Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Исаның бауырларын адалдықпен қолдайық

Исаның бауырларын адалдықпен қолдайық

“Бұларды ең кіші деген бауырларымның біріне жасағандарың — маған жасағандарың” (МАТ. 25:40).

1, 2. а) Иса жақын достарына қандай астарлы әңгімелер айтып берді? (Мақаланың басындағы суретті қара.) ә) Біз қойлар мен серкелер туралы астарлы әңгімеге қатысты қандай сұрақтарды қарастырамыз?

ӨЗІНІҢ жақын достары Петір, Әндір, Жақып, Жохандармен әңгімелесіп отырған Иса қазір ғана оларға адал да ақылды құл, он қыз және талант туралы астарлы әңгімелер айтып берді. Соңынан ол тағы бір астарлы әңгіме айтты. Иса бұл әңгімесінде “Адам Ұлының” “барлық халықтарға” төрелік ететін уақыты жайлы баяндады. Әлгі шәкірттер бұл әңгімені ерекше ықыласпен тыңдаса керек. Иса әңгімесінде қойлар мен серкелерге теңелген екі топқа назар аударды. Сондай-ақ Патшаның бауырлары ретінде суреттелген маңызды үшінші топты да айрықша атап өтті (Матай 25:31—46 оқы).

2 Аталмыш астарлы әңгіме Ехобаның қызметшілерін біраздан бері қызықтырып келеді. Себебі бұл әңгіме олардың тағдыры жөнінде. Одан кейбіреулердің мәңгі өмір сүруінің, ал өзге біреулердің мәңгіге жойылуының себебін білуге болады. Біздің аман қалатын-қалмайтынымыз Иса ашқан шындықты түсініп, соған сай әрекет етуімізге байланысты. Сондықтан осы мақалада келесідей сұрақтар қарастырылады: Қалай Ехоба осы әңгімені анығырақ түсінуімізге көмектесті? Неге бұл астарлы әңгімеде уағыз ісінің маңыздылығына көңіл бөлінеді деуге болады? Уағыз ісі кімге тапсырылған? Неге қазір Патша мен оның бауырларына адал болатын уақыт?

ЕХОБА БІРТЕ-БІРТЕ АНЫҒЫРАҚ ТҮСІНУІМІЗГЕ КӨМЕКТЕСТІ

3, 4. а) Қойлар мен серкелер туралы астарлы әңгімені түсіну үшін қандай үш жайтты білуіміз керек? ә) 1881 жылы “Сион күзет мұнарасы” журналында бұл астарлы әңгіме қалай түсіндірілді?

3 Қойлар мен серкелер туралы астарлы әңгімені түсіну үшін біз мына үш жайтты білуіміз керек: 1) Адам Ұлы, немесе Патша, қойлар мен серкелер, сондай-ақ Патшаның бауырлары деген кімдер? 2) Адам ұлы қойлар мен серкелерді қашан бөледі? 3) Адамдар неге негізделіп қойлар мен серкелерге бөлінеді?

4 1881 жылы “Сион күзет мұнарасы” журналында Адам Ұлының, немесе Патшаның, Исаны білдіретіні айтылды. Ал Патшаның бауырларына Мәсіхпен бірге көкте билік ететіндер ғана емес, кемелділікке жеткен соң, жер бетінде өмір сүретіндер де сол топқа жатады деп түсіндірілді. Қойлар мен серкелер болса Мәсіх мың жыл патшалық құратын кезде бөлінеді деген тұжырым жасалды. Ал барлық істерінде Құдайдың сүйіспеншілігіне еліктейтіндер қойлардың қатарында болады делінді.

5. Жиырмасыншы жылдары біздің түсінігіміз қалай анықтала түсті?

5 Жиырмасыншы жылдардың басында Ехоба бұл әңгімені анығырақ түсінуімізге көмектесті. 1923 жылдың 15-ші қазандағы “Күзет мұнарасында” Адам Ұлының Исаны білдіретініне тағы да назар аударылды. Сосын Жазбаларға сүйене отырып, Мәсіхтің бауырларына тек онымен бірге көкте билік ететіндер жатады, қойларға теңелетіндер болса Иса мен оның бауырларының билігінің астында жерде өмір сүреді деп түсіндірілді. Ал қойлар мен серкелер бөлінетін уақытқа қатысты мынадай тұжырым жасалды: Мәсіх мың жыл патшалық ететін кезде бауырлары оның қасында болатындықтан, жерде өмір сүретіндер оларға көмектесе алмайды. Сол себепті қойлар мен серкелер Мыңжылдық патшалық орнамас бұрын бөліну керек. Сонымен қатар мақалада кім қойлардың, кім серкелердің қатарына жататыны адамның Исаға және Патшалықтың әкелетін игіліктеріне сенетініне байланысты болады деп түсіндірілді.

