Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Ехобаға қызмет ету өмірімді мән-мағынаға толтырды

Ехобаға қызмет ету өмірімді мән-мағынаға толтырды

МЕН 1951 ЖЫЛЫ Канаданың Квебек провинциясындағы Руэн деген кішкентай қалаға келдім. Маған берілген мекенжайға келіп, есікті қақтым. Есікті Ғалақат мектебін бітірген Марсель Фильто a деген миссионер ашты. Ол 23 жастағы бойы ұзын ер бауырлас болатын, ал мен бойым кішірек 16 жасар балақай едім. Мен оған ізашар болып тағайындалғаным жайлы хатты көрсеттім. Сол кезде ол хатты оқып, маған қарады да: “Осында келгеніңді мамаң білетін шығар, иә?”— деп әзілдеді.

ҮЙДЕГІ ЖАҒДАЙ

Мен 1934 жылы дүниеге келдім. Ата-анам Канаданың Онтарио провинциясындағы кен өндіретін Тимминс қаласына Швейцариядан көшіп келген. 1939 жылдары анам “Күзет мұнарасы” журналын оқи бастады. Кейін Ехоба куәгерлерінің қауымына барып жүрді. Сол кездесулерге мені және алты бауырымды да ала баратын. Сөйтіп жүріп, көп ұзамай анам Ехоба куәгері болды.

Әкем анамның бұл шешімін мақұл көрмеді. Бірақ анам шындықты қатты жақсы көрді және шындықтан еш ажырамады. Тіпті 1940 жылдардың басында Канадада Ехоба куәгерлерінің ісіне тыйым салынған кезде, анам Ехобаға адал болып қалды. Әкем жекіп сөйлеп, ұрсып жатса да, анам оған құрмет танытуын доғармады. Анамыздың тамаша үлгісінің арқасында мен де, алты бауырым да шындыққа келдік. Қуанышқа орай, уақыт өте әкеміздің жүрегі жібіп, бізге жақсы қарай бастады.

ТОЛЫҚ УАҚЫТТЫ ҚЫЗМЕТКЕ АЯҚ БАСУЫМ

1950 жылдың жазында Нью-Йорк қаласында өткен “Теократияның өсуі” деген конгреске бардым. Сол кезде жан-жақтан келген бауырластармен араласып, Ғалақат мектебін бітірген түлектердің сұхбатын естіп, Ехобаға көбірек қызмет еткім келіп кетті! Сол сәттен бастап Ехобаға толық уақыт қызмет етемін деп бекіндім. Конгрестен кейін үйге келе сала тұрақты ізашар болуға өтініш толтырдым. Канада филиалы өтінішіме жауап жазып, алдымен шомылдыру рәсімінен өтуім керектігін айтты. Сөйтіп, сол жылдың 1 қазанында шомылдыру рәсімінен өттім. Бір айдан кейін тұрақты ізашар болып, Капасказинг қаласына тағайындалдым. Ол қала мен тұрып жатқан жерден әжептеуір алыста еді.

Квебекте қызмет етіп жүрген кезім

Француз тілінде сөйлейтін Квебек провинциясында үлкен қажеттілік болды. Сондықтан филиал 1951 жылдың көктемінде француз тілін білетін Куәгерлерді сол жаққа көшуге талпындырды. Мен француз тілінде де, ағылшын тілінде де сөйлеп өскендіктен, бұл шақыруды қабыл алдым. Сөйтіп, Руэн қаласына тағайындалдым. Мен ол жақта ешкімді білмейтінмін. Қолымда бары сол жоғарыда айтқан мекенжай ғана еді. Барғаннан кейін, бәрі мен ойлағаннан да керемет болды. Марсель бауырлас екеуміз жақын дос болып кеттік. Мен Квебекте тұрақты ізашар, кейінірек арнайы ізашар болып бас-аяғы 4 жыл қызмет еттім.

ҒАЛАҚАТ МЕКТЕБІ МЕН ҰЗАҚ КҮТТІРГЕН ҮМІТ

Квебекте жүргенімде Ғалақат мектебінің 26-сыныбына шақырылдым. Сол кезде жүрегім жарылардай қуанғаным-ай! Нью-Йорктің Саут-Лансинг қаласында өткен бұл мектепті 1956 жылы 12 ақпанда бітіріп шықтым. Мені Батыс Африкадағы қазір Гана b деп аталатын елге тағайындады. Бірақ ол жаққа бармас бұрын Канадаға оралып, қажетті құжаттарды дайындауым керек болды. Бұл тірлікке әрі кетсе бір-екі апта кетеді деп ойлаған едім.

