НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ЖҮРЕКТІ СЫЗДАТҚАН ҚАЙҒЫ-МҰҢ
Жоқтап жүргендерді жұбатыңыз
Жақынын жоғалтқан адамды қалай жұбатарыңызды білмей дал болған кезіңіз болған ба? Кейде оларға не айтып, не қою керектігін білмегенде, мүлдем ештеңе істемеуді шешеміз. Алайда бұған қатысты осы мақаладан тиімді де пайдалы кеңестер таба аласыз.
Жиі “қайғыңа ортақпын” деген сияқты бір-екі ауыз сөздің өзі жеткілікті болып жатады. Көп жағдайда жақынын жоғалтқан адамды құшақтап бауырға басу, қолынан ұстап демеу жұбатудың ең жақсы жолы болып есептеледі. Егер қайғырып жүрген адам сөйлескісі келсе, оны зер салып тыңдаңыз. Ол қарсы болмаса, тамақ пісіру, балаларына қарау сияқты үй тірліктеріне жәрдемдессеңіз болады немесе жерлеу рәсімдерінде қолғабыс етіп, жұбаныш берсеңіз болады. Мұндай істер әдемі айтылған мың сөзден де артық.
Уақыт өте келе марқұм кісі жайлы, оның жақсы қасиеттері не онымен болған қызықты оқиғалар жайлы сөйлескіңіз келетін шығар. Мұндай әңгімелер жақынын жоғалтқан адамның жүзіне тіпті күлкі үйіруі мүмкін. Мысалы, Пэм 6 жыл бұрын сүйікті күйеуі Янды жоғалтқан болатын. Ол былай дейді: “Кейде адамдар Ян туралы жақсы лебіздер білдіріп, оның мен естіп-білмеген игі істерін
айтып жатады. Бұдан көңілім бір марқайып қалады”.Зерттеушілердің байқауынша, адамдар жақыны қайтыс болғандарға алғашқыда көп көмек көрсетеді, ал кейіннен өмірдің қам-қарекетінен қолдары тимей, ол кісілерді ұмытып кетіп жатады. Бұл өкінішті жайт, әрине. Сондықтан жақынын жоғалтқан адамдардың арагідік жағдайын біліп тұруды ұмытпауымыз керек *. Сонда ішіндегісін ақтарып, шер тарқатудың мүмкіндігі туғанына олар дән риза болады.
Жапонияда тұратын Каори есімді әйелдің мысалын қарастырып көрейік. Ол анасынан айырылып, қайғыдан қан жұтып жүргенде, 15 айдан кейін әпкесі де қайтыс болды. Алайда Каоридің жан достары оған тірек бола алды. Ритсуко есімді одан бірталай жасқа үлкен әйел оған жан досы болғысы келетінін айтады. “Шынымды айтсам, алғашында бұл маған ұнамады,— дейді Каори.— Мен анамның орнын біреудің басқанын қаламадым, бұл мүмкін де емес еді. Алайда Ритсуконың маған қамқорлық көрсеткені соншалық, мен оған қатты бауыр басып кеттім. Біз апта сайын бірге уағыз ісіне қатысатынбыз, бірге қауым кездесулеріне баратынбыз. Ол мені жиі шай ішуге шақыратын, тамақ әкеліп беретін, хаттар мен ашық хаттар жазып тұратын. Ритсуко анашымның оң көзқарасы менің өмірімді көркейтті!”
Каоридің анасы қайтыс болғаннан бері 12 жыл өтті. Бүгінде ол күйеуі екеуі басқа жерде уақыттарының көп бөлігін Құдайға қызмет етуге жұмсап жүр. Каори былай дейді: “Ритсуко анашым әлі күнге дейін менің қамымды ойлайды. Үйге барғанымда, оған міндетті түрде соғып кетемін. Сөйтіп, екеуміз шүйіркелесіп отырып әңгіме-дүкен құрамыз”.
Кипр аралында тұратын Поли есімді Ехоба куәгері де осындай қолдауға ие болды. Оның күйеуі Созос қолы ашық, қамқор кісі еді. Ол жетім-жесірлерді үйге тамаққа шақырып, көңіл бөлетін. Осылайша мәсіхшілер қауымында жетекші ретінде өзгелерге жақсы үлгі көрсететін (Жақып 1:27). Өкінішке қарай, Созос 53 жасында мидың қатерлі ісігінен көз жұмды. Осылайша Поли 33 жыл отау құрған жұбайынан айырылып қалды.
Жерлеу рәсімінен кейін Поли 15 жасар ұлы Дэниел екеуі Канадаға көшіп кетті. Олар сол жерде де Ехоба куәгерлерінің қауымымен араласа бастады. Поли былай дейді: “Қауымдағы жаңа достарымыз біздің өткен өміріміз бен көрген қиыншылығымыздан мүлдем бейхабар еді. Сонда да олар бізді құшақ жая қарсы алып, жылы сөздер айтып, барынша көмектерін аямады. Осылайша достарымыз ұлыма әкесінің орнын жоқтатпады. Қауымдағы жетекшілер Дэниелге үнемі көңіл бөліп тұратын. Әсіресе солардың бірі ұлымды әрдайым отырыстарға немесе доп ойнауға шақыратын”. Қазір бұл отбасының қал-жағдайы жақсы.
Әрине, жақынын жоғалтып, қайғырып жүргендерді жұбатудың жолы көп. Киелі жазбаларда да бізді жұбататын жан тебірентерлік уәде жазылған. Ол туралы келесі мақаладан оқи аласыз.
^ 6-абзац Кейбіреулер жақынын жоғалтқан адамды жұбату үшін өз күнтізбелеріне сол бір қаралы күнді белгілеп қояды. Осылайша олар сол күнді ұмытпай, сол күні немесе кейінірек оның қасынан табыла алады.