Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

СЕНІМІН СЕРІК ЕТКЕНДЕР | ДӘУІТ

“Бұл — Ехобаның шайқасы”

“Бұл — Ехобаның шайқасы”

ҮРЕЙЛЕРІ ұшып, көздері шарасынан шыққан жауынгерлер шайқас алаңынан қашып барады. Олар алаңға қарап тұрған Дәуітті оңынан да, солынан да қағып өтуде. Абыржыған жауынгерлер бір сөзді қайталаумен болды. Бұл алаңның ортасында көкірегін керіп паңданып тұрған алпамса жауынгердің аты еді. Дәуіт осыншалықты дәу адамды ешқашан көрмеген болар.

Жауынгердің аты Ғолият еді. Саулдың сарбаздары одан неге жанұшыра қорыққанын Дәуіт енді түсінді. Зілдей сауытын кимеген күннің өзінде бұл дәу екі үлкен адамның салмағынан да ауыр болған көрінеді. Ал қазір ол бастан-аяқ қаруланып алған. Оның үстіне, Ғолият тепсе темір үзетін әбден машықтанған жауынгер еді. Исраил әскерін мазақ еткен бұл жауынгердің айбарлы, гүрілдеген даусы тау қыраттарынан жаңғырып тұрды. Ғолият исраилдіктерді жекпе-жекке шақырумен болды. Өзін ешкім жыға алмайды деген оймен ол қарсыластарын осылай жеңбек еді (Самуилдің 1-жазбасы 17:4—10).

Саул патша мен оның сарбаздары әбден қорықты. Осы жағдайдың қайталанғанына бір айдан аса уақыт болған еді. Ғолияттың күн сайынғы мазағы исраилдіктерді тығырыққа тіреді. Исраил патшасының да, үш ағасы мен басқа сарбаздардың да зәре-құттары қалмай қорыққанына Дәуіт қатты қынжылды. Ол үшін бұл сүндеттелмеген філістір исраилдіктерді масқаралап қана қойған жоқ, Құдайлары Ехобаны қорлап тұр! Бірақ уылжыған бұл жас жігіттің қолынан не келер екен? Дәуіттің сенімін біз қалай үлгі ете аламыз? (Самуилдің 1-жазбасы 17:11—14).

“ОҒАН МАЙ ЖАҒУ РӘСІМІН ЖАСА, МЕН ТАҢДАҒАН АДАМ — ОСЫ!”

Бұл жағдайдан бірнеше ай бұрын болған оқиғаларға оралайықшы. Кеш батып қалған болатын. Дәуіт Бетлехемнің таулы өңірінде әкесінің қойын бағып жүрді. Бұл келбетті жасөспірім жігіттің екі беті нарттай, ал көздері әдемі де ойлы еді. Оңаша қалған кездері Дәуіт арфада ойнауды ұнататын. Құдайдың тамаша жаратылыстарын бақылап, көңілі толқыған ол осы қабілетін сағаттап шыңдаумен болды. Ал осы кеште оны әкесі шұғыл шақыртып алған еді (Самуилдің 1-жазбасы 16:12).

Үйге келсе, әкесі Есей бір қарт кісімен сөйлесіп тұр екен. Бұл Самуил деген Құдайдың адал пайғамбары болатын. Ехоба оны Есейдің бір ұлын Исраилдің жаңа патшасы етіп тағайындауға жіберіпті. Самуил Дәуіттің жеті ағасын да көрді, бірақ Ехоба олардың ешқайсысын да таңдамағанын білдірді. Дәуіт келгенде, Ехоба Самуилге: “Оған май жағу рәсімін жаса, мен таңдаған адам — осы!”— деді. Самуил оның ағаларының көзінше мүйіз ыдысты алып, Дәуіттің басына сондағы бір ерекше майдан аздап құйды. Осы рәсімнен кейін Дәуіттің өмірі біржола өзгерді. Киелі кітапта: “Сол күннен бастап оған Ехобаның рухы әсер ете бастады”,— делінген (Самуилдің 1-жазбасы 16:1, 5—11, 13).

