Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 ӨМІРБАЯН

Ехобаға мойынсұнғаным маған көп бата әкелді

Ехобаға мойынсұнғаным маған көп бата әкелді

“Нұх еліктеуге тұрарлық керемет үлгі қалдырды! Ол Ехобаға құлақ асқан және отбасын жақсы көрген. Кемеге кіргендіктен, ол бүкіл отбасымен Топан судан аман қалды”

БҰЛ — кішкентай кезімнен есімде қалған қарапайым да, еңбекқор әкемнің сөздері. Әкем әділдікті жақсы көретін кісі болғандықтан, 1953 жылы Киелі кітап хабарын бірден қабылдады. Содан бері ол бізге, өз балаларына, естіп-білгендерін үйрету үшін барын салатын. Анам алғашында католик дінінің салт-жораларынан бас тартқысы келмейтін. Бірақ уақыт өте ол да Киелі кітап ілімдерін қабылдады.

Ата-анама бізбен зерттеу өткізу оңайға соқпайтын. Өйткені анамның сауаты жоқ болатын, ал әкем егіндікте ұзақ және ауыр еңбек ететін. Кейде әкемнің шаршайтыны сонша — зерттеу кезінде қалғып отыратын. Алайда ол өз еңбегінің жемісін көрді. Балалардың ішінде үлкені мен болғандықтан, сіңліммен және екі ініммен зерттеу өтуге ата-анама көмектесетінмін. Зерттеу барысында әкемнің бізге жиі айтып беретін мысалын, атап айтқанда, Нұхтың Құдайға құлақ асуымен өз отбасын сүйетінін көрсеткені туралы қарастыратынбыз. Мен осы Киелі кітап оқиғасын қаншалықты жақсы көрдім десеңші! Көп ұзамай отбасы мүшелеріміздің бәрі Италиядағы Адреатик теңізінің жағалауында орналасқан Розето-дельи-Абруцци деген қаладағы Патшалық сарайында өтетін қауым кездесулеріне баратын болдық.

1955 жылы анам екеуміз батысқа қарай таулардан өтіп Римдегі алғашқы конгреске барғанда, мен небәрі 11 жаста болатынмын. Сол конгрестен кейін мен осындай үлкен жиындарды қатты жақсы көріп кеттім.

Келесі жылы мен шомылдыру рәсімінен өтіп, көп ұзамай толық уақытты қызметке кірістім. 17 жасымда үйімнен шамамен 300 шақырым жерде орналасқан Римнің оңтүстігіндегі Латина қаласына арнайы ізашар ретінде тағайындалдым. Бұл жаңа қала болғандықтан, ондағы тұрғындар басқалар не ойлап қалады деп қорықпайтын. Осының арқасында олар ізашар серігім екеумізден Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді алудан тартынбайтын. Сол жерде қызмет ету маған көп қуаныш әкелсе де, жас болғандықтан үйімді сағынатынмын. Бірақ мен еш нәрсеге қарамастан Ехобаның айтқанын орындауға белімді бекем буған едім.

Біздің некелескен күніміз

Кейін мен 1963 жылы өткен “Мәңгілікке жалғасатын ізгі хабар” деген халықаралық конгреске дайындық жұмыстарына көмектесу үшін Милан қаласына тағайындалдым.  Конгресс кезінде мен де басқа бауырластар сияқты ерікті қызметші болдым. Сол бауырластардың арасында Флоренциядан келген Паоло Пичоли есімді жас ер бауырлас та болатын. Конгрестің екінші күнінде ол салтбастылар туралы жігерлендірерлік баянадама айтты. Сол кезде “бұл бауырлас ешқашан үйленбейтін шығар” деп ойлағаным есімде. Бірақ біз бір-бірімізбен хат алысып, мақсаттарымыз, Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз және оның айтқандарына құлақ асуға деген ықыласымыздың бірдей екенін көрдік. Паоло екеуміз 1965 жылы үйлендік.

ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ

Мен Флоренцияда 10 жыл бойы жалпы ізашар болып қызмет еттім. Ол жердегі қауымдардың өсіп жатқанын, әсіресе жастардың рухани қадамдар жасап жатқанын көру көп қуаныш әкелді. Паоло екеуміз сол жастармен рухани тақырыптарға сөйлесуді, демалуға баруды ұнататынбыз. Паоло олармен жиі футбол ойнайтын. Әрине, мен күйеуіммен уақыт өткізгенді жақсы көретінмін, бірақ қауымдағылар да оның көңіл мен уақыт бөлгенін қажет ететінін түсінетінмін.

