Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Шындық жолында екеніңе неге сенімдісің?

Шындық жолында екеніңе неге сенімдісің?

“Құдайдың ізгі де ұнамды әрі кемелді еркіне не жататынына көз жеткізіңдер” (РИМ. 12:2).

1. Мәсіхшілер әлемінің дінбасылары соғыс уақытында не істеген?

ҚҰДАЙ шынайы мәсіхшілердің соғысқа қатысып, өзге ұлт адамдарын өлтіргенін қалай ма? Өздерін мәсіхші деп атайтындар соңғы 100 жылда бір-бірін қырумен болды. Католиктер мен католиктер, протестанттар мен протестанттар өзара соғысып, тіпті екі жақтың діни қызметкерлері өз жасақтары мен қару-жарағына батасын беретін. Екінші дүниежүзілік соғыс — осындай қантөгістің бірден-бір дәлелі.

2, 3. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және одан кейін де Ехоба куәгерлері не істеген және неге?

2 Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ехоба куәгерлері не істеген? Тарихи жазбалардан білетініміздей, олар бейтараптық сақтаған. Бұның себебі неде? Олардың ұстанымы, бірінші кезекте, Исаның үлгісі мен ілімдеріне негізделген еді. Ол: “Менің шәкіртім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген (Жохан 13:35). Сонымен қатар олар елші Пауылдың қорынттықтарға жазған хатындағы принциптерді есте ұстаған, әрі оны өз жағдайларына қатысты қолданған (Қорынттықтарға 2-хат 10:3, 4 оқы).

3 Шынайы мәсіхшілер ар-ұждандарын Киелі кітап бойынша тәрбиелейтіндіктен, соғыстарға қатыспайды,  соғысуды үйренбейді де. Бейтараптық сақтайтындықтан — жас-кәрі, әйел-еркек демей — мыңдаған Куәгер қуғындалуда. Ал біразы еріксіз еңбек лагерінде жүр не түрмеде отыр. Нацистік Германияның тұсында біршамасы тіпті өлім құшқан. Еуропадағы Куәгерлер аяусыз қуғынға ұшырағандарына қарамай, өздерінің басты тапсырмасын — Ехобаның Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздауды — ұмытқан емес. Түрмеде не концлагерьде отырса да, жер аударылса да, Куәгерлер уағыздауды доғармаған *. 1994 жылы Руандада этникалық қырғын болғанда да, Куәгерлер оған қатыспаған. Олар біраз жыл бұрын Югославияның ыдырауымен аяқталған Балқан елдеріндегі қантөгісте де бейтараптықтарынан таймады.

4. Ехоба куәгерлерінің бейтараптық сақтайтыны өзгелерге қалай әсер етеді?

4 Дүниежүзіндегі мыңдаған адам үшін Ехоба куәгерлерінің бейтараптығы олардың Құдайға және өзгелерге деген шынайы сүйіспеншілігінің дәлелі болып табылады. Басқаша айтқанда, олар Куәгерлердің шынайы мәсіхшілер екеніне сенімді. Өзгелер үшін мұның дәлелі болатын басқа да жайттар бар.

ТАРИХТАҒЫ ЕҢ КЕРЕМЕТ АҒАРТУ ІСІ

5. Мәсіхтің ертедегі шәкірттері қандай өзгеріс жасау керек болды?

5 Иса қызметін бастаған кезден-ақ Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жариялаудың маңыздылығына баса назар аударған. Кейінірек ол дүниежүзілік уағыздау ісінің негізін қалау үшін 12 шәкірт таңдап алды. Бұдан кейін тағы да 70 шәкіртін уағыздау ісіне баулыды (Лұқа 6:13; 10:1). Иса оларды алдымен яһудилерге ізгі хабарды жеткізуге дайындады. Ал сосын күтпеген жайт орын алды: шәкірттер сүндеттелмеген басқа ұлт өкілдеріне де ізгі хабарды жариялайтын болды! Яһуди шәкірттер үшін бұл үлкен өзгеріс еді (Ел. іс. 1:8).

6. Петір Ехобаның ешкімді алаламайтынын қалай түсінді?