Дәуіт жыртқыш аңдарды жеңуге Ехобаның өзі көмектескенін кішіпейілділікпен мойындаған

Дәуіт сол уақыттан бастап билікті көксей бастады ма? Жоқ, ол Ехобаның рухы жауапкершілігі көп бұл іске қашан кірісетінін білдіргенше күтуге дайын болды. Содан, әрі қарай қой бағып жүре берді. Бұл істі ол жан-тәнімен атқарды, тіпті кейде оған батыл болу керек еді. Бірде оның әкесінің отарына арыстан, ал тағы бірде аю тап берді. Сонда Дәуіт бұл аңдарды алыста тұрып үркітуге тырыспады. Қойларды қорғау үшін ол екі жағдайда да жыртқыштарды шап беріп ұстап, жалаң қолымен өлтіріп тастады! (Самуилдің 1-жазбасы 17:34—36; Ишая 31:4).

Бірде Дәуітті Саул патша шақыртып алды. Оның жақсаты Саулдың құлағына жеткен еді. Мықты жауынгер болғанымен, Саул тілазарлығы үшін Ехобаның ықыласынан айырылып қалған болатын. Ехоба өз рухын алып қойғандықтан, Саул жаман рухқа, яғни ашу-ыза, күмән мен зұлымдық рухына, жиі бой алдыратын. Жаман рух әсер еткен кездері Саулдың жанын тек сазды әуен ғана тыныштандыра алатын. Патшаның кей қызметшілері Дәуіттің ән-күйге жақын әрі ержүрек жігіт екенінен құлағдар еді. Содан Дәуіт патша сарайына шақырылып, көп ұзамай Саулдың күйшілері мен қару-жарағын алып жүрушілердің бірі болды (Самуилдің 1-жазбасы 15:26—29; 16:14—23).

Бұл орайда әсіресе жастардың Дәуіттің сенімін үлгі еткендері абзал. Байқасақ, ол өз уақытын бос жібермей, Ехобаға жақындата түсетін істермен айналысқан. Сондай-ақ ол ертеңгі күні кәдесіне жараған әрі жауапты қызметкер болуға көмектескен шеберлікті дамытты. Ал ең маңыздысы, Дәуіт Ехобаның рухының жетегіне ерді. Оның бәрімізге де жақсы үлгі қалдырғанында дау жоқ! (Уағыздаушы 12:1).

“ЕШКІМ ҚОРЫҚПАЙ-АҚ ҚОЙСЫН”

Саулға қызмет етіп жүрген уақытта Дәуіт жиі үйіне барып, қой бағатын. Кейде ол ұзақ уақытқа кететін. Бірде үйінде жүрген кезінде әкесі оны Саулдың әскеріне қосылған үш ағасының хал-жағдайын біліп келуге жіберді. Содан Дәуіт ағаларына арналған азық-түлікті алып, Елах аңғарына қарай бет алды. Сол жерге келіп жеткен соң, ол бір күтпеген жағдайға тап болды. Мақаланың басында суреттелгендей, аңғардың екі жағындағы тау беткейінде сап түзеген екі жасақ бір-біріне дес бермей теке тіресіп тұр екен (Самуилдің 1-жазбасы 17:1—3, 15—19).

Дәуіт Исраил жасағының әлгі філістірді көріп, қашқанына жай қарап тұра алмады. Тірі Құдай Ехобаның жасағы жұмыр басты пендеден, оның үстіне сүндеттелмеген філістірден, неге сонша қорқады?! Дәуіт Ғолияттың қорлық сөздерін тікелей Ехобаның өзіне айтылғандай қабылдады. Содан ол Саулдың сарбаздарына Ғолиятты жеңе алатынын қайта-қайта айтып қоймады. Бір уақытта Дәуіттің ең үлкен ағасы Елиаб Дәуіттің осы сөздерін естіп қалды. Содан ол інісіне: “Сенің арам пиғылыңды білемін. Мұнда шайқасты көруге келдің ғой?!”— деп оған ұрсып берді. Бірақ Дәуіт оған: “Мен не істедім сонша? Жай ғана сұрақ қойдым ғой!”— деп жауап берді. Сосын ол Ғолиятты жеңе алатынын тағы да қоймай айтты. Ақыры бұл сөздер Саулдың құлағына жетіп, ол жас жігітті шақыртып алды (Самуилдің 1-жазбасы 17:23—31).