Сол кездері көптеген зерттеу сабағын жүргізгенімізді есіме алсам, бұл маған көп қуаныш әкеледі. Зерттеушілеріміздің бірі Адриана деген әйел еді. Ол білгендерін басқа екі отбасына айтып жүретін. Кейін бұл отбасылар үштік сенім және өлмес жан туралы ілімдерді талқылау үшін дін қызметкерімен кездесу ұйымдастырды. Кездесуге жоғары дәрежелі үш шіркеу қызметкері келді. Олардың бұл ілімдерді түсіндіргені ақылға қонымсыз және түсінуге қиын еді. Сонда біздің зерттеушілеріміз олардың ілімдерінің Киелі кітапқа қайшы екенін бірден аңғарды. Бұл кездесу оларға шешім қабылдауға көмектесті. Уақыт өте осы отбасылардың 15 мүшесі Куәгер болды.

Әрине, біздің қазіргі уағыздау әдісіміз өзгеше. Ал ол кездері Паоло дін қызметкерлерімен Киелі кітап ілімдерін талқылау үшін жиі кездесетін әрі осындай кездесулердің арқасында ол ілімдерімізді түсіндірудің қас шебері болып алды. Сондай кездесулердің бірінде Паолоның бір топ Куәгер емес адамдардың алдында тұрып сөйлегені есімде. Қарсыластар Паолоны тығырыққа тірейтін сұрақтар қоюы үшін тыңдаушылардың арасынан алдын ала бірнеше адам дайындаған екен. Алайда жағдай дін қызметкерлері ойластырғаннан басқа болып шықты. Бір адам Паолодан шіркеу қызметкерлерінің ғасырлар бойы саясатқа араласып келе жатқандары дұрыс па деп сұрады. Сол кезде дін қызметкерлері абдырап қалды. Кенет жарық сөніп қалды да, кездесуді аяқтауға тура келді. Дін қызметкерлері кездесу кезінде өздері күтпеген жағдай орын алса, жарықты сөндіріп тастауды келісіп алғандарын бірнеше жылдан кейін ғана білдік.

ЖАҢА ҚЫЗМЕТ ТҮРІ

Отау құрғанымызға он жыл болғанда, Паоло аралаушы бақылаушы ретінде қызмет етуге шақырылды.  Бірақ шешім қабылдау оңай болған жоқ, өйткені оның жақсы жұмысы болатын. Алайда біз дұға айтып, қызметтің осы жаңа түріне атсалысуға келістік. Бізді қонақ еткен отбасыларымен бірге уақыт өткізуден қуаныш алатынбыз. Кешкі уақыттары біз жиі зерттеу үшін бас қосатынбыз, сосын Паоло бауырластардың балаларына үй тапсырмасын орындауға, әсіресе есеп шығаруға көмектесетін. Сондай-ақ Паоло оқығанды қатты жақсы көретін және қызықты әрі жігерлендірерлік ойлармен бөлісіп отыратын. Әдетте дүйсенбі күндері біз Куәгерлер жоқ қалаларға барып уағыздайтынбыз әрі адамдарды кешкі баяндамаға шақыратынбыз.

Біз жастармен уақыт өткізуді ұнататынбыз. Паоло олармен жиі футбол ойнайтын

Аралаушы бақылаушы қызметінде жүргенімізге екі-ақ жыл болғанда, біз Римдегі Бетелде қызмет етуге шақырылдық. Паоло заң бөлімінде, ал мен әдебиеттерге тапсырыс беру бөлімінде қызмет еттім. Өзгерістер жасау оңай болмады, бірақ біз мойынсұнғыш боламыз деген шешімімізде нық тұрдық. Бетелде көптеген жұмыстың атқарылып жатқанын және Италиядағы өсімді көру бір ғанибет болды. Сол уақытта Италиядағы Ехоба куәгерлері діни ұйым ретінде заңды түрде тіркелген еді. Бұл қызмет түрі бізге көп қуаныш әкелді.

Паоло Бетелде жұмыс істегенді жақсы көрді

1980 жылдың басында, әлі Бетелде қызмет етіп жүрген кезімізде, Куәгерлердің қан құйдырмауға қатысты көзқарасы Италияда заңмен қарастырылып жатты. Бір Куәгер ерлі-зайыптыға қан құйдырудан бас тартқандары үшін қыздары қайтыс болды деген жала жабылды. Шын мәнінде олардың қыздары Жерорта теңізі аумағында кең тараған қан ауруынан қайтыс болған еді. Бетелдегі бауырластар бұл ерлі-зайыптыны қорғаған заңгерлерге көмектесті. Адамдарға бұл жағдайға қатысты барлық шындықты айту үшін және Құдай Сөзіндегі қанға қатысты көзқарасты дұрыс түсіндіру үшін, арнайы парақша мен “Ояныңдар!” журналының арнайы басылымы шығарылды. Сол айларда Паоло күніне 16 сағаттан жұмыс істеді. Оған осындай оңай емес уақыттарда қолдау көрсету үшін, қолдан келгеннің бәрін істедім.

