Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба бізге сүйіспеншілігін көрсетуде

Ехоба бізге сүйіспеншілігін көрсетуде

“Қараңдар, Әкеміз бізге зор сүйіспеншілік көрсетті” (ЖОХ. 1-Х. 3:1).

ӘНДЕР: 51, 13

1. Елші Жохан не туралы ой жүгіртуге талпындырған және неге?

ЕЛШІ ЖОХАН Ехобаның бізді қаншалықты жақсы көретіні туралы жазған. Ол: “Қараңдар, Әкеміз бізге зор сүйіспеншілік көрсетті”,— деуімен мәсіхшілерді Құдайдың сүйіспеншілігінің қаншалықты мол екені туралы ойлануға талпындырған (Жох. 1-х. 3:1). Оның осы сөздерін терең түсінгеніміз Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді арттырып, онымен қарым-қатынасымызды нығайтады.

2. Ехобаның өздерін жақсы көретінін түсіну кейбіреулерге неге қиын?

2 Кейбіреулер үшін Құдайдың адамдарды жақсы көретінін түсіну қиын. Өйткені олардың ойынша, Құдайдан тек қорқу және оған мойынсұну керек. Я болмаса қандай да бір жалған ілімдердің ықпалында болғандықтан, олар Құдай бізді, ал біз оны сүйе алмаймыз деген ойда. Ал өзге біреулер адам не істесе де, Құдай оны бәрібір жақсы көреді деген пікірде. Бірақ сен Киелі кітапты зерттегенде, сүйіспеншілік Құдайдың ең басты қасиеті екенін, сондай-ақ бұл оны өз Ұлын төлем құрбандығы ретінде беруге талпындырғанын білдің (Жох. 3:16; Жох. 1-х. 4:8). Дегенмен Құдайдың сені қаншалықты жақсы көретінін түсінуіңе алған тәрбиең мен өскен ортаң кедергі болуы мүмкін.

3. Киелі кітаптағы қандай мәлімет Құдайдың бізді жақсы көретінін түсінуге көмектеседі?

3 Құдай бізді қаншалықты жақсы көреді? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін, Ехобамен қандай қарым-қатынаста екенімізді түсіну қажет. Ехоба — бүкіл адамзаттың жаратушысы (Зәбүр 100:3—5 оқы). Сондықтан да Киелі кітапта Адам ата “Құдайдың ұлы” деп аталған. Бұған қоса, Иса өзінің ізбасарларына Құдайды “көктегі Әкеміз” деп атауды үйреткен (Лұқа 3:38; Мат. 6:9). Бізге өмір сыйлағандықтан Ехоба Әкеміз болып есептеледі. Сол себепті біздің Құдаймен қарым-қатынасымыз әке мен баланың қарым-қатынасы іспетті. Тоқетері, мейірімді әке баласын қалай жақсы көрсе, Ехоба да бізді солай жақсы көреді.

4. а) Ехоба қандай әке? ә) Осы және келесі мақалада нені қарастырамыз?

4 Әрине, жер бетінде кемелді әке жоқ. Қанша тырысқанмен, адамдар Ехобаның әкелік мейіріміне толығымен еліктей алмайды. Ал кейбіреулер отбасында неше түрлі қорлық көргендіктен, балалық шағын есіне алғысы да келмейді. Бұл — зор қасірет, ауыр дерт. Алайда Ехоба балаларына ешқашан қиянат жасамайды (Зәб. 27:10). Оның бізді қаншалықты жақсы көретінін әрі қамымызды ойлайтынын білгеніміз, оған деген сүйіспеншілігімізді арттыра түседі (Жақ. 4:8). Осы мақалада Ехоба сүйіспеншілігін қандай төрт жолмен көрсететіні қарастырылады. Ал келесі мақалада біздің оған сүйіспеншілігімізді қандай төрт жолмен көрсете алатынымыз талқыланады.

ЕХОБА СҮЙІСПЕНШІЛІКПЕН ҚАМЫМЫЗДЫ ОЙЛАЙДЫ

5. Елші Пауыл Афины тұрғындарына Құдай туралы не деді?

