Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Тағамдық аллергия мен тағамды көтере алмаушылық. Айырмашылығы неде?

Тағамдық аллергия мен тағамды көтере алмаушылық. Айырмашылығы неде?

Айна: “Шанышқыны үстелге қойғаным сол-ақ екен мазам кете бастады. Аузым дуылдап, тілім ісіп кетті. Бір кезде басым айналып, демім тарылды. Қолым мен мойнымды бөртпе басты. Өз-өзімді басуға барынша тырыстым, бірақ еш кідірмей ауруханаға баруым керектігін түсіндім!”

КӨБІМІЗДІҢ тамақ ішуден рақат алатынымыз даусыз. Алайда тағамның кейбір түрлері әлдебіреулердің “қас жауына” айналған. Бұл адамдар Айна сияқты, тағамдық аллергиядан зардап шегеді. Айнаны осындай қауіпті жағдайға душар еткен ағзаның реакциясы анафилаксия деп аталады. Бір жұбатарлық жайт, тағамдық аллергияның көбісі осыншалықты қауіпті емес.

Соңғы жылдары жүргізілген есепке сай, тағамдық аллергия мен тағамды көтере алмаушылықтан зардап шегеміз дейтіндердің саны көбейген. Алайда кейбір зерттеулер бір қызық жайтты аян етті. Медициналық тексерістен кейін, тағамдық аллергиядан зардап шегіп жүрміз деп ойлаған бірсыпыра адамның аз бөлігі ғана сондай нақтама алған.

Тағамдық аллергия деген не?

Доктор Дженнифер Шнейдер Чаффен бастаған бір топ маман беделді медициналық журналға арнап жазған есептерінде: “Тағамдық аллергияның әлем мойындаған нақты себептері әлі анықталған жоқ”,— деген болатын (“The Journal of the American Medical Association”). Десе де мамандардың көбісі аллергиялық реакцияларға бірінші кезекте иммундық жүйе себепші болады деп пайымдайды.

Негізінен аллергияның пайда болуына белгілі бір тағамдардағы ақуыз себепкер болады. Ағзаның иммундық жүйесі қателесіп бұл ақуызды зиянды зат ретінде қабылдайды. Ақуыз адам ағзасына келіп түскенде, оның иммундық жүйесі сырттан келген “жауды” жою мақсатымен E иммуноглобулині (IgE) деген атпен белгілі антидене түзеді. Аллергия тудырушы сол зат келесі жолы асқазанға түскенде, бұдан алдын түзілген антиденелер гистамин сияқты химиялық заттарды бөліп шығарады.

Қалыпты жағдайда гистаминнің иммундық жүйеде атқаратын рөлі ағзаға біраз пайда әкеледі. Бірақ белгісіз бір себептермен кейбір тағамдағы ақуызға жоғары сезімталдығы бар адамдарда түзілген IgE антиденесі мен артынша бөлінетін гистамин аллергиялық реакция тудырады.

Кейде алғашында айтарлықтай әсер бермеген тағамдардың келесі жолы аллергия тудыратыны да сондықтан.

Тағамды көтере алмаушылық деген не?

Тағамды көтере алмаушылық аллергия сияқты белгілі бір тағамның әсерінен туындауы мүмкін. Алайда бір айырмашылығы, тағамдық аллергия иммундық жүйенің тікелей әсерінен пайда болса, тағамды көтере алмаушылық асқорыту жүйесінің әсерінен туындайды әрі антиденелердің бұған еш қатысы болмайды. Ферменттер жетіспегеннен я тағамдағы химиялық заттарды ыдырату оңай болмағандықтан, тағамды қорыту қиын болуы мүмкін. Мысалы, лактозаны көтере алмаушылықты алайық. Мұндайда адамның ас қорыту жүйесі сүт өнімдерінде кездесетін қанттың кей түрін ыдыратуға қажетті фермент бөліп шығармайды.