6. 1990 жылдары түсінігіміз қалай анықтала түсті?

6 Сондықтан Ехобаның халқы былай деп түсініп келді: адамдар соңғы күндері, яғни қазір, уағыз ісі арқылы сотталып жатыр, әрі кімнің қой, кімнің серке екені адамның ізгі хабарды қабылдаған-қабылдамағанына байланысты. Алайда 1990 жылдардың орта шенінде түсінігіміз анықтала түсті. 1995 жылғы “Күзет мұнарасының” 15-ші қазандағы санында Матай 24:29—31 (оқы) тармақтар мен Матай 25:31, 32 (оқы) тармақтардағы Исаның сөздерінің арасындағы ұқсастыққа назар аударылды *. Сосын мақалада мынадай қорытынды жасалды: “Адамдар қойлар мен серкелерге болашақта бөлінеді”. Сонда қашан? “Бұл сот Матай 24:29, 30-тармақта айтылған “алапат” басталып, Адам Ұлы салтанатты ұлылықпен келгенде болады... Сол кезде, осы зұлым дүниенің ақырында, Иса сот жүргізеді де, үкім шығарып, оны жүзеге асырады”.

7. Қойлар мен серкелер туралы астарлы әңгімені бүгінде біз қалай түсінеміз?

7 Бүгінде біз қойлар мен серкелер туралы астарлы әңгімені анық түсінеміз. Мысалы, астарлы әңгімедегі кімнің кімді бейнелейтініне келер болсақ, “Адам Ұлы”, немесе Патша, Исаны бейнелейді. Ал “оның бауырлары” рухпен майланған әрі Мәсіхпен бірге көкте билік ететін ерлер мен әйелдерді білдіреді (Рим. 8:16, 17). “Қойлар” мен “серкелер” болса барлық ұлттан шыққан адамдар. Олар киелі рухпен майланбаған. Қойлар мен серкелерге бөліну қашан басталады? Бұл жайт жуырда болғалы тұрған зор алапаттың соңына таман орын алады. Қойлар мен серкелерге бөлу неге негізделіп жүзеге асырылады? Бұл адамның Мәсіхтің әлі де жерде өмір сүріп жатқан майланған бауырларын қолдаған-қолдамағанына байланысты болады. Осы дүниенің ақыры өте жақын. Сондықтан Ехобаның осы және Матай кітабының 24, 25-тарауындағы басқа да астарлы әңгімелерге жарығын барынша төгіп жатқанына риза емеспіз бе?!

АСТАРЛЫ ӘҢГІМЕ ЖӘНЕ УАҒЫЗДАУ ІСІ

8, 9. Неге Иса “қойларды” әділ деп атаған?

8 Қойлар мен серкелер туралы астарлы әңгімесінде Иса уағыз ісі жөнінде тікелей ештеңе айтпаған. Олай болса, бұл әңгіме уағыз ісінің маңыздылығына нұсқайды деуге бола ма?

9 Бұл сұрақтың жауабын табу үшін, алдымен Исаның астарлы әңгіме айтып беріп жатқанын ескерген жөн. Демек, ол кәдімгі қойлар мен серкелер жөнінде айтпаған. “Қойлардың” Исаның түрмеде отырған бауырларына ас-су, киім-кешек апаруға, ауырып қалса, қарап не жағдайларын біліп тұруға тиісті екендері де тура мағынада емес. Бұл әңгімеде “қойлардың” Исаның бауырларына деген көзқарасы айтылған: олар майланғандардың Исаның бауырлары екенін түсінеді, әрі соңғы күндерде оларды адалдықпен қолдайды. Сондықтан да Иса оларды әділ деп атаған (Мат. 10:40—42; 25:40, 46; Тім. 2-х. 3:1—5).

10. Мәсіхтің бауырларына “қойлар” қалай қолдау көрсете алады?