Сөйтіп, бір-екі аптам жеті айға созылды. Торонтода құжаттарымды күтіп жүргенде, Криппс отбасының үйінде тұрдым. Олардың Шейла деген қызы бар еді. Екеуміз бір-бірімізді ұнатып қалдық. Оған үйленуді ұсынамын деп жүргенде, визам дайын болып қалды. Шейла екеуміз дұға етіп, біраз ойланған соң, менің Ганаға кете бергенім дұрыс болар деп шештік. Бірақ екеуміз хат жазысып тұрамыз деп уәделестік. Үйленуге қатысты не істейтінімізді кейінірек көре жатармыз дедік. Әрине, бұндай шешімге келу оңай болған жоқ, бірақ бұл шешімнің дұрыс болғанын уақыт өте түсіндік.

Пойызбен, жүк кемесімен, ұшақпен жол жүріп, бір ай дегенде Гананың Аккра қаласына жеттім. Ол жерде мен облыстық бақылаушы болып қызмет еттім. Мен бүкіл Гананы, Кот-д’Ивуарды (бұрынғы Піл сүйегі жағалауы) және Тогоны (бұрынғы Тоголенд) аралап, сапар жасадым. Сол кездері мен көбінесе Бетел берген джиппен жалғыз өзім жүретінмін. Бұл қызметімді мен қатты жақсы көрдім!

Сенбі, жексенбі күндері мен аудандық конгрестерде қызмет ететінмін. Конгресс сарайларымыз атымен жоқ еді. Сондықтан бауырластар шақшиған күннен қорған болу үшін бамбуктарды жерге қадап, төбесін пальма бұтақтарымен жауып қоятын. Осылай уақытша шатыр жасайтын. Тоңазытқыш болмағандықтан, бауырластар делегаттарды тамақтандыру үшін сол жерде мал сойып, тамақ дайындайтын.

Сол конгрестерде небір қызық жағдайлар болатын. Бірде миссионер Хёрб Дженнингс c бауырлас баяндама айтып тұрды. Сол кезде түскі аста сойып жейміз деген өгізіміз сахна жаққа қарай жүгіріп шықты. Хёрб бауырласқа баяндамасын тоқтата тұруға тура келді. Ал өгіз қайда барарын білмей әрі-бері жүгіріп жүргенде, білекті төрт бауырлас төрт жағынан келіп, оны алып кетті. Ал бауырластар болса қол соғып, шапалақтап жатты.

Конгрестер кезінде апта ішінде мен көрші ауылдарға барып, “Жаңа дүние қоғамы әрекет етуде” деген фильмді көрсететінмін. Ол үшін ақ матаны екі бағанаға не екі ағашқа керіп жіберіп, үстіне проектор түсіретінмін. Ауылдағы адамдар бұл фильмді қатты ұнататын! Көбісі осы кезде фильм дегенді өмірлерінде бірінші рет көрген. Олар фильмде шомылдыру рәсімінен өтіп жатқан көріністер болғанда ерекше қол соғатын. Осы фильмнің арқасында адамдар біздің бірлігі жарасқан дүниежүзілік ұйым екенімізді көрді.

Шейла екеуміздің үйленген күніміз, 1959 жыл

Африкада екі жылдай қызмет еткен соң, 1958 жылы Нью-Йоркте өткен халықаралық конгреске бардым. Сол жерге Квебектен Шейла да келгенін көргенде, қуаныштан жүрегім тулап кетті! Ол уақытта Шейла арнайы ізашар болып жүрген еді. Екеуміз байланысты үзбей, хат алмасып жүргенбіз. Бірақ мен осы кездескенімізді пайдаланып, оған үйленуге ұсыныс жасадым. Ол ұсынысымды қабылдады. Кейін мен Норр d бауырласқа хат жазып, Шейланы Ғалақат мектебіне шақырып, кейін менің қасыма Ганаға тағайындай аласыздар ма деп сұрадым. Норр бауырлас келісті. Сөйтіп, Шейла мен жаққа келді. Екеуміз Аккрада 1959 жылы 3 қазан күні үйлендік. Осы кезде Патшалықты бірінші орынға қойғанымыз үшін Ехоба бізге батасын беріп жатқанын сездік.

КАМЕРУНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІМІЗ

Камерун филиалында қызмет етіп жүрген кезім

1961 жылы Шейла екеуміз Камерунға тағайындалдық. Ол жақта жаңа филиал ашылып жатқандықтан, атқаратын істер бастан асатын. Филиал қызметшісі ретінде үйренерім де көп еді. Бірақ 1965 жылы Шейланың жүкті екенін білдік. Шыны керек, ата-ана боламыз деген ойдың өзіне үйрене алмай біраз жүрдік. Бірақ бұл өзгерісті қабылдап, баламыз болатынына қуанып, Канадаға ораламыз деп жүргенде, сұмдық бір жағдай болды.

Іште жатқан баламыз дүниеге келмей жатып шетінеп кетті. Дәрігер оның ұл болғанын айтты. Содан бері 50 жылдай өтсе де, біз оны ешқашан ұмытқан жоқпыз. Бұл қайғы еңсемізді басып тұрса да, Канадаға оралмай Камерунда сүйікті қызметімізді атқара береміз деп шештік.

Шейла екеуміз Камерунда жүрміз, 1965 жыл

Камерундағы бауырластар саяси бейтараптықтары үшін жиі қуғынға ұшырайтын. Президент сайлауы кезінде жағдай тіптен ушықты. Сөйтіп, қорыққанымыздай-ақ 1970 жылы 13 мамырда Ехоба куәгерлерінің ісіне ресми түрде тыйым салынды. Бес ай бұрын ғана кірген әп-әдемі филиалымызды үкімет тәркілеп алды. Шейла екеумізбен қоса, барлық миссионерлерді де бір аптаның ішінде елден қуып шықты. Жанымызға жақын болып кеткен камерундық бауырластарымызды тастап кету өте ауыр болды. Олардың жағдайы қалай болар екен деп қатты уайымдадық.

Біз Франция филиалына барып, сол жерде алты ай қызмет еттік. Сол жақта мен Камерундағы бауырластарға көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасадым. Кейін сол жылдың желтоқсанында біз Нигерия филиалына тағайындалдық. Камерундағы Патшалық ісіне осы филиал жауапты болатын болды. Нигериядағы бауырластарымыз бізді жылы қарсы алды. Сол жерде біз бірнеше жыл қызмет еттік.

ӨМІРІМІЗДЕГІ ЕҢ ҚИЫН ШЕШІМ

1973 жылы біз өте қиын шешімнің алдында тұрдық. Шейланың денсаулығы кәдімгідей сыр бере бастады. Нью-Йоркте өткен конгресте жүргенімізде, ол маған жылап тұрып: “Менің еш әлім қалмады, ауырып жүргеніме қанша уақыт болды. Бұл қызметті әрі қарай атқара аламын ба, білмеймін”,— деді. Шейла менімен бірге Батыс Африкада 14 жылдай қызмет етті. Адал қызметі үшін мен оған өте риза болдым. Бірақ Шейланың денсаулығына қатысты бір нәрсе істеуіміз керектігін түсініп, екеуміз бұл жайлы көп сөйлестік, көп дұға еттік. Сөйтіп, біз Канадаға ораламыз деп шештік, өйткені ол жақта денсаулықты күтуге жағдай бар еді. Миссионер ретіндегі толық уақытты қызметімізден бас тарту өміріміздегі ең қиын шешім болды. Сол кездегідей біз ешқашан қиналмаған шығармыз.

Канадаға оралған соң, мен досымның автосалонына жұмысқа тұрдым. Бұл салон Торонтоның солтүстігіндегі қалада орналасқан еді. Шейла екеуміз пәтер жалдап тұрдық, бұрын қолданыста болған жиһаздарды сатып алдық. Не керек, қарызға кірмеудің бар амалын жасадық. Күндердің күнінде толық уақытты қызметімізге ораламыз деген үмітпен мейлінше қарапайым өмір сүруге тырыстық. Бұл арманымыз соншалықты тез арада орындалады деп кім ойлаған!