5 Елші Пауыл Афинада (Грекия) болғанында, қаланың жалған тәңірлердің мүсіндеріне толы екенін байқайды. Қала тұрғындары өмір сыйлап, бар қажеттімен қамтамасыз етіп отырған осы құдайлары деген ойда болған. Пауыл оларға: “Дүниені және сондағының бәрін жаратқан Құдай... барлығына өмір, тыныс және қажеттінің бәрін береді... [Құдайдың] арқасында біз өмір сүріп, әрекет етіп, тірі жүрміз”,— деді (Ел. іс. 17:24, 25, 28). Иә, Ехоба өмірге қажеттінің бәрін бізді жақсы көргендіктен беріп отыр. Бұл сөздердің нені білдіретіні жөнінде ойланып көрші.

6. Жер планетасы Ехобаның сүйіспеншілігін қалай паш етеді? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

6 Жаратушымыз Ехобаның “адам баласына берген” Жерді мысалға алайықшы (Зәб. 115:15, 16). Ғаламнан Жер сияқты планета табу үшін, ғалымдар қыруар қаражат жұмсауда. Жүздеген планетаны зерттегенімен, олардың өкінішіне қарай, бірде-біреуі Жер іспетті өмір сүруге қолайлы болмай шықты. Жер — бірегей етіп жаратылған планета. Ол Құсжолы мен басқа да галактикалардағы сансыз планеталардың ешқайсысына ұқсамайды. Ехоба Жерді адам мекендей алатындай етіп қана емес, өмір сүруге қолайлы, әдемі де қауіпсіз баспана етіп жаратқан (Ишая 45:18). Бұл Ехобаның бізді қаншалықты жақсы көретінін паш етеді (Әйүп 38:4, 7; Зәбүр 8:3—5 оқы).

7. Адам баласының жаратылысынан Ехобаның бізге деген сүйіспеншілігін қалай байқауға болады?

7 Ехоба керемет баспана жаратып бергенімен, мәнді де сәнді өмір сүруіміз үшін бұның жеткіліксіз екенін біледі. Сәби ата-анасының сүйіспеншілігі мен қамқорлығын сезінгенде ғана бақытты бола алады. Ехоба адамды өзіне ұқсас етіп жаратқандықтан, біз оның сүйіспеншілігі мен қамқорлығын сезініп қана қоймай, тура сондай қасиеттер таныта да аламыз (Мұс. 1-ж. 1:27). Иса: “Құдайды танып-білгісі келетіндер бақытты”,— деген (Мат. 5:3). Мейірімді Әке болғандықтан Ехоба бізге “рақатын көру үшін бәрін [тәндік те, рухани да жағынан] молынан қамтамасыз етеді” (Тім. 1-х. 6:17; Зәб. 145:16).

ЕХОБА СҮЙІСПЕНШІЛІКПЕН ТӘЛІМ БЕРЕДІ

8. Неге біз Ехобаның тәлім бергенін қалаймыз?

8 Баласын жақсы көретін әке оның алданып, теріс жолға түскенін қаламайды. Алайда бүгінде көп ата-ана балаларына дұрыс ақыл-кеңес бере алмайды. Өйткені өздері Киелі кітаптың жақсылық пен жамандыққа қатысты талаптарын ұстанбайды. Соның кесірінен отбасында жиі түсініспеушілік пен араздық туып жатады (Нақ. с. 14:12). Ал Ехоба — “шындықтың Құдайы” (Зәб. 31:5 сілт.). Ол өз балаларын жақсы көреді, әрі өмірлерінің әр саласында, әсіресе ғибадатқа қатысты, тура жол көрсетсін деп шындығының нұрын төгеді (Зәбүр 43:3 оқы). Ехоба бізге қандай шындықты ашты және бұдан оның сүйіспеншілігі қалай көрінеді?

Мәсіхші отағалары Ехобаға еліктеп, балаларына шындық жолын үйретеді, сондай-ақ көктегі Әкелерімен қарым-қатынас дамытуға көмектеседі (8—10 абзацтарды қара)

9, 10. Ехобаның сүйіспеншілігі мынадан қалай көрінеді: а) өзі туралы шындықты ашқанынан, ә) біз туралы шындықты ашқанынан?

9 Біріншіден, Ехоба өзі жайында шындықты ашып, есімімен таныстырды. Бұл есім Киелі кітаптағы өзге есімдерден анағұрлым жиі кездеседі. Осылай ол өзін танып білуге жол ашып, бізге жақындады (Жақ. 4:8). Сондай-ақ өзінің қасиеттерін танытып, қандай Құдай екенін көрсетті. Біз оның жаратылыстарынан құдіреті мен даналығын, ал Жазбалардан әділдігі мен зор сүйіспеншілігін білеміз (Рим. 1:20). Ол — дана да құдіретті ғана емес, әділ де сүйіспеншілікке толы әке. Сондықтан балаларына оны жақсы көру әрі оған жақындау жеңіл.