6 Ехоба елші Петірді сүндеттелмеген халықтан шыққан Корнелдің үйіне жұмсады. Сол кезде Петір Құдайдың ешкімді алаламайтынын түсінді. Корнел мен оның үй іші шомылдыру рәсімінен өтті. Осылай мәсіхшілер үшін ұлан-ғайыр жаңа аумақ ашылды. Енді барлық ұлттар Құдай туралы шындықты ести алатын болды (Ел. іс. 10:9—48). Сол кезден бастап уағыздау ісі дүниежүзі бойынша жүрмек еді.

7, 8. Ехоба куәгерлері ізгі хабарды халықтарға жеткізу үшін қандай іс атқаруда? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

7 Бүгіндегі Ехоба куәгерлерінің ұйымында басшылықты қолға алғандар ізгі хабарды уағыздау мен тәлім беру ісі дүниежүзі бойынша атқарылу үшін барын салуда. Қазіргі таңда сегіз миллионнан аса құлшынысты Куәгер бар. Олар Иса бастаған істі 600-ден аса тілде жалғастыруда, әрі бұл сан өсіп келеді. Ехоба куәгерлері үйме-үй, көшеде, ал кейде әдебиет қоятын үстелдер мен арбаларды қолданып уағыздайтындарымен танымал.

8 Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді аудару үшін 2900-ден аса аудармашы арнайы дайындықтан өткен. Олар әдебиеттерімізді негізгі болып есептелетін тілдерге ғана аудармайды. Көпке танымал болмаса да, миллиондаған адам сөйлейтін басқа да жүздеген тілдерге аудару үшін көп күш салады. Мысалы, Испанияда тұратын миллиондаған каталон халқы күнделікті өмірде ана тілдерінде сөйлейді. Әсіресе соңғы жылдары каталан тілі Валенсия мен Аликанте өңірінде, Балеар аралдары мен Андоррада қайта  жанданды. Бүгінде Ехоба куәгерлері каталан тілінде әдебиеттер басып шығарады. Сондай-ақ каталондардың қауым кездесулері де жүректеріне жақын ана тілінде өткізіледі.

9, 10. Ехобаның ұйымы барлық халықтардың рухани мұқтаждықтарын ойлайтыны неден көрінеді?

9 Осындай аударма жұмысы мен тәлім беру ісі көп елдерде жүзеге асырылуда. Мысалы, Мексика — испан тілінде сөйлейтін ел, сөйтсе де онда өзге тілде сөйлейтін жергілікті тұрғындар аз емес. Солардың бірі — майя халқы. Мексикадағы филиал майя аударма тобын елдің сол тілде сөйлейтін аумағына орналастырды. Бұл шара аудармашылардың күнделікті өз тілдерін естіп, сөйлей алуы үшін жасалды. Тағы бір мысал — 29 миллионнан аса тұрғыны бар Непал елі. Оның тұрғындары шамамен 120 тілде сөйлейді. Ал непали тілінде 10 миллионнан астам адам сөйлейді, сондай-ақ көпшілік үшін ол екінші тіл болып табылады. Біздің әдебиеттеріміз осы тілде де шығады.

10 Ехобаның ұйымы Патшалық туралы ізгі хабардың жержүзінде уағыздалуына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Бұл дүниежүзіндегі аударма топтарына барынша қолдау көрсетіліп отырғанынан көрінеді. Науқан кездерінде дүниежүзі бойынша миллиондаған трактаттар, кітапшалар мен журналдар тегін таратылуда. Бұған жұмсалған шығынды Ехоба куәгерлерінің ерікті садақалары толтырып отырады. Олар Исаның: “Тегін алдыңдар — тегін беріңдер”,— деген нұсқауын ұстанады (Мат. 10:8).

Аудармашылар төменгі неміс тілінде (неміс тілінің диалектісі) әдебиеттер дайындап жатыр (10-абзацты қара)

Парагвайда төменгі неміс тіліндегі әдебиеттер қолданылады (Мақаланың басындағы суретті де қара)

11, 12. Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік уағыздау ісі өзгелер үшін ненің дәлелі?