Дәуіт Саул патшаға “ешкім қорықпай-ақ қойсын” деген жігерлі сөздерді айтты. Патша да, оның адамдары да Ғолияттан шынымен қатты қорыққан еді. Бәлкім, олар Ғолияттың белінен я кеудесінен ғана келетіндерін ойлап, мұздай қаруланған алпамсаның бір пәсте өздерін сұлатып салғанын елестеткен шығар. Бірақ Дәуіт бұлай ойлаудан аулақ болды. Кейін көретініміздей, ол мәселеге мүлдем басқаша қарады. Сондықтан да ол Ғолиятқа қарсы аттанбақ болды (Самуилдің 1-жазбасы 17:32).

Бірақ Саул: “Сен онымен шайқаса алмайсың. Әлі жассың ғой, ол болса бала кезінен машықтанған сарбаз”,— деп қарсы болды. Сонда Дәуіт кішкентай бала болған ба? Жоқ, бірақ балғын жүзі оны тым жас етіп көрсетсе керек және оған әскерге баруға әлі ерте еді. Дей тұрғанмен Дәуіт бұл уақытта күш-қайраты көп ержүрек жігіт ретінде танылған, ал жасы 16—19 шамасында болса керек (Самуилдің 1-жазбасы 16:18; 17:33).

Дәуіт кезінде арыстан мен аюды қалай өлтіргенін айтып, Саулдың көңілін орнықтырды. Бұл оның мақтанғаны ма? Жоқ. Аңдарды кімнің арқасында жеңгенін білген ол: “Мені арыстан мен аюдың шеңгелінен құтқарған Ехоба мына філістірден де құтқарады!”— деді. Осы сөзінен кейін Саул оның айтқанына көніп: “Онда бар, Ехоба саған жар болсын!”— деді (Самуилдің 1-жазбасы 17:37).

Сіз де Дәуіттікіндей сенімге ие болғыңыз келе ме? Байқасаңыз, Дәуіт сезімге елігіп, соқыр сенімнің жетегінде жүрмеген. Оның Құдайға деген сеніміне білімі мен басынан өткерген жағдайлары негіз болды. Ол Ехобаны сүйіспеншілігі мол қорғаушы әрі сөзінде нық тұратын Құдай ретінде танып білген. Біздің де сеніміміз осындай берік болсын десек, Киелі кітаптан Құдай жайлы білім ала беруіміз қажет. Алған білімді өмірімізде қолданған кезде, жақсы нәтижелерін көріп, сеніміміз нығаятыны шүбәсіз (Еврейлерге 11:1).

“ЕХОБА СЕНІ АЯҒЫМА ЖЫҒЫП БЕРЕДІ”

Басында Саул Дәуітке өзінің сауытын кигізбек болды. Ол Ғолияттікі сияқты мыстан жасалған еді. Сауыттың кеудешесі қабыршақ сияқты бір-біріне мінгестіріле қойылған мыс бөлшектерден тұратын. Дәуіт үлкен әрі зілдей осы сауытпен әрі-бері жүріп көрді. Әскери дайындықтан өтпегендіктен, ол сауыт киіп үйренбеген еді. Оның үстіне, бүкіл Исраил халқындағы ең ұзын адам Саулдың сауытын киіп жүру оған бір ыңғайсыз болды! (Самуилдің 1-жазбасы 9:2). Содан Дәуіт сауытты шешіп тастап, қой баққанда киетін үйреншікті киімін киіп алды (Самуилдің 1-жазбасы 17:38—40).

Дәуіт иығына дорбасын асып, қолына қойшының таяғы мен сақпанын алды. Сақпан болмашы заттай көрінер, бірақ бұл айтарлықтай мықты қару еді. Сақпанның екі былғары белдікке байланған қалташасы болатын. Бұл қойшы үшін таптырмас қару еді. Ол қалташаға тас салып, сақпанды басынан айналдыра қатты үйіретін де, нысананы көздеп тұрып, белдіктің бірін жіберіп қалатын. Бұл қарудың тиімді болғаны сонша, кейбір әскерде сақпаншылардың жасағы болған.

Қаруын асынған Дәуіт жауымен жүздесуге асықты. Құрғап қалған өзен аңғарына келіп аяқ басқан соң, оның жан-тәнімен дұға еткенін, сосын сайдан бес кішкентай жұмыр тас теріп алғанын елестетіп көріңізші. Бұдан кейін ол шайқас алаңына қарай жүгіре жөнелді!

