Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Исаның батылдығы мен қырағылығына еліктейік

Исаның батылдығы мен қырағылығына еліктейік

“Сендер оны ешқашан көрмесеңдер де, сүйесіңдер. Қазір де көріп жүрген жоқсыңдар, сонда да оған сенесіңдер” (ПЕТ. 1-Х. 1:8).

1, 2. а) Құтқарылу үшін не істеуіміз керек? ә) Құтқарылуға жеткізетін жолдан ауытқып кетпеуімізге не көмектеседі?

ИСАНЫҢ шәкірті болғанда, біз былайша айтқанда, сапарға шықтық. Бұл сапар бізді, үмітімізге қарай, көктегі не жердегі өмірге жеткізеді. Иса: “Соңына дейін [өмірінің не осы зұлым заманның соңына дейін] табандылық танытқан адам құтқарылады”,— деген (Мат. 24:13). Иә, өмірге апаратын адалдық жолынан тайып кетпесек, құтқарыламыз. Бірақ біз сапарымыздың барысында көңіліміз алаңдап не адасып кетуден сақ болуымыз керек (Жох. 1-х. 2:15—17). Алған бетімізден ауытқып кетпеу үшін не істеуге болады?

2 Иса бізге керемет үлгі қалдырды. Оның өмірлік сапары туралы Киелі кітапта жазылған. Сол жайлы оқитын болсақ, Исаның қандай болғанын білеміз. Оны сүюді әрі оған сенуді үйренеміз (Петірдің 1-хаты 1:8, 9 оқы). Елші Петірдің айтуынша, Исаның бізге үлгі қалдыруының себебі — ол біздің өз ізімен тура жүруімізді қалаған (Пет. 1-х. 2:21). Демек, Исаның ізімен жүрсек, сеніміміз өз мақсатына жетеді, яғни құтқарыламыз *. Алдыңғы мақалада кішіпейілділік пен жылулық танытуда Исаға қалай еліктеуге болатыны талқыланды. Ал енді батылдық пен қырағылық танытуда қалай оның ізімен жүруге болатынын қарастырайық.

ИСАНЫҢ БАТЫЛДЫҒЫ

3. Батылдық деген не және батыл болуға не көмектеседі?

3 Батылдық адамды қиын кездерде нығайтып, оған қажыр-қайрат береді. Батыл болуды “қиындықтарға қарамай, нық тұру”, “туралық жағында болу”, сондай-ақ “қиын шақта мойымау не оған сеніммен төтеп беру” деп түсіндіруге болады. Батылдық қорқыныш, үміт және сүйіспеншілікпен қатар жүреді. Сонда қалай? Мысалы, Құдайға ұнамды қорқыныш адамнан қорықпауға күш береді (Сам. 1-ж. 11:7; Нақ. с. 29:25). Шынайы үміт болса басымызға түскен қиындықтың артында не тұрғанын көруге, сондай-ақ болашаққа сеніммен қарауға көмектеседі (Зәб. 27:14). Ал риясыз сүйіспеншілік басымызға қатер төніп тұрса да, батыл болуға талпындырады (Жох. 15:13). Құдайға арқа сүйейтін әрі оның Ұлының ізімен жүретін болсақ, батылдықтан кенде қалмаймыз (Зәб. 28:7).

4. “Ғибадатханада ұстаздардың ортасында” отырғанда, Иса қалай батылдық танытты? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

4 Тіпті 12 жасар кезінде Иса туралық жағында батыл тұрған. Балаң Иса ғибадатханадағы ұстаздардың ортасында отырғанда не болғанын еске алайықшы (Лұқа 2:41—47 оқы). Ғибадатханадағы ұстаздар Мұса Заңын да, яһудилердің әдет-ғұрыптарын да жетік білген. Соған қарамай, Иса үнсіз қалуды ойлаған да жоқ, қайта, “сұрақтар қойып отырды”. Ол жай ғана әуесқой балақайларға тән сұрақтар қоймағаны сөзсіз. Әлгі білікті ұстаздардың тапжылмай отырып тыңдағанынан Исаның ойландыратын сұрақтар қойғаны көрінеді. Ғибадатхана ұстаздары қитұрқы сұрақтармен Исаны сүріндіруге тырысса, бұларынан түк шықпас еді. Ұстаздарды қоса алғанда, Исаны тыңдағандардың бәрі “оның ұғымталдығына және берген жауаптарына қайран қалды”. Ал оның жауаптарының Құдай Сөзіндегі шындыққа сай болғанында сөз жоқ!

5. Иса жердегі қызметінің барысында қалай батылдық танытты?