11 Ехоба куәгерлері шындықты тапқандарына нық сенімді, сондықтан ізгі хабарды өзге ұлттар мен этникалық топтарға жеткізу үшін үлкен құрбандықтарға барады. Олардың көбісі уағыздау мен тәлім беру ісіне қатысу үшін қарапайым өмір сүруді шешкен, өзге тіл үйренген немесе басқа ұлттың мәдениетіне бейімделген. Осы халықаралық іс — көп адам үшін Ехоба куәгерлері Исаның шынайы ізбасарлары екенінің тағы бір дәлелі.

12 Куәгерлер осылардың бәрін шындықты тапқандарына сенімді болғандықтан істейді. Кейбір бауырластарымызға бұған тағы не сенімділік беретінін қарастырып көрейік (Римдіктерге 14:17, 18 оқы).

 ОЛАР ШЫНДЫҚТЫ ТАПҚАНЫНА СЕНІМДІ

13. Ехоба куәгерлері ненің арқасында ұйымды таза сақтайды?

13 Бүгіндегі адал бауырластар шындықты тапқандарына сенімді екендеріне түрлі себептер келтіреді. Мысалы, Ехобаға ұзақ уақыттан бері қызмет етіп жүрген бір бауырлас өз сезімін келесі сөздермен жеткізді: “Қауымда кімге кеңес беру не кімді жөнге салу керек болмасын, өнегелілік жағынан кіршіксіз таза болу үшін Ехобаның ұйымында көп күш салынады”. Куәгерлерге өнегелілік жағынан тазалық сақтауға не көмектеседі? Бұған Құдай Сөзіндегі талаптарды ұстанғандары және Иса мен оның шәкірттерінің үлгісіне еліктегендері көмектеседі. Осының арқасында Ехоба куәгерлерінің қазіргі тарихында Құдайдың талаптарын бұзғандықтан қауымнан шығарылғандардың саны аса көп емес. Құдайға ұнамсыз болған өмір жолын тастап, өзгергендерді қоса алғанда, Ехоба куәгерлерінің басым көпшілігі таза да үлгілі өмір салтын ұстанады (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11 оқы).

14. Қауымнан шығарылған мыңдаған адам не істеген және мұның нәтижесі қандай болған?

14 Жазбалардағы басшылыққа сай қауымнан шығарылуы тиіс болғандар жөнінде не деуге болады? Мыңдаған сондай адам күнәларына өкінгеннен кейін, қауымға қайта қабылданған (Қорынттықтарға 2-хат 2:6—8 оқы). Киелі кітаптағы жүріс-тұрысқа қатысты жоғары талаптарды ұстанудың арқасында мәсіхшілер қауымы таза сақталады. Осының арқасында олар Ехоба куәгерлерінің ұйымы Құдайға ұнамды екеніне сенімді. Куәгерлер өз білгендерінше өмір сүретін көптеген шіркеулердің мүшелері сияқты емес, Құдайдың талаптарына сай өмір сүреді. Сондықтан көп адамның олардың шындық жолында екеніне көзі жеткен.

15. Бір бауырластың шындық жолында жүргеніне неге сенімді екенін айтып бер.

15 Біраз жылдан бері шындық жолында жүрген тағы басқа бауырластар шындықты тапқандарына неге сенімді? Елуден асқан бір бауырлас былай дейді: “Жасөспірім күнімнен менің сеніміме келесі үш жайт тірек пен түп қазық болып келеді: біріншіден, Құдай бар; екіншіден, ол Киелі кітапты рухының жетелеуімен жаздырған; үшіншіден, ол бүгінде Куәгерлердің ұйымын қолдануда және оған батасын беріп отыр. Мен жылдар бойы зерттеп, әрқашан осы үш тіректің негізі берік екеніне көз жеткізіп отыруға тырысамын. Жылдар өткен сайын бұлардың әрқайсысының негізі берік бола түсуде. Бұдан сенімім нығайып, біз шындық жолында екенімізге деген сенімділігім артуда”.

16. Бір әйел бауырласқа не әсер еткен?