10 Екіншіден, мәнмәтінді ескерген жөн. Иса қойлар мен серкелер туралы әңгімесін өзінің осында болуы мен осы заманның аяқталып қалғанын білдіретін белгіні баяндап жатқанда айтқан (Мат. 24:3). Бастапқыда ол осы белгінің маңызды бір қырын, яғни Патшалық туралы хабардың “бүкіл жер бетінде” уағыздалатынын айтты (Мат. 24:14). Сосын талант туралы астарлы әңгімесінің артынша қойлар мен серкелер туралы әңгімесін айтты. Ал Исаның талант туралы астарлы әңгімесінің мақсаты, алдыңғы мақаладан көргеніміздей, өзінің “бауырлары” құлшына уағыздауға тиіс екендерін көрсету болған. Бірақ бүгінде жер бетінде оның майланған шәкірттерінің тамтығы ғана бар, ал атқарылатын жұмыс өте көп! Олар осы заманның ақыры келгенше, “барлық халықтарға” ізгі хабарды уағыздау керек. Қойлар мен серкелер туралы астарлы әңгімеден білгеніміздей, бұл істе “қойлар” майланғандарға көмекке келмек. Сондықтан кімнің қойлардың қатарында екенін анықтаудың басты жолдарының бірі — адамның Мәсіхтің бауырларына уағыз ісінде қолдау көрсетуі. Бұл тек қаржылай не сөзбен қолдауды білдіре ме?

КІМДЕР УАҒЫЗДАУҒА ТИІС?

11. Бізде қандай сұрақ туындауы мүмкін және неге?

11 Бүгінде Исаның сегіз миллион шәкіртінің басым көпшілігі киелі рухпен майланбаған. Бұған қоса, Иса бірнеше талант күміс ақшаны оларға емес, майланған құлдарына табыстаған (Мат. 25:14—18). Сондықтан “Киелі рухпен майланбаған мәсіхшілер де уағыздау керек пе?” деген сұрақ туындауы мүмкін. Иә, олар да уағыздауға тиіс. Бұның бірнеше себебін қарастырып көрейік.

12. Матай 28:19, 20-да жазылған Исаның сөздерінен не білеміз?

12 Иса барлық шәкірттеріне уағыздауды тапсырған. Иса қайта тірілгеннен кейін, ізбасарларының шәкірт дайындаулары әрі оларға өзі “бұйырғандардың бәрін ұстануды” үйрету керек екендерін айтты. Ал оның бұйырғандарына уағыз ісі де жатады (Матай 28:19, 20 оқы). Демек, жерде не көкте өмір сүруге үміттенетініне қарамай, Мәсіхтің барлық шәкірттері уағыздаулары керек (Ел. іс. 10:42).

13. Жохан алған аяннан не білуге болады?

13 Аян кітабынан майланғандар ғана емес, басқалар да уағыздау керек екені көрінеді. Елші Жохан аян алып, Мәсіхпен бірге көкте билік ететін “қалыңдықтың” — киелі рухпен майланған 144 000 адамның — жұртты “өмір суын тегін” алуға шақырып жатқанын көрген (Аян 14:1, 3; 22:17). Бұл бейнелі су адамзатты күнә мен өлімнен азат ететін Исаның төлем құрбандығын білдіреді (Мат. 20:28; Жох. 3:16; Жох. 1-х. 4:9, 10). Төлем құрбандығы өзіміз уағыздап жүрген хабардың басты тақырыптарының бірі болып табылады. Ал майланғандар осы хабарды жұртқа таратып, төлемнің игілігін көруге көмектесу ісінде көш бастап келеді (Қор. 1-х. 1:23). Бірақ Жохан алған аянда қалыңдық тобына жатпайтын тағы бір топ болған, әрі олар да “Кел!” деп шақыру керек еді. Бұл — жер бетінде өмір сүруге үміттенетін адамдар. Олар айтылған сөзге құлақ асып, өзгелерді өмір суын алуға шақыруда. Көріп отырғанымыздай, “Кел!” деген шақыруды қабыл алғандардың барлығы ізгі хабарды уағыздауға тиіс.

14. “Мәсіхтің заңына” не жатады?

