Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Үмітіңді ешқашан үзбе!

Үмітіңді ешқашан үзбе!

Сен жылдар бойы Ехобаға қызмет етіп, жолдасыңның да Куәгер болғанын күтіп жүрсің бе?

Сенімен алғашында Киелі кітапты жақсы зерттеп келе жатқан қызығушы сол күйі шындықты қабылдамағанда, көңілің түскен бе еді?

 Бұл мақалада неге үмітімізді ешқашан үзбеуіміз керектігін көрсететін Британияда болған кейбір оқиғаларды қарастырамыз. Сондай-ақ “наныңды суға ағызып жібер” деген кеңесті қолданып, әлі шындықты қабылдамаған адамдарға қалай көмектесе алатынымыз жайлы сөз қозғаймыз (Уағ. 11:1 Тт).

ТАБАНДЫ БОЛУ ӨТЕ МАҢЫЗДЫ

Сенің өз тарапыңнан табандылық танытқаның өте маңызды. Шындықты берік ұстанып, Ехобадан ажырамауың керек (Заң. қ. 10:20). Осылай істеп келген Георгина есімді әйел бауырластың мысалына назар аударайық. Ол 1970 жылы Ехоба куәгерлерімен зерттеу сабағын бастайды. Алайда күйеуі Кириакос бұған қатты ашуланады. Ол зерттеуге кедергі жасауға тырысады, Куәгерлерді үйіне кіргізбейді және тауып алған әдебиеттерді алып қоя береді.

Георгина қауым кездесулеріне бара бастағанда, Кириакос одан бетер ашуланады. Бір күні ол жанжал бастамақ болып, Патшалық сарайына барады. Оның ағылшыннан гөрі грекше жақсырақ сөйлейтінін байқаған бір әйел бауырлас басқа қауымдағы ұлты грек ер бауырласқа хабарласып, оны көмекке шақырады. Кириакос осы ер бауырластың ілтипатпен сөйлегеніне риза болып, тіпті онымен бірнеше ай бойы Киелі кітапты зерттейді. Алайда кейінірек зерттеуді тоқтатады.

Георгина тағы үш жыл бойы қарсылық көріп жүреді. Кириакос: “Шомылдыру рәсімінен өтетін болсаң, сені тастап кетемін”,— деп, оған кедергі жасауға тырысады. Сол бір маңызды күн келгенде, Георгина Ехобаға дұға айтып, “күйеуім мені тастап кетпесінші” деп жалбарынады. Күтпеген жерден Кириакос Георгинаны конгреске алып кетуге келген бауырластарға: “Сендер бара беріңдер, ал біз өз көлігімізбен арттарыңнан жүріп отырамыз”,— дейді. Сөйтіп, ол конгрестің таңертеңгі бағдарламасына қатысып, әйелінің шомылдыру рәсімінен өткенін көреді!

Куәгерлермен алғаш кездескеннен кейін шамамен 40 жыл өткен соң, Георгина күйеуі Кириакостың шомылдыру рәсімінен өткенін көреді

Осыдан кейін Кириакос қатты қарсылық көрсетпейді және ақырындап өмірінде үлкен өзгерістер жасай бастайды. Куәгерлермен алғаш кездескеннен кейін шамамен 40 жыл өткен соң, Георгина күйеуі Кириакостың шомылдыру рәсімінен өткенін көреді! Оны осындай қадам жасауға не талпындырды екен? “Георгинаның табандылық танытқанына қуанамын”,— дейді ол. Ал Георгина былай дейді: “Күйеуім қанша қарсылық көрсетсе де, мен Құдайға ғибадат етуді тоқтатпауға бел будым. Сондай-ақ Ехобаға үнемі дұға етумен болдым және үмітімді еш үзбедім”.