5 Жердегі қызметінің барысында Иса түрлі жағдайларда батылдық танытқан. Ол жалған ілімдерімен халықты адастырып жүрген дінбасыларын тайсалмай әшкерелеген (Мат. 23:13—36). Азғын дүниенің әсеріне берілмеген (Жох. 16:33). Қарсыластары қудаласа да, уағыздауын доғармаған (Жох. 5:15—18; 7:14). Ғибадатханадағы сатушыларды еш қорықпастан қуып шығып, оны екі рет тазартқан (Мат. 21:12, 13; Жох. 2:14—17).

6. Жердегі өмірінің соңғы күні Иса қалай батылдық танытты?

6 Исаның қиын шақтарда мойымағаны туралы үзінділер сенімімізді нығайтады. Ендеше, жердегі өмірінің соңғы күні оның қалай батылдық танытқанын қарастырып көрейік. Ол өзіне опасыздық жасаларда оқиғаның қалай өрбитінін білген. Сөйтсе де Құтқарылу мейрамының асын ішіп отырғанда, Яһудаға: “Істеп жатқаныңды тезірек істе”,— деді (Жох. 13:21—27). Ал Гетсимани бағында өзін тұтқындауға келген сарбаздарға іздеп жүргендері өзі екенін айтуға қорықпады. Ол өміріне қауіп төніп тұрса да, шәкірттерін қорғап сөйледі (Жох. 18:1—8). Жоғарғы кеңестің алдында тергелгенде, Иса бас діни қызметкердің өзін өлім жазасына кесуге себеп іздеп тұрғанын білсе де, еш қорықпай өзінің Мәсіх әрі Құдай Ұлы екенін айтты (Мар. 14:60—65). Иса азап бағанасында өлгенге дейін мінсіздігінен таймады. Ал азап көріп, ақтық демін шығарарда, жеңімпаз үнмен: “Түгел орындалды!”— деп дауыстады (Жох. 19:28—30).

ИСАНЫҢ БАТЫЛДЫҒЫНА ЕЛІКТЕЙІК

7. Жастар, Ехобаның есімімен аталатындарыңды мақтан тұтасыңдар ма? Батыл екендеріңді қалай көрсетулеріңе болады?

7 Исаның батылдығына қалай еліктеуге болады? Мектепте. Жастар, сыныптастарың мен өзгелердің тиісетініне қарамай, Ехоба куәгері екендеріңді айтудан тартынбасаңдар, батыл болғандарың. Осылай Ехобаның атымен аталатындарыңды мақтан тұтатындарыңды көрсетесіңдер (Зәбүр 86:12 оқы). Сендерді эволюция теориясын шындық ретінде қабылдауға мәжбүрлейтін шығар. Бірақ Киелі кітапқа негізделген келелі дәлелдер әлемді Құдай жаратқанына сенімділік береді емес пе?! “Үміттеріңді түсіндіріп беруді талап еткендерге” тұғырлы жауап беру үшін, “Тіршіліктің бастауы. Бес маңызды сұрақ” кітапшасын қолданыңдар (Пет. 1-х. 3:15). Сонда Құдай Сөзіндегі шындықты қорғай алғандықтан қанағат табасыңдар.

8. Батыл уағыздауымызға қандай себептер бар?

8 Қызметте. Мәсіхші болғандықтан біз “Ехоба берген билікпен батыл сөйлеуіміз” керек (Ел. іс. 14:3). Батыл уағыздауымызға қандай себептер бар? Уағыздап жүрген хабарымыздың шындық екенін білеміз, өйткені ол Киелі кітапқа негізделген (Жох. 17:17). Біз “Құдаймен қызметтеспіз” әрі бізді киелі рух қолдап отыр (Қор. 1-х. 3:9; Ел. іс. 4:31). Құлшына уағыздағанымыз Ехобаға деген шын берілгеніміз бен өзгелерге деген сүйіспеншілігіміздің көрінісі екенін түсінеміз (Мат. 22:37—39). Батыл болсақ, үнсіз қалмай, адамдардың көзін соқыр етіп отырған жалған ілімдерді әшкере етеміз (Қор. 2-х. 4:4). Осылай жұрттың немқұрайдылығына, келеке-мазақ пен қуғын-сүргінге қарамай, ізгі хабарды талмай уағыздай береміз (Сал. 1-х. 2:1, 2).

9. Қиындықтарға кезіккенде қалай батыл бола аламыз?

9 Қиындықтарға кезіккенде. Құдайға арқа сүйесек, қиын шақтарда сенім мен батылдықтан айырылмаймыз. Мысалы, жақынымыздан айырылсақ, қайғырамыз, бірақ үмітімізді үзбейміз. Қайта, “жұбаныш атаулының қайнар көзі” Құдайдан жұбаныш іздейміз (Қор. 2-х. 1:3, 4; Сал. 1-х. 4:13). Ауыр науқасқа шалдықсақ не жарақат алсақ, қасірет шегеміз, бірақ мойымаймыз. Сондықтан Киелі кітап принциптеріне қайшы келетін кез келген ем-шарадан бас тартамыз (Ел. іс. 15:28, 29). Жан күйзелісіне ұшырасақ, “жүрегіміз бізді айыптайтын” шығар, бірақ “жүрегі жаралыларға жақын” Құдайымызға арқа сүйегендіктен сағымыз сынбайды * (Жох. 1-х. 3:19, 20; Зәб. 34:18).

