Сіз білгенсіз бе?
Жүністің заманынан кейін Ниневиямен не болды?
Б. З. Б. VII ғасырда Ассирия әлемдегі ең ірі империяға айналды. Британия музейінің веб-сайты былай дейді: “Ассирияның батысы Кипрді алып жатса, шығысы Иранды алып жатқан. Бір кездері оның аймағына тіпті Мысыр елі де кірген”. Ал оның астанасы Ниневия болса әлемдегі ең үлкен қала болған. Ол қала әдемі-әдемі монументтерімен, көз жауын алатын бау-бақшаларымен, зәулім сарайларымен және өте үлкен кітапханаларымен мақтанатын. Ежелгі Ниневия қаласының қабырғаларына қашап жазылған жазуларынан көрінетіндей, Ашшурбанипал патша Ассирияның өзге патшалары сияқты өзін “әлемнің патшасы” деп атаған. Сол кездері Ассирия мен Ниневияны ешкім жаулап ала алмайтындай көрінетін.
Ассирия патшалығы дүркіреп тұрған кезде Ехоба Софония арқылы мынадай пайғамбарлық айтты: “Құдай... Ассирияны жояды, Ниневияны қаңыратып, шөл даладай қуратып тастайды”. Сондай-ақ ол Нағұм пайғамбар арқылы былай деді: “Күмісті тонаңдар, алтынды олжалаңдар!...Қала ел-жұртсыз, қаңырап, қирап жатыр!...Көргендердің бәрі сенен қашып: —Ниневия тас-талқан болды!— дейтін болады” (Соф. 2:13; Нағ. 2:9, 10; 3:7). Бұл пайғамбарлықты естіген адамдар “дүркіреп тұрған осындай империяның құлауы мүмкін бе, бұл мүмкін емес сияқты” деп ойлаған шығар.
Адамдар бұл мүмкін емес деп ойласа да, б. з. б. VII ғасырдың соңында Ассирияны бабылдықтар мен мидиялықтар жаулап алды. Сөйтіп, Ниневия қаңырап бос қалды, ақыр аяғында адамдардың жадынан да өшіп кетті! Нью-Йорктегі Метрополитен көркемөнер мұражайының орта ғасыр жайлы бір әдебиетінде былай делінген: “Бұл қала қаңырап, мәңгілікке жердің астына кетті. Оның “Ниневия” деген аты тек Киелі кітап беттерінде ғана қалды”. Киелі кітаптық археологиялық қоғамның онлайн мұрағатына сай, ұлы Ассирияның осындай астанасы шынымен бар болғаны жайлы 1800 жылдардың басында ешкім білмеді де. Бірақ 1845 жылы Остин Генри Лэйард деген археолог Ниневия орналасқан өңірде қазба жұмыстарын жүргізе бастады. Қазба жұмыстары Ниневия қаласының шынымен болғанын және оның кезінде ұлы қала болғанын көрсетті.
Демек, Ниневияға қатысты пайғамбарлықтар қалай тура орындалса, бүгіндегі саяси күштер жойылады деген пайғамбарлықтар да дәл солай орындалады (Дан. 2:44; Аян 19:15, 19—21).