Мен сенбі күндері Норвалдағы жаңа Конгресс сарайының құрылысына қатысып жүрдім. Кейінірек мен сол Конгресс сарайының бақылаушысы болып тағайындалдым. Шейланың денсаулығы жақсарып қалғандықтан, бұл жаңа қызметті атқаруға шамамыз жетеді деп ойладық. Сөйтіп, 1974 жылдың маусымында Конгресс сарайындағы бөлмеге көшіп бардық. Осылай толық уақытты қызметке қайтадан кірісіп кеткенімізге сондай қуандық!

Шейланың денсаулығы күн санап жақсарып жатты. Екі жылдан кейін, біз аудандық қызметке тағайындалдық. Біздің ауданымыз Канаданың Манитоба провинциясы еді. Ол жердің қысы өте суық болатын, бірақ бауырластардың ыстық сүйіспеншілігі бізді тоңдырмады. Түсінгеніміз, қай жерде жүргенің емес, қай жерде жүрсең де, Ехобаға қызмет ете бергенің маңызды екен.

АЛҒАН МАҢЫЗДЫ САБАҒЫМ

Аудандық қызметте бірнеше жыл болған соң, біз 1978 жылы Канада Бетеліне қызмет етуге шақырылдық. Көп ұзамай мен ауыр тисе де, бір маңызды сабақ алдым. Бірде мен Монреальда өтетін арнайы кездесуде француз тілінде бір жарым сағаттық баяндама айтатын болдым. Айтқан баяндамамнан тыңдап отырған бауырластар ұйықтап кете жаздады. Сол үшін қызмет бөлімінен бір ер бауырлас маған кеңес берді. Анау айтқандай күшті баяндамашы емес екенімді сол кезде де түсінгенімде ғой! Содан не керек, мен ол бауырластың кеңесін дұрыс қабылдамадым. Екеуміз сөзге келіп қалдық. Мені тек сынап-мінеді, бір ауыз сөз айтып мақтамады да деп оған қатты ренжідім. Сол кездегі қателігім — мен кеңестің қалай берілгеніне және кеңесті берген адамға көп мән беріп кеттім.

Француз тілінде баяндама айтқан кезде алған сабағым

Бірнеше күннен кейін филиал комитетіндегі бауырлас мені шақырып алып, болған жағдай жайлы сөйлесті. Мен оған берілген кеңесті дұрыс қабылдамағанымды және сол үшін өкінетінімді айттым. Кейін маған кеңес берген бауырласпен сөйлестім. Ол кешірімімді қабылдап, маған түсінікпен қарады. Маған кішіпейілділіктің маңыздылығын үйреткен осы жағдайды ешқашан ұмытпаспын (Нақ. с. 16:18). Содан бері Ехобаға бұл жайлы көп рет дұға еттім және қандай кеңес берілсе де, дұрыс қабылдаймын деп бел байладым.

Канада филиалында қызмет етіп жатқаныма 40 жылдан асты. 1985 жылдан бері филиал комитетінде қызмет етіп келемін. 2021 жылдың ақпанында Шейладан айырылып қалдым. Бұл қайғыммен қоса, қазір денсаулығыммен күресемін. Бірақ Ехобаға деген қызметтен қуаныш тауып жүргендіктен, “қиыншылықтарымды еске ала бермеймін” (Уағ. 5:20). Өйткені өмірде көрген қиындықтарымнан гөрі қуанышты сәттерім әлдеқайда көп. Ехобаны бірінші орынға қойып, 70 жыл бойы атқарған толық уақытты қызметім өмірімді мән-мағынаға толтырды. Қазіргі жас бауырластарым да Ехобаны бірінші орынға қойса екен деп дұға етемін. Өйткені Ехобаға қызмет еткен кезде ғана өміріміз қуаныш пен шаттыққа толы болатынын өз басымнан білемін.

a Марсель Фильто бауырластың өмірбаянын 2000 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 ақпандағы санынан (ор.) оқуға болады.

b 1957 жылға дейін Алтын жағалау деп аталған Африканың бұл аумағы Британияның колониясы болған.

c Херберт Дженнингс бауырластың өмірбаянын 2000 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 желтоқсандағы санынан (ор.) оқуға болады.

d Сол уақыттары Нейтан Норр ұйымға жетекшілік еткен.