ИСАНЫҢ ҚЫРАҒЫЛЫҒЫ

10. Қырағылық деген не және қырағы мәсіхшінің сөзі мен ісі қандай болады?

10 Қырағылық дегеніміз — жағдайға дұрыс баға бере білу, яғни жақсы мен жаманды ажыратып, дұрысын таңдай білу (Евр. 5:14). Қырағылықты “рухани жайттарға қатысты дұрыс баға бере білу қабілеті” деп түсіндіруге болады. Қырағы адам сөзімен де, ісімен де Құдайға ұнамды болуға тырысады. Мұндай адам сөзімен өзгенің жанын жараламайды, қайта, рухын көтереді (Нақ. с. 11:12, 13). Сондай-ақ ол “ашуға баяу” (Нақ. с. 14:29). Өмірлік сапарында еш ауытқымай, “тура жолмен алға басады” (Нақ. с. 15:21). Ендеше қырағылықты қалай дамытуға болады? Бұл үшін Құдай Сөзін зерттеп, білгенімізді өмірде қолдануымыз керек (Нақ. с. 2:1—5, 10, 11). Әсіресе тарихтағы ең қырағы адам Исаның үлгісіне еліктегеніміздің көп пайдасы тиеді.

11. Иса сөйлегенде қалай қырағы болған?

11 Исаның сөзінен де, ісінен де қырағы екені көрініп тұратын. Сөзі. Ізгі хабарды уағыздағанда, ол “ұнамды сөздерімен” тыңдаушыларын қайран қалдыратын (Лұқа 4:22; Мат. 7:28). Ол жиі Құдай Сөзінің сөйлеуіне мүмкіндік беретін: Жазбалардан үзінді оқитын не ауызша келтіретін, я болмаса ойын жеткізу үшін ең лайықты үзіндіні қолданатын (Мат. 4:4, 7, 10; 12:1—5; Лұқа 4:16—21). Сонымен қатар ол Жазбаларды тыңдаушыларының жүректеріне от беретіндей етіп түсіндіретін. Мысалы, қайта тірілгеннен кейін, Иса Еммаусқа бара жатқан екі шәкіртіне “Жазбалардың бәрінде өзі жайлы айтылғандарды түсіндіріп берді”. Кейінірек, сол шәкірттер: “Жазбалардың мәнін толығымен ашып бергенде, жүрегіміз жалындап кеткен жоқ па еді?”— деді (Лұқа 24:27, 32).

12, 13. Қандай мысалдардан Исаның ашулануға асықпайтын әрі байсалды адам болғаны көрінеді?

12 Ұстамдылығы мен көзқарасы. Қырағылығы Исаға ашулануға асықпай, ұстамды болуға көмектескен (Нақ. с. 16:32). Ол жұмсақ адам болған (Мат. 11:29). Шәкірттерінің қателіктеріне қарамай, әрқашан шыдамдылық танытқан (Мар. 14:34—38; Лұқа 22:24—27). Тіпті оған әділетсіздік жасалғанда да, ашу-ызаға берілмеген (Пет. 1-х. 2:23).

13 Сонымен қатар Иса қырағылығының арқасында байсалды болған. Ол Мұса Заңының талаптарын ғана емес, олардың рухын түсініп, соған сай әрекет еткен. Мысалы, Марқа 5:25—34 (Оқы.) тармақтарда жазылған оқиғаны оқып көрейік. Қан кетіп ауыратын бір әйел қаумалаған жұрттың арасынан өтіп, Исаның киіміне қолын тигізеді де, айығып кетеді. Заңға сай таза емес болып есептелетіндіктен, оның ешкімге жақындауына болмайтын (Мұс. 3-ж. 15:25—27). Бірақ Мұса Заңында мейірімділік пен адалдыққа да көп мән берілетінін білген Иса киіміне қолын тигізгені үшін әлгі әйелге ұрысып тастаған жоқ (Мат. 23:23). Қайта, мейіріммен: “Қызым, сеніміңнің арқасында айықтың. Уайымдамай қайта бер, жаныңа батқан дерттен сауықтың”,— деді. Қырағылығы Исаны осындай мейірімділік жасауға талпындырғаны жүрекке жылу береді емес пе?!

14. Иса қандай өмір жолын таңдады және одан таймау үшін не істеді?

