Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Киелі кітаптың уақытқа бағынбас даналығы

Киелі кітаптың уақытқа бағынбас даналығы

ЕЛЕСТЕТІП КӨРІҢІЗ, сіз тарихи жәдігерлерге толы мұражайдың ішінде жүрсіз. Жәдігерлердің көбісі жел мен жаңбырдан мүжілген не түсі оңып кеткен. Ал кейбір ескерткіштердің қиқымдай ғана бөлшектері қалған. Бір кезде еш бүлінбеген, бүп-бүтін бір жәдігерді көресіз. Сонда мұражай қызметкерінен: “Бұл басқаларға қарағанда жаңалау ма?”— деп сұрайсыз. Ол: “Жоқ. Керісінше, ең көнесі. Оның үстіне, ол ешқашан өңдеуден өтпеген”,— деп жауап береді. Сіз: “Демек, ол ерекше жағдайда сақталған ғой?”— дерсіз. Бірақ: “Жоқ, бұл жәдігер дүлей дауылды да, нөсер жауынды да көрген. Тіпті бұзақылар оны көп рет жойып жібергісі келген”,— деген жауапты естисіз. Сол кезде сіз таңғалып: “Ол сонда неден жасалған?”— деп сұрарсыз.

Киелі кітап дәл осындай жәдігерге ұқсайды. Ол көнелігі жағынан басқа кітаптардың көбісінен асып түседі. Бірақ сол көп кітаптар мұражайдағы бүлінген жәдігерлер сияқты уақыт қысымына шыдай алмаған. Оларда келтірілген ғылыми деректер бүгінгі зерттеулерге қайшы келеді. Ал медициналық кеңестерінің пайдасынан гөрі зияны көп. Сондай-ақ көне жазбалардың кей бөліктері жоғалып не қатты бүлініп, көбісі бүтін сақталмаған.

Ал Киелі кітап туралы олай дей алмаймыз. Ол 3500 жылдай бұрын жазылса да, біздің күнімізге сап-сау күйінде жеткен. Ғасырлар бойы ол талай шабуылға ұшырап, адамдар оны өртеп, оқуға тыйым салып, түкке тұрғысыз санаса да, ішіндегі сөздері қаз-қалпында сақталған. Киелі кітап бүгінгі заманауи білімнен қалыс қалмақ түгілі, оларды басып озады. (“Заманынан қалған ба, озған ба?” деген қоршауды қараңыз.)

БҮГІНДЕ АДАМДАРҒА АУАДАЙ ҚАЖЕТ ҚАҒИДАЛАР

Бәлкім, сіз: “Қазіргі заманда Киелі кітап тәлімдері шынымен де пайдалы ма?”— деп сұрарсыз. Бұл сұрақтың жауабын табу үшін мына жайлы ойланып көрейік: Бүгін адамдар қандай ауыр қиындықтарға кезігуде? Олардың ішінде ең ауыры қайсысы? Ойыңызға соғыстар, жердің ластануы, қылмыс не парақорлық келетін шығар. Қазір осы проблемаларды ойда ұстай отырып, Киелі кітаптағы кейбір қағидаларды қарастырып көрейік. Қарастыру барысында: “Адамзат осы қағидаларды ұстанып өмір сүргенде, дүниедегі жағдай жақсы болар ма еді?”— деп ойланып көріңіз.

БЕЙБІТСҮЙГІШ БОЛУ

“Татуластырушылар бақытты, өйткені олар Құдайдың балалары деп аталады” (Матай 5:9). “Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар” (Римдіктерге 12:18).

МЕЙІРІМДІ ЖӘНЕ КЕШІРІМДІ БОЛУ

“Мейірімділер бақытты, өйткені оларға мейірім көрсетіледі” (Матай 5:7). “Егер әлдекімнің біреуге ренжуге себебі болса да, өзара төзімді болып, бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер. Ехобаның * өздеріңді кеңпейілмен кешіргеніндей, сендер де солай етіңдер” (Қолостықтарға 3:13).

ҰЛТ ПЕН НӘСІЛГЕ БӨЛМЕУ

“Бүкіл жер бетін мекендесін деп, [Құдай] бір адамнан күллі халықтарды шығарды” (Елшілердің істері 17:26). “Құдай ешкімді алаламайтынын енді шынымен біліп алдым. Ол өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады” (Елшілердің істері 10:34, 35).

ЖЕРДІ КҮТІП-БАПТАУ

“Ехоба Құдай адамды Едем бағын өңдеп, күтіп-бағу үшін сонда орналастырды” (Мұсаның 1-жазбасы 2:15). Құдай “жерді бүлдіргендерді құртады” (Аян 11:18).