14 “Мәсіхтің заңын” ұстанатындардың бәрі уағыздауға тиіс. (Ғал. 6:2). Ехоба қызметшілеріне екі түрлі заң бермейді. Мысалы, ол ежелдегі халқына: “Исраилдіктер үшін де, араларыңдағы жатжерліктер үшін де заң бірдей болу керек”,— деген (Мұс. 2-ж. 12:49; Мұс. 3-ж. 24:22). Рас, мәсіхшілер Мұса заңын ұстанбайды. Сөйтсе де мәсіхшілердің бәрі — майланғандар да, басқалар да — “Мәсіхтің заңына” сай өмір сүреді. Бұл заңға Исаның тәлімдерінің бәрі жатады. Оның тәлімдерінің өзегі — сүйіспеншілік (Жох. 13:35; Жақ. 2:8). Ал Құдайға, Иса Мәсіхке және айналамыздағы адамдарға сүйіспеншілік танытудың басты жолдарының бірі — Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздау (Жох. 15:10; Ел. іс. 1:8).

15. Неге Исаның уағыздауға қатысты берген бұйрығының барлық шәкірттеріне қатысы бар деуге болады?

15 Исаның азғантай адамға айтқан сөзі көп адамға қатысты болуы мүмкін. Мысалы, Иса Патшалыққа қатысты келісімді тек 11 шәкіртімен жасасқан, бірақ бұл келісім 144 000 адамды қамтиды (Лұқа 22:29, 30; Аян 5:10; 7:4—8). Сол сияқты ізгі хабарды уағыздауды Иса қайта тірілгеннен кейін өзін көрген шәкірттеріне ғана тапсырған (Ел. іс. 10:40—42; Қор. 1-х. 15:6). Бірақ Исаның бұйрығын өз құлақтарымен естімесе де, оның бірінші ғасырдағы шәкірттерінің бәрі бұл тапсырманың өздеріне қатысы бар екенін түсінген (Ел. іс. 8:4; Пет. 1-х. 1:8). Бүгінгі таңда да солай. Иса сегіз миллионға жуық шәкіртінің әрқайсысына уағыздау ісін жеке тапсырмаған. Сөйтсе де олардың бәрі Иса Мәсіхке сенетіндерін көрсету үшін уағыздауға тиіс екендерін түсінеді (Жақ. 2:18).

ҚАЗІР АДАЛ БОЛАТЫН УАҚЫТ

16—18. Қойлардың қатарында болғысы келетіндер Мәсіхтің бауырларына қалай қолдау көрсете алады және неге бұны қазір істеу керек?

16 Шайтан бүгінде Мәсіхтің киелі рухпен майланған бауырларының тамтығына қарсы соғыс жүргізуде. Өзіне берілген “аз уақыт” аяқталуға таяған сайын, ол шабуылын үдете түспек (Аян 12:9, 12, 17). Осыған қарамай, майланғандар бұрын-соңды болмаған уағыздау ісінің көшбасшысы болып отыр. Бұл істе оларға Исаның жар екенінде еш күмән жоқ (Мат. 28:20).

17 Қойлардың қатарында болғысы келетіндердің саны күн санап өсіп келеді. Олар Мәсіхтің бауырларына тек уағыз ісінде емес, басқа да жолдармен қолдау көрсетуді мәртебе санайды. Мысалы, біз садақа жасаймыз, Патшалық сарайлары мен Конгресс сарайларының және Бетел ғимараттарының құрылысына қатысамыз. Сондай-ақ “адал да ақылды құл” тағайындаған жетекшілердің басшылығына мойынсұнамыз (Мат. 24:45—47; Евр. 13:17).

Біз Мәсіхтің бауырларына түрлі жолдармен қолдау көрсетеміз (17-абзацты қара)

18 Көп ұзамай майланғандарға шешуші белгі салынады. Содан кейін “жердің төрт желін” ұстап тұрған періштелер оны босатады да, зор алапат басталады (Аян 7:1—3). Майланғандар Армагеддон басталмай тұрып көкке алынады (Мат. 13:41—43). Сондықтан қойлардың қатарында болғысы келетіндер үшін қазір Мәсіхтің бауырларына адалдықпен қолдау көрсететін уақыт.

^ 6-абзац Бұл астарлы әңгіме 1995 жылдың 15-ші қазандағы “Күзет мұнарасының” (ор.) 18—28 беттеріндегі екі мақалада егжей-тегжейлі талқыланды.