Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Табиғат тосын мінез танытқанда

Табиғат тосын мінез танытқанда

“Су тасқыны мен лай көшкіні бар мүлкімізді шайып, ештеңесіз қалғанымызды көргенде, еңсеміз езіліп, тығырыққа тірелдік” (Эндрю, Сьерра-Леоне).

“Сұрапыл дауылдан кейін үйімізге оралсақ, түгіміз қалмапты. Өз көзімізге өзіміз сенбей, үнсіз тұрып қалдық. Қызым тізерлей құлай кетіп, өкіріп жылап жіберді” (Дэвид, Виргин аралдары).

ҚАНДАЙ ДА БІР апаттан жапа шеккен болсаңыз, мынадай сезімдер сізге таныс шығар: есеңгіреп қалу, болған жайтқа сене алмау, абдырап қалу, күйзелу, түнде шошып ояну. Көбісінің шарасыздықтан көңілдері жүдейтіні сонша — өмірге деген құштарлықтары бәсең тартады.

Апат барыңызды жайпап кеткен болса, сіз де бұны еңсере алмаспын деген ойға келген боларсыз. Тіпті өмірден күдер үзуге шақ қалған да шығарсыз. Алайда Киелі кітапта өмірден баз кешудің қажеті жоқ екені әрі алда жарқын болашақ күтіп тұрғаны айтылған. Сондықтан өмірден күдер үзуге асықпаңыз.

КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ШЫНДЫҚ ҮМІТ ОТЫН ЖАҒАДЫ

Құдай Сөзінде: “Істің бастамасынан гөрі соңы артық”,— деп жазылған (Уағыздаушы 7:8). Бастапқыда өмір еш мәнсіз көрінуі мүмкін. Бірақ өміріңізді қалпына келтіру үшін күш салып, сәл шыдасаңыз, өмір келе-келе өз арнасына түседі.

Киелі кітапта: “Енді қайтып... қайғырып жылаған не қинала айғайлаған дауыс естілмейді”,— деген уәде жазылған (Ишая 65:19). Бұл уәде Құдай Патшалығы бүкіл жер жүзін жұмаққа айналдырғанда орындалады (Зәбүр 37:11, 29). Сол кезде апаттар өткен күннің елесі болып қалмақ. Жанға бататын естеліктер мен ұзаққа созылған эмоциялық жарақаттар мәңгілікке санамыздан да, жүрегімізден де өшіріледі. Өйткені Құдіреті шексіз Құдайдың: “Бұрынғы жайттар еске алынбайды, Жүрекке қаяу да түсірмейді”,— деген уәдесі жүзеге асады (Ишая 65:17).

Ойлап көріңізші, Жаратушы сізге “жарқын болашақ пен үміт сыйлауды ойлап жүр” (Еремия 29:11). Теңіздей тыныш мұндай өмір Құдайдың мінсіз билігінің тұсында болмақ. Киелі кітаптағы осы шындық ары қарай өмір сүруге талпыныс береді емес пе?! Беташар мақалада сөз етілген Салли былай дейді: “Құдай Патшалығының болашақта әкелер бар игіліктерін еске алғанда, бұл өткенді өткеруге, бүгінгіні еңсеруге көмектеседі”.

Құдай Патшалығы адамзат үшін не істейтіні жайында біліп көруге шын жүректен шақырамыз. Сонда апат болмайтын болашаққа деген нық сеніміңіз сізді алға сүйреп, апаттың жаныңызға салған жарасына қарамастан, өмір сүруге құлшынысыңызды жандандырады. Ал сол жарқын болашақ келгенше, Киелі кітаптағы ақыл-кеңестер сізге апаттың жағымсыз салдарымен күресуге күш береді. Солардың кейбірін қарастырайық.