АШКӨЗДІК ПЕН АЗҒЫНДЫҚТЫ ЖЕК КӨРУ

“Байқаңдар, ашкөздік атаулыдан аулақ болыңдар. Себебі адамның өмірі дүниесінің молдығына байланысты емес” (Лұқа 12:15). “Араларыңда азғындық, әрқилы арам істер мен ашкөздіктің тіпті аты да аталмасын. Өйткені бұл қасиетті адамдарға лайық емес” (Ефестіктерге 5:3).

АДАЛ, ЕҢБЕКҚОР БОЛУ

“Біз барлық жағдайда адал жүріп-тұрғымыз келеді” (Еврейлерге 13:18). “Ұры болған енді ұрламасын, қайта,.. өз қолымен адал еңбек етсін” (Ефестіктерге 4:28).

КӨМЕККЕ МҰҚТАЖ АДАМДАРҒА ҚОЛ ҰШЫН БЕРУ

“Жаны күйзеліп жүргендерді жұбатыңдар, әлсіздерді қолдаңдар, барлық адамдарға төзімді болыңдар” (Салоникалықтарға 1-хат 5:14). “Жапа шеккен жетім-жесірлерге қамқорлық жасаңдар” (Жақып 1:27).

Киелі кітап осы қағидалар тізімін беріп қана қоймай, оларды бағалап, күнделікті өмірде қалай қолдануға болатынын да үйретеді. Көпшілік жоғарыда айтылғандарды ұстанса, дүниедегі жағдай әлдеқайда жақсы болар еді, солай емес пе?! Киелі кітапта жазылған ақыл-кеңестер еш көнерген жоқ, қайта, әсіресе қазіргі заман үшін тиімді. Олай болса, Киелі кітап сізге дәл қазір қалай көмектесе алады?

КИЕЛІ КІТАП СІЗГЕ ҚАЗІР ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕ АЛАДЫ?

Жер бетінде өмір сүрген ең дана адам: “Даналық істерімен дәлелденеді”,— деген екен (Матай 11:19). Бұл сөздермен сіз де келісетін шығарсыз. Нағыз даналық тек өмірде қолданғанда ғана байқалады. Бәлкім, сіз: “Ал Киелі кітап ше? Оның да әсері өмірімізден байқалу керек емес пе? Ол дәл қазіргі қиындықтарымды шешіп бере ала ма?”— деп ойларсыз. Қазір бір жағдайды қарастырып көрейік.

София * деген бір әйел өмірдің қызығын көріп, бақытты күн кешіп жатты. Күтпеген жерден бір қасірет екіншісіне ұласып кете барды. Алдымен жасөспірім қызы көз жұмды, сосын некесі ойран болды, кейін бір демде бар мүлкінен айырылып қалды. Ол былай дейді: “Қызымнан, күйеуімнен, үйімнен айырылып, қу басым қалғанда, өзімді тірі өліктей сезіндім. Қайда қалғанымды білмей дал болған менде не күш, не өмір сүруге деген ықыласым болмады”.

Осы кезде София мына сөздердің растығын бірінші рет түсінгендей болды: “Ғұмырымыз жетпіс жасқа созылар, қауқарымыз мол болса, сексенге барар, әйтсе де қайғы-қасірет бар көреріміз; өмір зымырап өтеді де, ғайып боламыз” (Зәбүр 90:10).

Қиындықтарынан қасірет шеккен уақытта София жұбанышты Киелі кітаптан тапты. Бұл кітаптағы кеңестердің арқасында ол керемет жетістіктерге қол жеткізді. Келесі үш мақалада да Киелі кітаптың көмегімен қиындықтарын жеңген адамдардың оқиғалары келтіріледі. Олар Киелі кітаптың мұражайдағы сол бір ерекше жәдігерге ұқсайтынына өз өмірлерінде көз жеткізген. Бұл кітап ескіріп, заманнан қалыс қалған кітаптар сияқты емес. Неге? Ерекше материалдан жасалғандықтан ба? Бәлкім, Киелі кітапта адамның емес, Құдайдың ойы жазылғандықтан болар? (Салоникалықтарға 1-хат 2:13).

Өмір қамшының сабындай қысқа және қиындықтарға толы екенін сіз де көріп жатқан шығарсыз. Проблемалар алқымыңыздан алғанда, жұбаныш пен демеуді, тиімді ақыл-кеңесті қайдан таба аласыз?

Қазір Киелі кітап өмірдің қандай негізгі үш саласында сізге зор көмек бола алатынын көрейік. Ол сізді мынаған үйретеді:

1) мүмкіндігінше проблемалардың алдын алу

2) туындаған проблемаларды шешу

3) өзгертуге келмейтін жағдайларда төзімді болу

Келесі мақалалар осы үш арнада өрбитін болады.

^ 10-абзац Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі (Зәбүр 83:18).

^ 24-абзац Осы және келесі үш мақаладағы кейбір есімдер өзгертілген.