10 Екіншіден, Ехоба игілігімізді ойлап, өз ниетіндегі біздің орнымыз туралы шындықты ашты. Бұны білгеніміз оның бүкіләлемдік отбасында ынтымақ пен тәртіп болуына ықпал етеді. Біз Киелі кітаптан мынаны білдік: адам баласы тәуелсіз өмір сүру, яки Құдайдан тәуелсіз болу, қабілетімен жаратылмаған, әрі бұған немкетті қарағанның зардабы ауыр болады (Ерм. 10:23). Бұл шындықты білгеніміз біздің игілігіміз үшін аса маңызды. Өйткені Құдайдың билігін мойындау арқылы ғана ынтымақ пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз. Осы шындықты ашқанынан Ехобаның бізге деген сүйіспеншілігі көрінеді емес пе?!

11. Ехобаның қандай уәдесінен бізді жақсы көретіні және қамымызды ойлайтыны көрінеді?

11 Мейірімді әке балаларының қамын ойлап, мән-мағыналы өмір кешкенін қалайды. Әйтсе де, өкінішке қарай, адамдардың көбісі ертеңгі күннен қорқады, я болмаса өмірлерін сағым қуумен өткізеді (Зәб. 90:10). Ал біз Құдайдың балалары ретінде оның сүйіспеншілігін сезінудеміз, өйткені Ехоба керемет болашақ сыйлауды уәде етті. Бұл өмірімізге шынайы мағына береді.

ЕХОБА БАЛАЛАРЫНА КЕҢЕС БЕРЕДІ, ЖӨНГЕ САЛАДЫ

12. Қабыл мен Барухқа берген кеңесінен Ехобаның оларды жақсы көргені және қамдарын ойлағаны қалай көрінеді?

12 “Неге сонша ашуланып, түрің бұзылды? Егер жақсылыққа бет бұрсаң, менің ықыласыма ие боласың ғой... Бірақ [күнәдан] үстем болар ма екенсің?!” (Мұс. 1-ж. 4:6, 7). Қабылдың қауіпті жолға түскені анық болғанда, Ехоба оған осылай ескерту жасады. Бұл уақтылы берілген жақсы кеңес еді. Өкініштісі, Қабыл ескертуге құлақ аспай, мұнысынан жапа шекті (Мұс. 1-ж. 4:11—13). Басқа бір жолы, Еремияның хатшысы Барух қажып, ұнжырғасы түскенде, Ехоба оған бұның шынайы себебін көруге көмектесу үшін кеңес береді. Барух Қабыл сияқты болмай, Ехобаның кеңесіне құлақ асып, соның арқасында аман қалды (Ерм. 45:2—5).

13. Неге Ехоба адал қызметшілерінің қиындықтарға кезігуіне жол берген?

13 Пауыл: “Ехоба кімді жақсы көрсе, соны жөнге салады. Кімді ұлындай көрсе, соны жазалайды”,— деп жазған (Евр. 12:6). Алайда жөнге салу тек жазалаумен ғана шектелмейді. Бұның әртүрлі жолдары бар. Киелі кітапта Құдайдың өз адал қызметшілерін жөнге салып, тәлім-тәрбие бергені туралы көптеген оқиғалар жазылған. Мысалы, Киелі жазбаларда Жүсіп, Мұса, Дәуіттің өмірі басқаларға қарағанда әлдеқайда толық әрі айқын суреттелген. Қиындыққа кезіккен кездің бәрінде Ехоба олармен бірге болған. Сондай-ақ қиын шақтарда үйренгендері оларға кейіннен Құдайдың жүктеген үлкен тапсырмаларын орындауға көмектескен. Киелі кітаптан Ехобаның өз қызметшілерін қалай қолдағаны және қалай тәлім-тәрбие бергені жайлы оқығанда, оның бізге деген сүйіспеншілігін сезінеміз (Нақыл сөздер 3:11, 12 оқы).

14. Егер шалыс қадам жасасақ, Ехоба сүйіспеншілігін қалай көрсетеді?