ӨМІРІМДЕГІ ТАҒЫ БІР ӨЗГЕРІС

Отау құрғанымызға 20 жыл болғанда, күтпеген жағдай орын алды. Мен аяғымның ауыр екенін біліп, бұл жайлы Паолоға айттым. Ол кезде Паоло 49 жаста болатын, ал өзім 41-де едім. Кейін оның күнделігінен осы күн туралы былай деп жазған дұғасын оқыдым: “Бұл рас болса, толық уақытты қызметімізде қала беруге, рухани босаңсымауға және ата-ана ретінде жақсы үлгі көрсетуге көмектесші. Ең бастысы, 30 жыл бойы сахнадан айтқандарымның ең болмағанда 1 пайызын өмірімде қолдануға көмектесші”. Қазір күйеуімнің осы сөздері туралы ойласам, Ехобаның шынымен де екеуміздің дұғаларымызға жауап бергенін көремін.

Иларияның дүниеге келуі өмірімізге үлкен өзгерістер әкелді. Шынымды айтсам, “Тап болған қиындыққа мойығаның — Тым аздығы бойыңдағы қуатыңның!” деп Нақыл сөздер 24:10-да жазылғандай, көңіліміз құлазыған кездер болды. Бірақ  біз жігерлендірудің қаншалықты маңызды екенін есімізде ұстап, бір-бірімізге қолдау көрсетіп жүрдік.

Илария толық уақытты қызметке белсене қатысқан Куәгерлердің отбасында туылғанына қатты қуанатынын жиі айтады. Ол өзін жақсы көретін әрі қамқорлайтын бақытты отбасында өсті. Мен күні бойы оның жанында болып, оған қарайтынмын. Ал кешке Паоло үйге келгенде өзінің аяқтауы керек жұмысы көп болғанына қарамастан, қызымен бірге уақыт өткізетін, ойын ойнайтын, үй тапсырмасын жасауға көмектесетін. Жеке жұмыстарын түнгі сағат екі-үштерге таман бітіруге тура келсе де, ол осылай ететін. Сондықтан да Илария: “Әкем — менің ең жақын досым!”— деп жиі айтатын.

Әрине, Иларияның шындық жолында нық тұруына көмектесу үшін, біз оны әрдайым тәрбиелеп, жөнге салатынбыз, кейде бұлай ету үшін қаталдау болуға тура келетін. Бірде ол досымен ойнап жүріп, оның бұзықтық жасағаны есімде. Біз оған Киелі кітаптың көмегімен неліктен бұлай ету дұрыс емес екенін түсіндірдік. Сондай-ақ біздің көзімізше досынан кешірім сұраттық.

Илария ата-анасының қызметті жақсы көргені оның да қызметке деген ықыласын оятқанын айтады. Қазір ол тұрмыс құрған әрі Ехобаға мойынсұнып, оның басшылығына жүгінудің қаншалықты маңызды екенін бұрынғыдан бетер жақсы түсінеді.

ҚИЫН УАҚЫТТА ДА МОЙЫНСҰНУ

2008 жылы Паолоның қатерлі ісікке шалдыққаны анықталды. Алғашында Паолоның жағдайы жақсарып кететіндей көрінетін әрі ол маған жігер беріп отыратын. Біз Паолоны емдейтін ең жақсы дәрігерлерді табуға тырыстық. Илария екеуіміз Ехобаға айтқан ұзақ дұғаларымызда бізге күш беріп, бәріне төзуге көмектесуін сұрадық. Кезінде мықты да қайратты болған адамның көз алдымда әлсіреп жатқанын көру жаныма қатты батты. 2010 жылы оның дүниеден өтуі маған ауыр соққы болды. Алайда 45 жыл бойы атқарған қызметімізде көп нәрсе жасай алғанымыз үшін қатты қуанамын. Біз Ехобаға қолымызда бардың ең жақсысын бердік әрі Ехобаның мұны ешқашан ұмытпайтынын білемін. Жохан 5:28, 29-дағы Исаның айтқан сөздеріне сай, Паолоның қайта тірілетін уақытын асыға күтудемін.

“Жүрегімнің түбінде мен өзімді Нұхтың оқиғасын сүйіп тыңдайтын кішкентай қыз сияқты сезінемін. Менің Ехобаға мойынсұнуға деген шешімім еш өзгерген жоқ”

Жүрегімнің түбінде мен өзімді Нұхтың оқиғасын сүйіп тыңдайтын кішкентай қыз сияқты сезінемін. Менің Ехобаға мойынсұнуға деген шешімім еш өзгерген жоқ. Мен Ехобаның кез келген нұсқауына құлақ асуға дайынмын. Әрине, бәріміз де кейде қиындықтарға кезігеміз, құрбандықтарға барамыз, тіпті жақындарымыздан айырылып жатамыз, бірақ сүюші Әкеміз Ехобаның баталары бұлардың орнын толтыратынына сенімдімін. Мен мұны өз тәжірибемде көрдім және бұл соған тұрарлық екеніне басқалардың да көз жеткізгендерін қалаймын.