ЖАҢА БОЛМЫСҚА ИЕ БОЛУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Жұбайыңа шындыққа келуге көмектесу үшін тағы бір нәрсеге мән берген маңызды. Бұл — жаңа болмысқа ие болу. Елші Петір мәсіхші әйелдерге мынадай кеңес берген: “Әйелдер, күйеулеріңе бағыныңдар. Осылайша Құдай сөзіне мойынсұнбайтын күйеулерің осы сөз арқылы емес, жүріс-тұрыстарың арқылы оған мойынсұнатын болсын” (Пет. 1-х. 3:1). Күйеуі жылдар бойы шындыққа бет бұрмаса да, Кристин есімді бауырласымыз осы кеңесті қолданып жүрді. Ол осыдан 20 жыл бұрын Куәгерлердің қатарына қосылған еді. Алайда күйеуі Джон сол кезде Құдайға сенбейтін. Джон ешқандай дінді қабыл алғысы келмеді, десе де Кристиннің жақында қабыл алған діні ол үшін қаншалықты маңызды екенін көретін. “Бұл оны бақытты етті,— дейді Джон.— Оның рухы нығайып, мен үшін нағыз тірек болды. Кристин маған өмірдің көптеген қиын белестерінен өтуге көмектесті”.

Кристин күйеуіне ешқашан өз дінін тықпаламайтын. Джон бұған қатысты былай дейді: “Кристин о бастан-ақ менімен бұл тақырыпта сөйлеспеген дұрыс екенін түсінетін. Ол шыдамдылық танытып, шындықпен өз бетімше танысуыма жағдай жасады”. Кристин “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарындағы ғылым, табиғат және басқа да Джонға ұнайды-ау деген тақырыптарды көргенде: “Мынау саған қызық болатын сияқты”,— деп, оларды күйеуіне көрсететін.

Кейін Джон зейнетке шығып, бақшада жұмыс істей бастайды. Енді ой жүгіртуге көбірек уақыты болғандықтан, оның көкейінде өмірге қатысты әртүрлі сұрақтар туындайды. Мысалы, ол: “Адамдар өздігінен пайда болды ма, әлде белгілі бір мақсатпен жаратылды ма?”— деп ойланады. Бір күні Джонмен бір бауырлас сөйлесіп отырып, оған зерттеу сабағын ұсынады. Сонда Джон: “Неге бастамасқа? Қазір мен Құдайға сене бастадым ғой”,— деп, оның ұсынысын қабыл алады.

Кристиннің үмітін еш үзбегені қаншалықты маңызды болды десеңдерші! Ол 20 жыл бойы Джон үшін дұға айтып келді. Ақырында Джон шомылдыру рәсімінен өтті. Қазір олар екеуі бірге Ехобаға құлшыныспен қызмет етіп жүр. Джон былай дейді: “Маған екі нәрсе қатты әсер етті. Біріншіден, Куәгерлер маған мейірімділік пен достық пейіл танытты. Сондай-ақ Ехоба куәгерімен некеде болсаң,  жұбайың адал, сенімді және жанқияр адам деген сөз”. Иә, Кристин Петірдің 1-хаты 3:1-гі кеңеске құлақ асты әрі бұл керемет нәтиже әкелді!

ТҰҚЫМ КӨП ЖЫЛДАН КЕЙІН ӨНІМ БЕРУІ МҮМКІН

Кезінде Киелі кітапты зерттеген, бірақ кейін қандай да бір себеппен қызығушылығын жоғалтқан адамдар жайлы не деуге болады? Сүлеймен патша былай деген: “Таңертең тұқымыңды сеп, кешке де қол қусырып отырма! Өйткені қайсысының өнімді боларын, анаусы ма, мынаусы ма, әлде екеуі де бітік шыға ма, соны білмейсің” (Уағ. 11:6). Кейде шындық тұқымы жылдар бойы өнім бермейді. Бірақ ақырында адам Құдайға жақындаудың маңыздылығын түсінуі мүмкін (Жақ. 4:8). Кім біледі, бәлкім, сені де осындай тосын сый күтіп тұрған шығар.

Үндістаннан Англияға көшіп барған Элистің оқиғасына назар аударайық. Ол 1974 жылы Киелі кітап зерттеу сабағын бастайды. Элис хинди тілінде сөйлейтін және ағылшын тілін жақсартқысы келетін. Ол Киелі кітапты бірнеше жыл бойы зерттейді және бірнеше рет ағылшын тіліндегі қауымға барады. Біліп жатқандары шындық екенін түсінсе де, ол бұған маңызды нәрсе деп қарамайды. Оның үстіне, Элис ақшақұмар болатын және той-думанды жақсы көретін. Ақырында, ол зерттеуді тоқтатады.

