Лефевр д‵Этапль. Ол қарапайым халықтың Құдай Сөзін оқып білгенін қалады
1520 ЖЫЛДАРДЫҢ басында, жексенбі күні таңертең, Париждің жанындағы Мо деген қалашықта бір ерекше оқиға орын алды. Сол күні шіркеуге барғандар Інжілдің бір үзіндісін тыңдап отырып, өз құлақтарына өздері сенбеді. Киелі кітап латын тілінде емес, өздерінің ана тілдері — француз тілінде оқылды!
Жаңа аударма ісіне бастама берген Жак Лефевр д’Этапль (латынша Якоб Фабер Стапулензис) есімді Киелі кітап аудармашысы кейіннен бір жақын досына былай деп жазды: “Білесің бе, Құдай қарапайым халықтың ой-санасын зор пәрменмен оятып, өз Сөзін ұғындырып жатыр”.
Ол уақытта католик шіркеуі мен Париждегі теологтар Киелі кітаптың жұрт түсінетін аудармаларын қолдануға қарсы болатын. Бірақ Лефевр ештеңеге қарамай Киелі кітапты француз тіліне аударуға бел буды. Оған не түрткі болды? Лефеврге Құдай Сөзін қарапайым халық түсінетіндей етіп аударуға не көмектесті?
ЖАЗБАЛАРДЫҢ ШЫН МАҒЫНАСЫ
Киелі кітапты аударуға кіріспес бұрын, Лефевр философтар мен теологтар жазған классикалық шығармалардың түпкі мағынасын қалпына келтірумен айналысты. Жұмыс барысында ол ежелгі жазбалардың нұсқалары ұрпақтан ұрпаққа берілу барысында бұрмаланып, қателіктерге бой алдырғанын байқады. Содан ол ежелгі қолжазбалардың шын мағынасын таппақ болып, католик шіркеуі қолданатын Киелі кітапты — Латын Вульгатасын — мұқият зерттей бастады.
Жазбаларды жан-тәнімен зерттеудің арқасында Лефевр “Құдай туралы шындықты зерттегеннің өзі адамды зор бақытқа бөлейді” деген қорытындыға келді. Сондықтан ол философияны зерттеуді қойып, бар күшін Киелі кітапты аударуға жұмсады.
1509 жылы Лефевр өзі өңдеген Вульгата нұсқасын қоса алғанда, Зәбүр жырларының латын тіліндегі 5 нұсқасын салыстырып зерттеп, сол жайлы еңбек * басып шығарды. Ол өз заманындағы теологтардың жолымен жүрмей, Киелі кітаптағы ойларды қарапайым әрі жатық тілмен жеткізуді көздеді. Оның Жазбаларды түсіндіру әдісі басқа Киелі кітап зерттеушілері мен реформаторларға айтарлықтай ықпал етті (“ Лефеврдің Мартин Лютерге ықпал етуі” деген қоршауды қараңыз).
Католиктердің отбасында тәрбиеленген Лефевр Киелі кітапты қарапайым халыққа дұрыс жолмен үйретсе ғана шіркеу жаңа бағыт алады деп сенген. Бірақ қолда бар Киелі кітап даналары көбіне латын тілінде болса, қарақұрым халық оны қалай түсінбек еді?
БӘРІНЕ ҚОЛЖЕТІМДІ КИЕЛІ КІТАП АУДАРМАСЫ
Лефеврдің Құдай Сөзіне деген құштарлығы оны барынша көп адамға қолжетімді етуге талпындырды. Осы мақсатты көздеген ол 1523 жылдың маусымында Інжілдің француз
тіліндегі екі томдық аудармасын басып шығарды. Бұл жаңа Інжіл қалтаға сыйып кететіндей кішкентай болғандықтан, бағасы да кәдімгі Киелі кітаптан екі есе арзан болды. Сондықтан қарапайым адамдардың оны сатып алуға мүмкіндіктері болды.Халық мұндай бетбұрысты бірден әрі қуана қабыл алды. Ерлер де, әйелдер де Исаның сөздерін ана тілдерінде оқуға асық болғандықтан, Інжілдің алғашқы 1200 данасы бірнеше ғана айдың ішінде тарап кетті.
КИЕЛІ КІТАПТЫ ҚОРҒАУ ҚАЖЕТ БОЛҒАНДА
Лефевр Інжілдің алғы сөзінде оны француз тіліне не үшін аударғанын түсіндіріп жазды. Ол Киелі кітапты латын тілінде оқи алатындар сияқты, шіркеудің қарапайым мүшелері де сонда жазылған шындықтарды толық түсінсе екен деп ойлады. Лефевр қарапайым халықтың Киелі кітаптың өзінен сусындағанын неге соншалықты қалады?
