Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Дұға жайында ой-пікір

Дұға жайында ой-пікір

“Мен дұға қылғанда, Жаратушым қасымнан табылып, дүниеден баз кешкен мені қолымнан ұстап, жетелеп бара жатқандай сезінемін” (МӘРИЯМ).

“Менің әйелім аты жаман аурумен 13 жыл бойы арпалысып, ақыры көз жұмды. Қайғыдан Құдайға жалбарынбаған бір күнім болмады. Ол күйзелген зарымды тыңдап жатқанын сезетінмін. Содан жаным тыныш табатын” (РИЗАТ) *.

“Дұға — Тәңірдің адамдарға тарту еткен таңғажайып сыйы” (АРОН).

Мәриям, Ризат, Арон сияқты жандар дұғаны Алладан келген сый деп біледі. Дұға арқылы олар Тәңірмен тілдеседі, ризалықтарын білдіреді, көмек сұрайды. Сондай-ақ олар дұға туралы айтылған Киелі жазбалардағы мына сөздерге нық сенеді: “Оның еркіне сай не сұрасақ та, Құдайдың бізге құлақ асатынына кәміл сенеміз” (Жоханның 1-хаты 5:14).

Алайда бұл сөздермен келісе қоймайтындар да бар. Солардың бірі — Стивен. Мұның себебін ол былай түсіндіреді: “17 жасымда үш досым оқыс оқиғалардан қайтыс болды. Біреуі көлік апатынан, ал екеуі суға батып кетті. Сол кездері мен Құдайға жалбарынып, “неге бұлай болды?” деп сұрай бердім. Бірақ ешқандай жауап алмадым. Сонда мен: “Дұғам далаға кетіп жатса, оны айтып не қылам?!”— деп ойладым”.

Дұғалары жауапсыз қалғандай көрінгенде, көбісі дұғаның күшіне сенуді қояды. Басқа себептермен де дұға еткісі келмейтіндер бар. Олар “Құдайға бәрі аян, ол қажетімізді де біледі, қиындығымызды да біледі, сондықтан да оған айтудың қажеті жоқ” дейді.

Өзгелері болса кезінде жасаған күнә-қателіктері үшін дұғамыз енді қабыл болмайды деп ойлайды. Дженни деген әйел былай дейді: “Мен өзімді түкке тұрғысыз жаман адамдай сезінемін. Істегендеріме қатты өкінемін, өзіме жиі былай айтамын: “Сен лайықсызсың, сондықтан Құдай сенің дұғаңды тыңдамайды”.

Дұға қылуға қатысты сіз не ойлайсыз? Дұғаға қатысты сұрақтарыңыз, күдік-күмәніңіз болса, Құдай Сөзінің берер жауабы сізге жұбаныш бере алады. Өйткені дұға жайында Құдай Сөзінен артық ешкім, ештеңе айтып бере алмас *. Мысалы, сіз мына сұрақтардың жауабын таба аласыз:

  • Дұғаларымыз Құдайдың құлағына шалына ма?

  • Неге кейбір дұғалар қабыл болмайды?

  • Дұға қайткенде қабыл болады?

  • Дұғаның берері не?

^ 3-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.

^ 9-абзац Киелі кітапта Құдайдың көптеген қызметшілерінің дұғалары жазылған. Соның ішінде Иса пайғамбардікі де бар. Еврей жазбаларында, басқаша айтқанда Тәурат пен Зәбүр жырларында, 150-ден астам дұға жазылған.