Әдебиет арбасына асыққан иттер
ОРЕГОН штатында тұратын Ник деген кісі өзінің оқиғасын былай деп қағазға түсірді: “Бұл 2014 жылдың жайма-шуақ көктем кезі еді. Мен кішкентай екі итімді ертіп, қаланың орталығымен келе жаттым. Ол жерде әдеттегідей әдебиет арбалары мен Куәгерлер тұрды. Олар әдемі киініп, ары-бері өтіп жатқан адамдарға жылы жүзбен жымиып тұрды.
Куәгерлер адамдарға ғана емес, менің иттеріме де назар аударды. Бір күні тағы сол арбаның қасынан өтіп бара жатқанымда, сол жерде тұрған Илан деген әйел менің екі терьер итіме печенье берді. Содан бастап менің иттерім сол жерден өткен сайын, печенье жеу үшін әдебиет арбасына қарай жұлқынатын да тұратын.
Осылай айлар өтіп жатты. Иттерім печеньенің рақатын көріп жүргенде, мен Куәгерлермен бір-екі ауыз сөз алмасып жүрдім. Бірақ мен оларға тым жақын болып кеткім келмеді. Жасым болса жетпістен асып кеткен еді, әрі Куәгерлердің сенімі жайлы аса көп білмейтінмін. Оның үстіне, протестант шіркеуінен көңілім қалғаны да бар еді. Сондықтан Киелі кітапты зерттесең, өз бетіңше зерттегенің дұрыс деп ойлайтынмын.
Мен әдебиет арбасымен тұрған Куәгерлерді қаланың басқа бұрыштарынан да кездестіріп жүрдім. Олардың да жүздері нұр шашып тұратын. Куәгерлер қойған сұрақтарыма ылғи да Киелі кітаптан жауап беретін. Осылай олармен жақынырақ танысып, көзқарасым да жақсы жаққа өзгере бастады.
Бір күні Илан менен: “Жануарларды бізге Құдай сыйлағанына сенесіз бе?”— деді. Мен: “Иә, әрине!”— дедім. Сосын ол Ишая 11:6—9 дейінгі тармақтарды оқып берді. Осы сөздерден кейін менің Киелі кітапты зерттегім келіп кетті. Десе де Куәгерлерден әдебиет алуға әлі де тартынатынмын.
Содан кейін мен Илан және оның күйеуі Брентпен қысқа да болса мағыналы тақырыптарда әңгімелесіп жүрдім. Олар маған шынайы мәсіхші қандай болатынын білу үшін, Матай кітабынан бастап Елшілердің істеріне дейін оқып көруді ұсынды. Солай еткеннен кейін көп ұзамай, мен Брент және әйелі Иланмен Киелі кітапты зерттеуге келістім. Бұл 2016 жылдың жаз айы еді.
Мен апта сайын Киелі кітапты зерттейтін және Патшалық сарайындағы қауым кездесулеріне баратын уақытты асыға күтетінмін. Киелі кітап шын мәнінде неге үйрететінін біліп жатқаным мен үшін бата әрі бақыт еді! Бір жылдан сәл аса мен шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болдым. Қазір жасым жетпіс тоғызда әрі хақ жолда жүргеніме еш күмәнім жоқ. Ехоба мені бағышталған қызметшілерінен тұратын отбасына қабылдағаны үшін шексіз ризамын!”