Лефевр адамның ойынан шыққан ілімдер мен пәлсапаның католик шіркеуін құлдыратып жатқанын жақсы білген (Марқа 7:7; Қолостықтарға 2:8). Ол Інжілдің бүкіл дүниеге кіршіксіз күйде тарайтын уақыты келгеніне сенімді болды. Сонда дүйім жұрт адам ойынан шыққан жат ілімдерге еріп кетпес еді.
Сондай-ақ Лефевр Киелі кітапты француз тіліне аударуға қарсы болғандардың алға тартқан сөздерін жоққа шығаруға тырысты. Лефевр олардың екіжүзділігін келесідей сөздермен әшкереледі: “Олар қарапайым халықтың Құдайдан келген Інжілді өздерінің ана тілдерінде оқулары керектігін мойындағысы келмесе, Иса Мәсіхтің барлық өсиеттерін ұстануды оларға қалай үйретпек?!” (Римдіктерге 10:14).
Көп ұзамай Париждегі Сорбонна университетінің теологтары Лефеврдің аузын жабуға тырысты. Шіркеуге залалын тигізеді деген оймен олар 1523 жылдың тамызында Киелі кітаптың өз тілдеріндегі аудармалары мен түсіндірмелерінің жарық көруіне қарсылық білдірді. Франция патшасы I Франциск бұл жағдайға араласпағанда, Лефевр дінбұзар деп айыпталар еді.
ЖЫМЫН БІЛДІРМЕГЕН АУДАРМАШЫ
Жасап жатқан аудармасының төңірегінде туған дау-дамай Лефеврдің аяғына тұсау болмады. Ол 1524 жылы Грек жазбаларын (Жаңа өсиет деген атаумен де белгілі) аударып бітті. Сосын сенушілерге Құдайға анағұрлым зор құлшыныспен сиынуға көмектесу үшін Зәбүр жырларының француз тіліндегі нұсқасын басып шығарды.
Тырнақ астынан кір іздеген Сорбонна теологтары Лефеврдің аудармаларын сараптауға бірден кірісті. Содан олар көп ұзамай Грек жазбаларының аудармасын ел алдында өртеуді шешті. Ал кейбір еңбектерін Мартин Лютердің “сандырағын” қолдайды деп тапты. Теологтар Лефеврді өзін қорғап сөйлеуге шақырғанда, ол үнсіз қалып, Страсбургке қашып кетті. Сол жерде Киелі кітапты аса сақтықпен әрі қарай аудара берді. Кейбіреулерге оның үнсіздігі жігерсіздік болып көрінгенмен, Лефевр Киелі кітаптағы інжу-маржандай шындықтарды бағаламайтындарға осылай жауап беруді жөн көрді (Матай 7:6).
Страсбургте бассауғалағанына шамамен бір жыл болғанда, I Франциск Лефеврге өзінің төрт жасар Карл есімді баласына ұстаздық етуді тапсырды. Осы тапсырманың арқасында оның қолы біраз босап, Киелі кітап аудармасын аяқтауға мүмкіндігі болды. 1530 жылы Лефеврдің қолынан шыққан Киелі кітаптың толық аудармасы V Карл императордың рұқсатымен Франциядан тыс жерде, Бельгияның Антверпен қаласында, жарық көрді *.
ЗОР ҮМІТ
Лефевр өле өлгенше бір нәрседен үмітін үзбеді: ол шіркеудің адам ойынан шыққан әдет-ғұрыптарды тастап, Жазбалардағы кіршіксіз таза білімге қайта оралғанын қалады. Лефевр әрбір мәсіхшінің Киелі кітапты оқып, одан тәлім алуға құқы бар екеніне, тіпті солай етуге міндетті екеніне сенімді болған. Сол себепті де ол Киелі кітапты бәрі түсінетін тілге аудару үшін көп тер төкті. Шіркеудің көзқарасы өзгереді деген үміті ақталмаса да, Лефеврдің тарихтан ойып тұрып орын алғаны даусыз. Иә, бұл ізгі ниетті жан қарапайым халыққа Құдай Сөзін білуге көмектесті.
^ 8-абзац “Бес бөлімді Зәбүр жырлары” кітабы әрқайсысы бөлек бағаналарда жазылған Зәбүр жырларының бес нұсқасынан және Құдайдың лауазымдары мен тетраграмматон (Құдай есімін білдіретін төрт еврей әрпі) жазылған кестеден тұрады.
^ 21-абзац Бес жылдан кейін, 1535 жылы, Оливетан есімді француз аудармашы Киелі кітаптың жаңа нұсқасын басып шығарды. Бұл аударманы ол Киелі кітаптың түпнұсқа тілдеріне негіздеп жасады. Грек жазбаларын аударғанда, Оливетан көбіне Лефеврдің еңбектеріне сүйенді.