Кімдер көкке барады?
Киелі кітаптың жауабы
Құдай Тағала адал қызметшілерінің ішінен шектеулі адамды таңдап алған. Олар қайтыс болған соң, қайта тіріліп, көкте өмір сүреді (Петірдің 1-хаты 1:3, 4). Таңдалғаннан кейін олар көктегі сыйларынан айырылып қалмас үшін өмірлерінің соңына дейін сенімдерін берік сақтап, Құдайдың заң-талаптары бойынша өмір сүрулері керек (Ефестіктерге 5:5; Філіпіліктерге 3:12—14).
Көкке баратындар онда не істейді?
Олар Иса Мәсіхпен бірге патша әрі діни қызметкерлер ретінде 1000 жыл қызмет етеді (Аян 5:9, 10; 20:6). Көкке баратын бұл адамдар “жаңа аспанды”, яғни көктегі үкіметті құрайды және “жаңа жердің”, яғни адамзат қоғамының үстінен билік етеді. Көктегі бұл билеушілер Жаратушы о баста ниет еткендей, адамзатты толық кемеліне жеткізеді (Ишая 65:17; Петірдің 2-хаты 3:13).
Көкке қанша адам барады?
Киелі Жазбаларда көкте өмір сүру үшін 144 000 адамның тірілетіні айтылған (Аян 7:4). Аян 14:1—3 дейінгі тармақтарда елші Жоханның аян көргені жазылған. Ол аянында: “Сион тауында тұрған Тоқтыны көрдім. Қасында... 144 000 тұр екен”,— деп айтқан. Бұл аяндағы “Тоқты” қайта тірілген Иса Мәсіхті бейнелейді (Жохан 1:29; Петірдің 1-хаты 1:19). Ал “Сион тауы” Исаның және онымен бірге көкте билік ететін 144 000-ның жоғары мәртебелі дәрежесін білдіреді (Зәбүр 2:6; Еврейлерге 12:22).
Мәсіхпен бірге билік ету үшін “таңдап алынғандар” Киелі кітапта “кішкене отар” деп аталған (Аян 17:14; Лұқа 12:32). Демек, олардың саны Иса Мәсіхтің қой мінезді қызметшілерінің бәрінің санымен салыстырғанда аз (Жохан 10:16).
Көкке баратындар жайлы жаңсақ пікірлер
Жаңсақ пікір. Жақсы адамдардың бәрі көкке кетеді.
Шындық. Құдай жақсы адамдардың көбісі жерде мәңгі өмір сүреді деп уәде етеді (Зәбүр 37:11, 29, 34).
Жерде болғанда Иса: “Көкке ешбір адам көтерілген емес”,— деген (Жохан 3:13). Осылай ол өзіне дейін қайтыс болған Ыбырайым, Мұса, Әйүп, Дәуіт сияқты адал кісілердің көкке кетпегенін көрсеткен (Елшілердің істері 2:29, 34). Олар жер бетінде өмір сүру үшін тіріледі. Өмір бойы олар осы үмітті арқалап өткен (Әйүп 14:13—15).
Көктегі өмірге қайта тірілу Құдай Сөзінде “алғашқы қайта тірілу” деп аталған (Аян 20:6). Бұл басқа да қайта тірілудің болатынын көрсетеді. Бұл — жердегі өмірге қайта тірілу.
Киелі кітапта Құдай Патшалығы билік еткен кезде “енді қайтып өлім болмайтыны” айтылған (Аян 21:3, 4). Демек, бұл уәде жерде өмір сүретіндерге қатысты. Себебі көкте ешқашан өлім болған емес.
Жаңсақ пікір. Көкте не жерде өмір сүретінін әр адам таңдайды.
Шындық. Құдай Тағала “көктегі өмір сыйын” адал қызметшілерінің қайсысына беретінін өзі шешеді (Філіпіліктерге 3:14). Ендеше, көкке баруға кім таңдалатыны адамның қалауына я атақ-дәрежені қаншалықты көксейтініне байланысты емес (Матай 20:20—23).
Жаңсақ пікір. Көкте өмір сүруге лайықты еместер ғана жерде мәңгі жасайды.
Шындық. Жаратқан Ие жер бетінде мәңгі өмір сүретіндерді “халқым”, “таңдаулыларым”, “Ехоба жарылқаған ұрпақ” деп атайды (Ишая 65:21—23). Олар Құдай Тағаланың адамзатқа қатысты бастапқы ой-ниетін жүзеге асыруға атсалысады. Құдайдың осы ниетіне сай, олар кемелділікке жетіп, жер бетіндегі жұмақта мәңгі ғұмыр кешеді (Мұсаның 1-жазбасы 1:28; Зәбүр 115:16; Ишая 45:18).
Жаңсақ пікір. Аян кітабындағы 144 000 деген сан тура мағынада емес, бейнелі мағынада айтылған.
Шындық. Аян кітабында кейбір сандар бейнелі мағынада қолданылғанымен, 144 000 саны тура мағынада айтылған. Мысалы, онда “Тоқтының 12 елшісінің есімдері жазылғаны” жайлы айтылады (Аян 21:14). Неге 144 000 деген тура мағынадағы сан екенінің бір дәлелін қарастырып көрейік.
Аян 7:4-те “белгі салынғандардың [яғни көкте өмір сүруге таңдалғандардың саны] 144 000 екені” айтылады. Ал одан кейінгі тармақтарда екінші топ жайлы, атап айтқанда, “ешбір адам баласы санай алмайтындай ұлы жамағат” жайлы сөз етіледі. Құдай осы “ұлы жамағатты” да құтқарады (Аян 7:9, 10). Егер 144 000 саны бейнелі мағынада болса, оны саны белгісіз екінші топпен салыстырудың мәнісі болмас еді a.
Оның үстіне, 144 000-ға кіретіндер Киелі кітапта “адамдар арасынан алғашқы өнім ретінде сатып алынғандар” деп сипатталады (Аян 14:4). “Алғашқы өнім” деген сөз үлкен нәрсенің кішкентай бөлігіне нұсқайды. Бұл Иса Мәсіхпен бірге көкте болатындар жер бетінде өмір сүретін сансыз адамдардың үстінен билік жүргізетінін анық көрсетеді (Аян 5:10).
a Киелі кітап зерттеушісі Роберт Томас Аян 7:4-тегі 144 000 санына қатысты осыған ұқсас ой айтқан: “Аян 7:4-те белгілі сан айтылса, Аян 7:9-да белгісіз сан айтылған. Егер бұл екеуі де бейнелі мағынада қолданылған десек, онда Аян кітабындағы бірде-бір сан тура мағынада қолданылған болмай шығады” (“Аян 1—7: An Exegetical Commentary” (ағ.), 474-б.).