Шамамен 30 жылдан кейін Элис өзімен зерттеу сабағын өткізген Стелла есімді бауырласқа хат жазады. Ол хатын былай деп бастайды: “1974 жылы сенімен зерттеу сабағын өткен қызығушының жақында болған облыстық конгресте шомылдыру рәсімінен өткенін білгенде, қатты қуанатыныңа сенімдімін. Сен кезінде жүрегіме шындық тұқымын сеуіп, менің өміріме әсер еттің. Мен сол кезде Құдайға өмірімді арнауға дайын болмасам да, шындықтың тұқымын жүрегімнің түбінде сақтап қойған едім”.

Элистің Стеллаға жазған хатында былай делінген еді: “1974 жылы сенімен зерттеу сабағын өткен қызығушының жақында болған облыстық конгресте шомылдыру рәсімінен өткенін білгенде, қатты қуанатыныңа сенімдімін”

Оған не әсер етті екен? 1997 жылы күйеуі қайтыс болғаннан кейін, Элис қатты жан күйзелісіне ұшырайды. Ол Құдайға дұға айтады. Он минут өтер-өтпестен панджаби тілінде сөйлейтін екі бауырлас оның үйіне келіп, “Өлген сүйіктілер үшін қандай үміт бар?” деген трактатты береді. Элис дұғасына жауап алғанын түсініп, Ехоба куәгерлерін тауып алуды шешеді. Бірақ оларды қалай табуға болар еді? Элис мекенжайлар жазылған ескі кітапшасын тауып алады. Ол жерде кезінде Стелла берген панджаби қауымының мекенжайы жазылған екен. Сөйтіп, Элис Патшалық сарайына барады. Панджаби тілінде сөйлейтін бауырластар оны жылы қарсы алады. “Бауырластардың сүйіспеншілігі жүрегімде терең із қалдырып, жаныма жұбаныш берді”,— дейді Элис.

Ол Киелі кітап зерттеуді қайта қолға алып, қауым кездесулеріне үзбей баратын болды. Сондай-ақ панджаби тілінде еркін сөйлеп, оқуды үйренді. Ал 2003 жылы шомылдыру рәсімінен өтті. Элис Стеллаға жазған хатын былай тамамдады: “29 жыл бұрын жүрегіме шындық тұқымын сеуіп, маған жақсы үлгі көрсеткенің үшін саған деген алғысым шексіз”.

“29 жыл бұрын жүрегіме шындық тұқымын сеуіп, маған жақсы үлгі көрсеткенің үшін саған деген алғысым шексіз. Ізгі ниетпен, Элис.”

Осы оқиғалардан қандай түйін жасаймыз? Қызығушының рухани өсімі сен күткеннен ұзағырақ уақыт алуы мүмкін. Алайда ол Құдай жайлы білімге сусаған, шыншыл әрі кішіпейіл болса, Ехоба шындық тұқымының жүрегінде тамыр жаюына көмектеседі. Осыған қатысты Исаның қандай астарлы әңгіме айтқаны есіңде ме? Ол былай деген: “Тұқым көктеп шығып, өсе бастайды. Әлгі кісі оның қалай өсіп жатқанын білмейді. Жер өздігінен бірте-бірте өнім әкеледі: алдымен, көк өскін, сосын, масақ шығады, ал ақырында, масақ дәнмен толысады” (Мар. 4:27, 28). Мұндай өсім бірте-бірте және “өздігінен” болады. Шынында да, Патшалықтың әрбір жариялаушысы тұқымның қалай өсіп жатқанын білмейді. Ендеше жомарт себе бер, өйткені мол өнім алуың әбден мүмкін.

Сондай-ақ дұға етудің де маңыздылығын ұмытпаған жөн. Георгина мен Кристин Ехобаға үзбей дұға етті. Сен де “ұдайы дұға етіп”, үмітіңді ешқашан үзбесең, “көптеген күндер өткен соң” су бетіне ағызып жіберген наныңды қайтадан тауып аларсың (Рим. 12:12; Уағ. 11:1 Тт).