Қайта тірілу деген не?
Киелі кітаптың жауабы
Киелі жазбаларда “қайта тірілу” деп аударылған гректің “анастасис” сөзі “тұру”, “көтерілу” дегенді білдіреді. Қайта тірілген адам өлімнен тұрып, бұрын қандай адам болса, дәл сондай болып өмірге оралады (Қорынттықтарға 1-хат 15:12, 13).
Әдетте Тәурат, Зәбүр деп аталатын Еврей жазбаларында “қайта тірілу” сөзі кездеспегенмен, онда соған меңзейтін тармақтар бар. Мысалы, Құдай Ошия пайғамбар арқылы мынадай уәде жаздырған: “Көрдің уысынан оларды босатамын, Өлімнен қайтарып аламын” (Ошия 13:14; Әйүп 14:13—15; Ишая 26:19; Даниял 12:2, 13).
Адамдар қайда тіріледі? Кейбір адамдар Мәсіхпен бірге патша ретінде билік ету үшін көктегі өмірге тіріледі (Қорынттықтарға 2-хат 5:1; Аян 5:9, 10). Киелі кітапта бұл “алғашқы қайта тірілу” және “бірінші қайта тірілу” деп аталады. Бұл сөздерден бұдан басқа тағы бір қайта тірілудің болатынын білуге болады (Аян 20:6; Філіпіліктерге 3:11). Бұл қайта тірілу жер бетінде болады. Қайта тірілетіндердің басым бөлігі жерде өмір сүру үшін тіріледі (Зәбүр 37:29).
Адамдар қалай тіріледі? Құдай Исаға өлгендерді тірілтетін құдірет берген (Жохан 11:25). Иса “қабірдегілердің бәрін” өмірге қайтаратын болады. Олардың әрқайсысын өзіне тән ерекшелігімен, мінез-құлқымен, естелігімен тірілтеді (Жохан 5:28, 29). Көкте өмір сүретіндер рухани денемен тіріледі. Ал жерде өмір сүретіндер тәндік денемен тіріледі, әрі олардың тәні еш кемшіліксіз, мінсіз болады (Ишая 33:24; 35:5, 6; Қорынттықтарға 1-хат 15: 42—44, 50).
Кімдер қайта тіріледі? Киелі кітапта “әділдердің де, әділетсіздердің де қайта тірілетіні” айтылған (Елшілердің істері 24:15). “Әділдерге” Нұх, Сара, Ыбырайым сияқты Құдайдың адал қызметшілері жатады (Мұсаның 1-жазбасы 6:9; Еврейлерге 11:11; Жақып 2:21). Ал “әділетсіздерге” Құдайдың талаптары жөнінде білуге және оны өмірде қолдануға мүмкіндіктері болмағандар жатады.
Алайда зұлымдыққа белшесінен батып, еш өзгермейтіндер қайта тірілмейді. Ондай адамдар өлгенде біржола жойылады (Матай 23:33; Еврейлерге 10:26, 27).
Қайта тірілу қашан болады? Киелі кітапта алдын ала айтылғандай, көкте өмір сүретіндер Мәсіх осында болатын кезде (бұл кез 1914 жылы басталды) тіріледі (Қорынттықтарға 1-хат 15:21—23). Ал жерде өмір сүретіндер Иса Мәсіхтің мыңжылдық патшалығы кезінде, жерде жұмақ орнаған кезде, тіріледі (Лұқа 23:43; Аян 20:6, 12, 13).
Қайта тірілудің болатынына неге сене аламыз? Киелі жазбаларда тоғыз адамның қайта тірілгені жайлы жазылған және осы оқиғаларды өз көздерімен көрген адамдар болған (Патшалар 1-жазба 17:17—24; Патшалар 2-жазба 4:32—37; 13:20, 21; Лұқа 7:11—17; 8:40—56; Жохан 11:38—44; Елшілердің істері 9:36—42; 20:7—12; Қорынттықтарға 1-хат 15:3—6). Әсіресе Исаның Елазарды тірілткені көңіл қоюға тұрарлық. Елазардың өлгеніне төрт күн болғанда, Иса жұрт алдында керемет жасап оны тірілтті (Жохан 11:39, 42). Бұны тіпті Исаның қарсыластары да жоққа шығара алмады. Сондықтан олар Иса мен Елазардың көзін кұртуды ойластырды (Жохан 11:47, 53; 12:9—11).
Киелі кітаптан білетініміздей, Құдай Тағаланың өлгендерді қайта тірілтуге құдіреті де жетеді, ықыласы да бар. Ол қайта тірілткісі келетін адам жайлы барлық мәліметті біледі, өйткені оның есте сақтау қабілеті шексіз (Әйүп 37:23; Матай 10:30; Лұқа 20:37, 38). Иә, Құдай өлгендерді тірілткісі келеді әрі тірілте алады да! Киелі кітапта Құдайдың бұл қалауы жайында: “Сен өз қолыңнан шыққан жаратылысты көруді аңсайсың”,— делінген (Әйүп 14:15).
Қайта тірілу жайлы жаңсақ пікірлер
Жаңсақ пікір: Қайта тірілу деген — жан мен тәннің бірігуі.
Шындық: Киелі кітапта “жан” деген сөз өлгеннен кейін адамның денесінен бөлек өмір сүретін жанды емес, адамның өзін білдіреді (Мұсаның 1-жазбасы 2:7, сілтеме; Езекиел 18:4). Адам қайта тірілген кезде, бұрынғы жанымен бірікпейді, қайта, тірі жан болып қайта жаратылады.
Жаңсақ пікір: Кейбір адамдар қайта тіріле сала жойылып кетеді.
Шындық: Киелі кітапта “зұлымдық жасағандардың сотталу үшін тірілетіні” айтылған (Жохан 5:29). Алайда олар өлгенге дейінгі істері үшін емес, қайта, тірілгеннен кейінгі істері үшін сотталады. Иса: “Құдай Ұлының даусын еститін уақыт келе жатыр... Ал оған құлақ асқандар өмір сүреді”,— деген (Жохан 5:25). Қайта тірілгеннен кейін Исаға құлақ асатындардың есімдері “өмір шиыршығына” жазылады (Аян 20:12, 13).
Жаңсақ пікір: Адам өлгенге дейінгі денесімен тіріледі.
Шындық: Адам өлгенде денесі шіріп, топыраққа айналады (Уағыздаушы 3:19, 20).