Ғолият қарсыласын көргенде, не ойлады екен? Екі беті нарттай жас жігітті көрген ол: “Маған таяқ алып шығатындай, мені ит деп пе едің?!”— деп оны менсінбеді. Ол мұны Дәуіттің қолындағы таяқты көріп айтса керек. Бірақ ол сақпанды байқамаған көрінеді. Ғолият Дәуітті філістір тәңірлерінің атымен қарғап-сілеп, оның мәйітін даладағы ит пен құсқа жем қылуды ант етті (Самуилдің 1-жазбасы 17:41—44).

Сонда Дәуіт берік сенімін паш етіп, күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған сөздер айтты. Осы балаң жігіттің Ғолиятқа қарап тұрып: “Сен маған қарсы семсер, найза, сүңгі алып келе жатырсың. Ал мен өзің мазақ еткен Исраил жасағының Құдайы — Әскербасы Ехобаның атымен келе жатырмын”,— деп жатқанын көз алдымызға елестетіп көрейікші. Дәуіт білек күші мен қару-жарақтың аса маңызы жоқ екенін білген. Ғолият Ехоба Құдайды қорлап тұр. Енді Ехоба оның жазасын бермек. Дәуіт айтқандай, “бұл — Ехобаның шайқасы” еді (Самуилдің 1-жазбасы 17:45—47).

Әрине, Дәуіт Ғолияттың алып денелі, мұздай қаруланған жауынгер екенін көріп тұр. Бірақ бұл оның зәресін ұшырмады. Ол өзін Ғолиятпен салыстырып, Саул патша мен оның әскері жасаған қателікті қайталамады. Оның орнына Ехобаның жанында Ғолияттың қалай көрінетіні жайлы ойлады. Үш метрге жуық бойы бар філістір басқа ер адамдардың бәрінен ұзын болғанмен, әлемнің Әміршісінің жанында соншалықты дәу болып көрінер ме еді? Ехобаның көз алдында ол басқа да адамдар сияқты кіп-кішкене шіркейдей болды. Оның үстіне, Ехоба оны жоқ қылуға дайын тұрған еді!

Дұшпанына қарай жүгірген Дәуіт дорбасынан тасты алып, сақпанына салды. Сосын оны ысқырықтың дыбысы шыққанша бірнеше қайтара айналдырды. Ғолият қалқанын ұстаған сарбаздың артында тұрған болса керек. Ол Дәуітке қарай біраз жүрді. Бұл жағдайда Ғолияттың ұзын бойының пайдасынан зияны көп болды. Өйткені қалқанын көтерген сарбаздың оның басын қалқалауға бойы жетпесі анық. Ал Дәуіттің көздегені дәл сол жер еді (Самуилдің 1-жазбасы 17:41).

Дәуіт ең үлкен алпамсаның өзі Ехоба Құдайдың жанында титтей болатынын түсінген

Дәуіт тасты жіберіп кеп қалды. Тас оқтай ұшып бара жатқанда жұрттың жым-жырт болғанын елестетіп көріңізші. Ехобаның арқасында Дәуітке екінші қайтара атуға тура келмеді. Тас дәл Ғолияттың шекесіне барып тиді. Алпамса жерге етпетінен сұлық құлады! Ал оның қалқанын көтерген сарбаз сол арадан тайып тұрған болса керек. Дәуіт Ғолияттың жанына келіп, оның өз қылышымен басын шауып тастады (Самуилдің 1-жазбасы 17:48—51).

Ақырында Саул мен оның сарбаздары еңселерін көтерді. Олар атойлап філістірлерге қарсы лап қойды. Осылайша Дәуіттің “Ехоба сендерді аяғымызға жығып береді” деген сөздері дәл орындалды (Самуилдің 1-жазбасы 17:47, 52, 53).

Әрине, бүгінде Құдай халқы соғысқа қатыспайды. Ол заман өтіп кетті (Матай 26:52). Десе де біз Дәуіттің сенімін үлгі етуіміз қажет. Біз де Ехобаға тірі Құдай ретінде қарап, тек оған ғана ғибадат етуіміз керек әрі одан ғана қорқуымыз қажет. Кейде біздің қиындықтарымыз өзімізден әлдеқайда үлкен болып көрінетін шығар, бірақ құдіреті шексіз Ехобаның жанында ол қиындықтарымыз кіп-кішкентай болып қалады. Ехоба біздің Құдайымыз болса және Дәуіт сияқты оған сенім артсақ, ешқандай қиындық бізді жеңе алмайды. Өйткені Ехобаның күшінен еш нәрсе асып түсе алмайды!