Ағзада антиденелер түзілмейтіндіктен, тағамды алғаш жегенде-ақ оны көтере алмаушылықтың белгілері көрінуі мүмкін. Мұндайда тағамның көлемі үлкен рөл атқарады: ағза тағамның аз мөлшерін көтере алғанмен, оның көп мөлшерін ауырсынуы мүмкін. Ал тағамдық аллергияның бұдан ерекшелігі, тағамның тіпті кішкентай бөлігі адамның өміріне үлкен қауіп төндіруі мүмкін.

Белгілері

Тағамдық аллергия кезінде адамда қышыма не есекжем (бөртпе) болады, тамағы, көзі не тілі ісіп кетеді, жүрегі айниды, құсады, іші өтеді. Адам бұдан да мүшкіл халге түсуі мүмкін. Мысалы, қан қысымы күрт төмендейді, басы айналады, есінен танады не жүрегі тоқтап қалады. Осындай анафилактикалық белгілер тез өршіп, арты қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін.

Кез келген тағам адамда аллергия тудыруы мүмкін. Бірақ аллергияның ең ауыр түрі көбіне мына тағамдардан туады: сүт, жұмыртқа, балық, шаянтәрізділер, жержаңғақ, бұршақ, жаңғақ және бидай. Аллергия кез келген жаста басталуы мүмкін. Зерттеулер көрсеткендей, ол тұқым қуалайды. Мысалы, ата-ананың бірінде не екеуінде де аллергия болса, бұл баласына берілуі мүмкін. Бірақ көп жағдайда өсе келе бала аллергиядан арылып жатады.

Жалпы алғанда, тағамды көтере алмаушылықтың белгілері аллергияның ауыр түріне қарағанда аса қауіпті емес. Бұған келесі белгілер жатады: асқазанның ауыруы, іштің кебуі, желденуі, түйнеп ауыруы, бас ауыруы, терінің бөртуі, әлсіздік, мазасыздық. Себеп болатын тағам түрлеріне көбіне сүт, бидай, глютен (өсімдік ақуызы), спиртті ішімдіктер, ашытқы жатады.

Нақтама мен емшара

Сізде тағамдық аллергияның не оны көтере алмаушылықтың белгілері болса, дәрігерге барып, тексерілгеніңіз абзал. Өз-өзіңізге нақтама қойып, тағамның кей түрінен мүлдем бас тартсаңыз, мұның пайдасынан зияны көп болуы ғажап емес. Өйткені өзіңіз аңдамай ағзаны қажетті нәрлі заттардан айыруыңыз әбден мүмкін.

Өкінішке орай, тағамдық аллергияның ауыр түрлеріне қарсы тиімді емшара әлі табылмады. Сондықтан оны тудыратын тағам түрлерінен мүлдем бас тартудан басқа әзірге амал жоқ *. Ал егер сізді тағамдық аллергия мен оны көтере алмаудың жеңіл түрлері мазаласа, кей тағамдарды сирек жеуді я олардың мөлшерін азайтуды жөн көрерсіз. Кей жағдайларда қаншалықты ауыр тиетініне қарай аталмыш тағамдардан мүлдем не уақытша бас тартатындар да бар.

Сонымен сізде тағамдық аллергия болса я кей тағамдарды көтере алмасаңыз, қатты уайымдамаңыз. Өйткені сіздің күйіңізді кешкен көптеген басқа адамдар онымен күресуді үйреніп, денсаулықтары көтеретін басқа да нәрлі, дәмді астан ләззат алып жүр.

^ 19-абзац Аллергияның ауыр түрінен зардап шегетіндерге өздерімен бірге адреналині (эпинефрин) бар шприц-қалам алып жүрген жөн болар. Өміріне қауіп төнген жағдайда оны кез келген адам өз-өзіне сала алады. Кейбір медицина мамандары аллергиямен зардап шегетін балаларға көзге бірден түсетін белгілерді тағып жүруге кеңес береді. Соның арқасында мұғалімдері мен күтушілері олардың жағдайынан хабардар болады.