16 Нью-Йорктегі дүниежүзілік бас басқармада қызмет ететін тұрмыстағы  бір бауырлас Ехобаның ұйымы жайлы келесідей сөздер айтты: “Бұл — Ехобаның есімін талмай жариялап жүрген жалғыз ұйым. Киелі кітапта шамамен 7000 рет кездесетін Құдай есімін өзгелерге ашу керек қой! Шежірелер 2-жазба 16:9-да жазылған: “Жаратқан Ие Өзіне шын жүректен бағышталып, адал болып жүргендерді күш-қуат беріп қолдау үшін, бүкіл жер жүзін назарында ұстап отырады”,— деген сөздер мені қатты жігерлендіреді. Шындықтың арқасында түсінгенім — Ехоба молынан күш-қуат беріп қолдау үшін, мен оған бар жүрегіммен қызмет етуім керек. Ехобамен қарым-қатынасым — мен үшін ең қымбат нәрсе. Мен Исаның бізге Құдай туралы терең білім берудегі рөлін де жоғары бағалаймын”.

17. Бұрын атеист болған бауырлас не нәрсеге сенімді және неге?

17 Бұрын атеист болған бір бауырлас былай деп мойындады: “Мен жаратылыстарға қарап, Құдай өмірдің рақатын көргенімізді қалайтынын байқадым. Демек, ол қазіргі қайғы-қасіреттің мәңгіге жалғасуына жол бермейді. Мына дүниені құдайсыздық жайлап бара жатыр, ал Ехобаның халқының сенімі, құлшынысы мен сүйіспеншілігі артуда. Мұндай таңғажайып жайт тек Ехобаның рухының арқасында болуы мүмкін” (Петірдің 1-хаты 4:1—4 оқы).

18. Екі бауырластың жоғарыда айтқан сөздеріне қатысты сен не ойлайсың?

18 Көп жылдардан бері Ехобаға қызмет етіп жүрген тағы бір бауырлас уағыздап жүрген хабарымыздың шындық екеніне көзін жеткізген жайттар туралы былай деді: “Біраз жылдар зерттей келе, Куәгерлердің бірінші ғасырдағы мәсіхшілікті қалпына келтіру үшін елеулі еңбек сіңіргеніне көзім жетті. Дүниенің шартарабына сапарлап жүріп, жержүзіндегі Ехоба куәгерлерінің арасындағы бірлікті өз көзіммен көрдім. Киелі кітаптағы шындық мені қанағат сезімі мен бақытқа бөледі”. Алпыстан асқан бір бауырластан шындықты тапқанына неге сенімді екенін сұрағанда, ол Иса Мәсіхке назар аударып былай деді: “Біз Исаның өмірі мен қызметін мұқият зерттеп, оның үлгісіне еліктеуіміз керектігін түсіндік. Иса Мәсіх арқылы Құдайға жақындау үшін өмірімізде өзгерістер жасадық. Оның төлем құрбандығы құтқарылуға жеткізетінін мойындадық. Біз оның қайта тірілгенін білеміз. Бұл туралы болған жайтты өз көзімен көрген сенімді адамдар жазып кеткен” (Қорынттықтарға 1-хат 15:3—8 оқы).

ШЫНДЫҚТЫ ӨЗГЕЛЕРДЕН ЖАСЫРМА

19, 20. а) Пауыл Римдіктерге жазған хатында қандай міндетімізге баса назар аударған? ә) Ехобаға бағышталған мәсіхшілер ретінде бізге қандай мәртебе берілген?

19 Мәсіхшілер айналасындағы адамдарды жақсы көреді, сондықтан өздері білетін құнды шындықты өзгелерден жасырмайды. Пауыл Римдегі бауырластарға былай деп жазған: “Егер “аузыңдағы осы сөзді”, яғни Исаның Иеміз екенін, ел алдында жарияласаң және Құдайдың оны өлімнен қайта тірілткеніне шын жүректен сенсең, онда құтқарыласың. Өйткені адам шын жүректен сену арқылы әділдікке ие болады, ал сенімін аузымен жариялау арқылы құтқарылады” (Рим. 10:9, 10).

20 Ехобаның бағышталған Куәгерлері ретінде біз шындық жолында екенімізге сенімдіміз. Сондай-ақ бізге Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздау мәртебесі берілгенін түсінеміз. Ендеше жұртқа Киелі кітаптағы шындықты жеткізіп қана қоймай, шындық жолында жүргенімізге кәміл сенімді екенімізді де көрсетейік.

^ абзац 3 “Ехоба куәгерлері Құдай Патшалығын жариялайды” (ор.) кітабының 191—198, 448—454 беттерін қара.