Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

АЛАСАПЫРАН ЗАМАН

4. Үмітіңізді үзбеңіз

4. Үмітіңізді үзбеңіз

БҰЛ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?

Дүниедегі дүрбелең адамның тән саулығын да, жан саулығын да аяп жатқан жоқ. Өмірден түңіліп, ертеңнен үміт үзгендер аз емес. Мысалы:

  • Кейбірі болашаққа қолды бір-ақ сілтеп қоя салады.

  • Басқалары уайымдарын спиртті ішімдікпен не есірткімен басуға тырысады.

  • Біреулері: “Бұлай өмір сүргенше, өлгенім артық”,— деп, өздеріне қол жұмсауды ойлай бастайды.

Нені ескерген жөн?

  • Қиыншылықтардың кейбірі уақытша, тіпті сіз ойламаған жерден жағдайыңыз оңалып кетуі мүмкін.

  • Оңалмаған күнде де, оған төтеп берудің амалдары бар екенін ұмытпаңыз.

  • Киелі жазбалар адамзаттың барлық қиындықтары келмеске кететінін уәде етіп, берік үміт береді.

Сақтанғанды Құдай сақтайды

Киелі жазбаларда: “Ешқашан ертеңгі күнді ойлап уайымдамаңдар, өйткені ертеңгі күннің өз уайымы бар. Әр күннің қиыншылығы өзіне жеткілікті”,— делінген (Матай 6:34).

Мәселені туған бойда шешіп отырыңыз. Алдағы күнді уайымдап сарғая бермеңіз, әйтпесе бүгінгі күннің әуресі шешілмей қалып қояды.

Қара аспанды төндіріп, әлі болмаған нәрсені уайымдап кетсек, жүгімізге жүк қосып аламыз, үмітіміз де үзіле бастайды.

Киелі жазбалардағы үміт өрге тартады

Ежелде бір пайғамбар Құдайға: “Сенің сөзің — шырағдан, аяғыма жарығын, жүрер жолыма нұрын шашады”,— деп жырлаған (Зәбүр 119:105). Құдайдың сөзі — Киелі жазбалардың шырағданға теңелуі бекер емес.

Қараңғы түнде қолымызда шырағдан болса, аяғымызды қайда басып, қайда жүру керектігін көре аламыз. Даналыққа тұнған Киелі жазбалар да өмірде дұрыс жолды таңдап, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.

Шырағданның, мысалы қолшамның, жарығы алысты көрсете алады. Киелі жазбалар да алда бізді жарқын күндер күтіп тұрғанын айтады.