14 Өмір жолы. Иса өмір жолын да қырағылықпен таңдап, сол жолдан таймаған. Ол өзін ізгі хабарды уағыздауға арнап, соны өмірлік ісі етті (Лұқа 4:43). Алған бағытынан ауытқымау үшін ол осы істі жақсылап атқарып, аяғына дейін жеткізе алуына ықпал ететін шешімдер қабылдаған. Бар уақыты мен күш-қайратын қызметке жұмсау үшін Иса қарапайым тұрмыс кешкен (Лұқа 9:58). Ол өзі өлгеннен кейін бастаған ісін жалғастыратын адамдар дайындау керек екенін көре білген (Лұқа 10:1—12; Жох. 14:12). Иса “осы заман аяқталғанша” ізбасарларына қолғабыс етуді уәде еткен (Мат. 28:19, 20).

ИСАНЫҢ ҚЫРАҒЫЛЫҒЫНА ЕЛІКТЕЙІК

Өзгелерді не қызықтыратынын байқап, олардың қажеттіліктерін әңгімеге арқау ет (15-абзацты қара)

15. Сөйлегенде қалай қырағылық танытуға болады?

15 Исаға тағы қай жағынан еліктеуге болатынын қарастырайық. Сөзіміз. Бауырластармен әңгімелескенде, біз көңілге тиетін емес, рухты көтеретін сөздер айтамыз (Ефес. 4:29). Өзгелерге Құдай Патшалығы туралы айтқанда да, сөздеріміздің жағымды болғанын қадағалаймыз (Қол. 4:6). Үй иесін не қызықтыратынын, сондай-ақ қажеттіліктерін байқап, соны әңгімеге арқау етеміз. Біз “жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығатынын” әрқашан есте ұстаймыз. Сонымен қатар нанымдарымызды түсіндіргенде, Киелі кітапты “сөйлетуге” тырысамыз. Сондықтан соның беделіне жүгінеміз, ал мүмкін болған жерде қажетті тармақты оқып береміз. Өйткені біздің сөзімізге қарағанда, Киелі кітаптағы хабардың әлдеқайда әсерлі екенін түсінеміз (Евр. 4:12).

16, 17. а) Ашулануға асықпайтын әрі байсалды екенімізді қалай көрсетуге болады? ә) Бар назарымыз қызметте болу үшін не істеуіміз керек?

16 Ұстамдылық пен көзқарасымыз. Қырағылық ашулануға асықпай, ұстамды болуымызға көмектеседі (Жақ. 1:19). Егер біреу бізді ренжітіп қойса, оның сөздері мен істерінің артында не тұрғанын түсінуге тырысамыз. Осылай етер болсақ, ашуға бой алдырмай, “кінәні кешіру” оңай болады (Нақ. с. 19:11). Қырағылық байсалды болуымызға да көмектеседі. Сонда өзгелердің біз толық түсінбейтін қиындықтарға кезігіп жүрген болуы мүмкін екенін есте ұстап, оларға тым көп талап қоймаймыз. Олардың уәжін тыңдап, орынды болған жерде дегендеріне көнуге даяр боламыз (Філіп. 4:5).

17 Өмір жолымыз. Исаның ізбасары болғандықтан біз үшін ізгі хабарды уағыздаудан асқан мәртебе жоқ. Бар назарымыз қызметте болу үшін алған бағытымыздан таймауға көмектесетін шешімдер қабылдаймыз. Біз рухани істерді әрқашан бірінші орынға қоямыз, сондай-ақ осы заманның ақыры келгенше өзекті іс болып отырған уағыздау ісіне барынша атсалысу үшін қарапайым тұрмыс кешеміз (Мат. 6:33; 24:14).

18. а) Құтқарылуға жеткізетін сапарымызды жалғастыру үшін не істеу керек? ә) Сен не істеуге бел будың?

18 Исаның тартымды қасиеттерінің кейбірі жөнінде ой жүгірткеніміз қандай тамаша болды! Оның басқа да қасиеттерін зерттеп, оған ұқсай түссек, зор батаға кенелеміз емес пе? Олай болса, Исаның ізімен тура жүруге бел буайық. Сонда құтқарылуға жеткізетін сапарымызды жалғастырып, Иса қалтқысыз еліктеген Құдайымыз Ехобаға жақындай түсеміз.

^ 2-абзац Петірдің 1-хаты 1:8, 9-дағы сөздер бірінші кезекте көкте өмір сүруге үміттенетін мәсіхшілерге арналған. Сөйтсе де ондағы принципті жерде өмір сүруге үміттенетіндерге қатысты да қолдануға болады.

^ 9-абзац Қиындықтарға кезіккенде батыл болғандар туралы келесі журналдардан оқы: “Күзет мұнарасы” (ор.) 1 желтоқсан 2000 жыл, 24—28 беттер; “Ояныңдар!” (ор.) 22 сәуір 2003 жыл, 18—21 беттер.