14 Ехобаның жөнге салуынан оның сүйіспеншілігінің басқа бір қырын байқауға болады. Ехоба шалыс қадам жасаған қызметшілерін жөнге салғанда, олар бұған көндігіп, істеріне өкінсе, “ол жомарттықпен кешіреді” (Ишая 55:7). Бұл нені білдіреді? Дәуіт Ехобаның кешірімділігін келесідей әсерлі сөздермен сипаттаған: “Ол барлық күнәмді кешіреді, Дертімнің бәрінен айықтырады. Өмірімді көрден қайтарып алып, Айнымас сүйіспеншілігі мен мейірімін тәж етіп кигізеді. Шығыс батыстан қанша қашық болса, Ол бізден қылмыстарымызды сонша қашықтатты” (Зәб. 103:3, 4, 12). Олай болса, Ехобаның кеңесі мен түзетуін зор сүйіспеншілігінің белгісі деп біліп, оған әрдайым мойынсұнуға дайын болайық (Зәб. 30:5).

ЕХОБА БІЗДІ ҚОРҒАЙДЫ

15. Ехобаның бізді жақсы көретіні тағы неден көрінеді?

15 Мейірімді әкенің өз отбасын кез келген қауіп-қатерден қорғауға дайын тұратыны сөзсіз. Көктегі Әкеміз Ехоба да бізді қорғайды. Зәбүр жыршысы былай деген: “Ол адал қызметшілерінің жанын қорғайды, Оларды зұлымның қолынан арашалайды” (Зәб. 97:10). Ойлап көрші, көзің сен үшін қаншалықты қымбат болса, Ехоба үшін халқы тура солай қымбат (Зәкәрия 2:8 оқы). Ол халқын қаншалықты бағалайды десеңші!

16, 17. Бүгінде Ехоба өз халқын қалай қорғайтыны жөнінде айтып бер.

16 Ехоба өз халқын әртүрлі жолмен қорғайды. Солардың бірі — періштелер арқылы (Зәб. 91:11). Ежелде бір періште Иерусалимге шабуыл жасамақ болған ассириялықтардың 185 000 сарбазын бір-ақ түнде қырып салған (Пат. 2-ж. 19:35). Ал бірінші ғасырда елші Петір, Пауыл және тағы басқалар періштенің көмегімен түрмеден босаған (Ел. іс. 5:18—20; 12:6—11). Ехоба бүгінде де өз халқын қорғайды. Африкадағы бір филиалға сапармен барған Бас басқарманың өкілінің мәлімдеуінше, саяси және діни қақтығыстардан ел әбден азып-тозған екен. Соғыс, тонау, зорлық пен кісі өлтірудің кесірінен елде тәртіпсіздік пен бассыздық кең етек алған еді. Бірақ бар дүние-мүлкінен айырылса да, бірде-бір бауырласымыз өмірінен айырылған жоқ. Ал қай-қайсысының жағдайын сұраса да, барлығы күлімдеп: “Ехобаға рақмет, бәрі жақсы!”— деп жауап беретін. Иә, олар Құдайдың өздеріне деген сүйіспеншілігін сезінді.

17 Ехоба кейде адал қызметшілерінің жауларының қолынан мерт болуына жол береді. Степанмен болған жағдай — мұның бір мысалы. Десе де Ехоба халқын түгел жойылып кетуден сақтап, Шайтанның зымиян іс-әрекеттері жайлы уақтылы ескертіп отырады (Ефес. 6:10—12). Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттер арқылы біз алдамшы байлықтың, азғындық пен зорлық-зомбылыққа толы демалыс түрлерінің, Ғаламторды бұрыс қолданудың және тағы басқа жайттардың қауіп-қатерін білдік. Расында да, Ехоба мейірімді әке іспетті, өз халқын қамқорлайды әрі қорғайды.

ЗОР МӘРТЕБЕ

18. Ехобаның өзіңе деген сүйіспеншілігі туралы не айтар едің?

18 Көріп отырғанымыздай, Ехоба сүйіспеншілігін сан қилы жолмен танытады. Біз бұның бірнешеуін ғана қарастырсақ та, Мұсаның сөздерімен толығымен келісеріміз сөзсіз. Ол Ехобаға қызмет еткен ұзақ жылдары туралы ой жүгіртіп: “Таңертең айнымас сүйіспеншілігіңе кенелтші, Өмір бойы шаттана дауыстап, қуанып жүрейік”,— деген (Зәб. 90:14). Ехобаның сүйіспеншілігін түсіну және сезіну — бүгінде қол жеткізе алатын ең зор мәртебе әрі бата. Сондықтан біз де елші Жоханның сөздеріне қосылып: “Қараңдар, Әкеміз бізге зор сүйіспеншілік көрсетті”,— дейміз (Жох. 1-х. 3:1).