Өзгеге сүйсіне біліңіз
Шындық
Адам өзін ғана ойласа, өзгелерді оп-оңай алалай бастайды. Өзімшіл адам өзін басқалардан артық санайды, оған қандай да бір жағынан ұқсамайтын адамдарға менсінбей қарайды. Кез келгеніміз өзімшіл болып кетуіміз мүмкін. Бұл жайында “Британ энциклопедиясы” былай дейді: “Барлық дерлік топтың (мәдениеттің) адамдары өз салт-дәстүрін, ұлттық тағамдары мен киімдерін, әдет-ғұрыптары мен наным-сенімдерін, құндылықтары мен тағы басқа нәрселерін бәрінікінен артық деп санайды”. Мұндай көзқарастан қалай аулақ бола аламыз?
Киелі кітап қағидасы
“Кішіпейілділікпен басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар”(ФІЛІПІЛІКТЕРГЕ 2:3).
Қағиданың мәні. Менмендіктен қашық болу үшін, оған қарама-қайшы қасиетке асық болуымыз қажет. Бұл — кішіпейілділік. Кішіпейіл болсақ, өзгелердің бізден мықты тұстарын мойындап, оған сүйсіне білеміз. Шындығына келгенде, жақсы қасиет-қабілеттердің бәрі тек бір ғана ұлттың бойында бола алмайды.
Коммунистік елдердің бірінде туып-өскен Штефан деген кісінің оқиғасына көңіл бұрайық. Ол коммунистік елге жатпайтын елдің адамдарын алалайтын болған. Штефан алалаушылықтан қалай құтылғанын былай деп айтып берді: “Бәрін біліп туған ешкім жоқ. Сондықтан бәріміз бір-бірімізден үйрене аламыз. Бұл үшін өзгенің сенен мықты жақтарын мойындай білген жөн”.
Ойда болсын
Өзіңізге шын баға беріңіз, өзіңіз де қателесетініңізді ұмытпаңыз. Кейбір әлсіз жерлеріңізде басқалар әлді екенін мойындаңыз. Біреудің қателігін көріп қалып, “бұлардың бәрі сондай!” деп тұжырымдауға асықпаңыз.
Біреулер жайында бірден жаман ойламауға мына сұрақтар көмектеседі:
Сіздің кейбір әлсіз жерлеріңізде басқалар әлді екенін мойындаңыз
-
Оның маған ұнамайтын бір мінезі шынымен жаман ба, әлде жай ғана өзгеше ме?
-
Табам десе, ол да менің бойымнан мін таба ала ма?
-
Ол қай жағынан менен мықтырақ?
Осы сұрақтарға шын жауап беріңіз. Сонда алалаудан арыласыз және сол адамның көркем мінезін де көре аласыз.