәгерлерінің Еске алу кеші қазіргі еврейлердің Құтқарылу мейрамымен әрдайым тұспа-тұс келмейтінінің бір себебі — осы.

b Жаңа өмір баспасы аудармасынан Матай 26:28 тармақтың сілтемесін қараңыз.