Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | КӨКТЕ КІМДЕР МЕКЕНДЕЙДІ?

Көкте мекендейтіндер жайлы сұрақтар

Көкте мекендейтіндер жайлы сұрақтар

Көкте кімдер мекендейтіні жайлы ойланып көргенсіз бе? Бұл тақырып адамдарды мыңдаған жыл бойы қызықтырып келеді. Кейбіреулер көктегі рухани әлемде құрмет тұтуымыз қажет ата-бабаларымыз жасайды деп сенеді. Өзгелер үшін көк — періштелер мен дүниеден өткен жақсы адамдардың рухтары өмір сүретін пейіш. Ал тағы басқалар көкті жүздеген миллион тәңірлердің мекені деп біледі.

Көп адамның ойынша, рухтардың әлеміне ешкім барып келген жоқ, сондықтан ол туралы білу мүмкін емес. Бірақ бұлай ойлау дұрыс емес. Себебі Иса пайғамбар жерге келмес бұрын, көкте өмір сүрген. Ол І ғасырда діни жетекшілерге: “Мен көктен өзімнің емес, мені жібергеннің еркін орындауға келдім”,— деп ашық айтқан. Иса шәкірттеріне: “Әкемнің үйінде орын көп”,— дегенде, өз көзімен көрген әлем жайлы айтқан (Жохан 6:38; 14:2).

Жоғарыда Иса “Әке” деп Ехоба есімді жаратушы Құдайды айтып отыр және Ехоба Құдайдың “үйі” көкте (Зәбүр 83:18). Сондықтан көзге көрінбейтін көктегі өмірді Ехоба Құдай мен Исадан артық ешкім сипаттап бере алмайды. Олар жер бетіндегі адал кісілерге таңғажайып аян беру арқылы рухани әлем жайында көп жайтты ашқан.

Келесі мақалада бірнеше ер кісінің Құдайдан қандай аян алғаны қарастырылады. Мақаланы оқып отырғанда, рухани әлемнің көзбен көріп, қолмен ұстап көруге болатын нәрсе емес екенін есте ұстағаныңыз жақсы. Құдай бұл аяндардағы рухани әлемге қатысты жайттарды бізден жоғары тұрған рухани тұлғалардың тілінде емес, біз ұға алатын тілде жеткізген. Осы аяндар арқылы біз көкте мекендейтіндер жайында көп нәрсе біле аламыз.