Оқырман сауалдары
Жұпар иістерді мүлдем көтере алмайтын бауырластарға қалай көмектесуге болады?
Жұпар иістерді мүлдем көтере алмайтындардың өмірі — барып тұрған қиямет. Күнделікті өмірде адамдармен кезікпеу мүмкін емес болғандықтан, олар иістерден қашып құтыла алмаса керек. Сөйтсе де мүмкін болған жағдайларда жиналыстар мен конгрестерге келетін бауырластардан әтір, иіссу қолданбауды өтінуге болатын шығар.
Әрине, ешқайсысымыз өзге бауырластың жиналысқа келуіне әдейі тосқауыл болғымыз келмейді. Бәріміз де қауымға келіп, жігерленуіміз керек қой (Евр. 10:24, 25). Сондықтан жұпар иістерді мүлдем көтере алмайтындықтан жиналыстарға келе алмай жүрген адам бұл мәселе жөнінде ақсақалдармен сөйлескісі келетін шығар. Жиналысқа келгенде, иіссу не әтір қолдануға тыйым салу Жазбаларға сай емес, әрі орынсыз болар еді. Әйтсе де ақсақалдар өзгелердің қандай қиындықтарға кезігіп жүргендерін түсінуге көмектесу үшін, қауым мүшелеріне мәлімет ұсынар. Жағдайға қарай олар Жергілікті қажеттіліктерде осы мәселеге қатысты бұрын жарық көрген мақаланы қарастырар не ілтипатпен хабарландыру жасар *. Бірақ мұндай хабарландыруды қайталай бермеген дұрыс. Себебі жиналыстарымызға үнемі жаңа адамдар келіп тұрады, әрі олар бұл мәселеден бейхабар. Біз олардың өздерін еркін сезінгенін қалаймыз. Иә, иіссу не әтірді жөнімен қолданатын ешкім де өзін ыңғайсыз сезініп қалмау керек.
Жергілікті жағдай мүмкіндік берсе, ақсақалдар кеңесі Патшалық сарайында иіс көтере алмайтындарға арналған оқшау бөлме болу үшін қам жасар. Мысалы, Патшалық сарайында трансляция жасалатын мәжіліс бөлмесі бар болса, бағдарламаны сол жерден тыңдауға болатын шығар. Ал мәселені мұндай тәсілмен де шешу мүмкін емес болса, бәлкім, бағдарламаның аудиожазбасын жасауға немесе үйінен шыға алмайтын бауырластардың жағдайындағыдай, телефонмен тыңдауға жағдай жасауға болар.
Соңғы жылдары “Біздің патшалық қызметімізде” аймақтық конгрестердің кезінде иіссу мен әтір қолданғанда, ерекше мұқият болуға қатысты кеңестер жазылып тұрады. Мұндай жиындар негізінен желдеткіштер орнатылған жабық ғимараттарда өтетіндіктен, иісі қатты шығатын әтірлерді абайлап қолдануға өтініш жасалады. Әсіресе аймақтық конгрестерде бұған ерекше ден қойған маңызды, себебі мұндай жиын өтетін жайларда әдетте иіс бармайтын жер табу мүмкін емес. Бірақ бұл өтініштің астарында қауым жиналыстарында әтір не иіссу қолдануға қатысты ереже орнатылсын деген ниет болмаған. Сондықтан аталмыш өтінішті бұлай түсіндірмеген жөн.
Соңғы күндері өмір сүріп жатқан біздер мұра еткен кемелсіздіктің салдарынан жапа шегеміз. Өзгелер қасіретімізді жеңілдетуге тырысса, біз бұған дән риза боламыз! Жұпар иістерді көтере алмайтын бауырластар қауымға келе алу үшін, иіссу не әтір қолданбау кейбіреулерге оңай емес шығар. Бірақ сүйіспеншілік бізді солай етуге талпындырады емес пе?!
Понти Пилаттың тарихта болған адам екеніне осы дүниелік дереккөздерде дәлелдер бар ма?
Киелі кітап оқырмандары Понти Пилатты Исаны соттап, өлім жазасына кескен адам ретінде таниды (Мат. 27:1, 2, 24—26). Бірақ оның есімі қазіргі заманғы тарихи кітаптарда да талай рет кездеседі. Бір еңбекте айтылғандай, тарихи әдебиеттерде басқа Рим әміршілеріне қарағанда, Понти Пилат жөнінде әлдеқайда көп әрі егжей-тегжейлі мәлімет табуға болады (“The Anchor Bible Dictionary”).
Яһуди тарихшысы Иосиф Флавий Понти Пилат Яһудеяны басқарып отырғанда елде орын алған қиындықтарды суреттегенде, Пилаттың атын үш рет атап өткен. Төртінші рет оның аты Яһуди тарихшысы Филонның еңбегінде аталады. Ал Рим императорларының тарихын жазған римдік жазушы Тацит Понти Пилаттың Тиберийдің тұсында Исаны өлім жазасына кескенін растаған.
1961 жылы археологтар Кесария қаласындағы (Израиль) ежелгі Рим театрында жүргізілген қазба жұмыстарының барысында латын тілінде Пилаттың есімі анық етіп қашалып жазылған тас тақташа тапты. Осы бетте көрсетілген сол тақташа бүтін емес, бірақ ондағы жазу мынадай болу керек: “Яһудея Префекті Понти Пилат (бұл) Тибериумді мәртебелі құдайларға бағыштаған”. Мұндағы “Тибериум” деген Рим императоры Тиберийдің құрметіне салынған ғибадатхана болса керек.
Әйел бауырлас зерттеу сабағын өткізіп жатқанда, қандай жағдайларда басын жабу керек?
“Күзет мұнарасының” (ор.) 2002 жыл, 15 шілдедегі санындағы “Оқырман сауалдары” айдарында әйел бауырлас жариялаушы болған ер адаммен бірге зерттеу сабағын өткізетін болса, оның шомылдыру рәсімінен өткен-өтпегеніне қарамай, басын жабу керек екені айтылған еді. Осы мәселені қарастыра келе, бұл басшылыққа өзгеріс енгізуді орынды деп таптық.
Әйел бауырлас шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырласпен бірге жүйелі өтетін зерттеу сабағына барып, зерттеуді жүргізсе, басын жабу керек. Бұлай етуімен ол қауымдағы басшылыққа қатысты Ехоба орнатқан тәртіпті құрметтейтінін көрсетеді. Себебі тәлім беру — ер бауырластарға жүктелетін міндет (Қор. 1-х. 11:5, 6, 10). Я болмаса оның зерттеу сабағын өткізуді ер бауырластан өтінуіне болады, әрине, егер ол бұған жарамды болса.
Ал егер әйел бауырлас жүйелі өтетін зерттеу сабағын өзінің күйеуі болып табылмайтын әрі шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушымен бірге өткізсе, Жазбаларға сай, одан басын жабу талап етілмейді. Десе де кейбір әйел бауырластарды ар-ұжданы тіпті осындай жағдайда да басын жабуға талпындыруы мүмкін.
^ 4-абзац 2000 жылдың 8 тамызындағы “Ояныңдар!” (ор.) журналының 8—10 беттеріндегі мақаланы қарастыруға болады.