ӨМІРБАЯН
Құдаймен де, анаммен де татулығымыз жарасты
“НЕГЕ ата-бабаңның аруағына-ақ сиынып жүре бермейсің? Жарық дүниені көріп жүргенің солардың арқасында екенін қалай ғана түсінбейсің? Сонда оларды сыйламағаның ба? Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрден бас тартқаның қалай? Ата-баба аруағын құрметтемегенің дінімізді жоққа шығарумен парапар емес пе?”— деді де, анам өз-өзін ұстай алмай, жылап жіберді.
Сонда өз көзіме өзім сенбей: “Бұл сөздерді айтып тұрған анам ба?!”— деп таңғалдым. Маған кезінде Киелі кітапты зертте деген өзі ғой! Негізінде, ол мұны өзі зерттегісі келмей, сыпайы түрде бас тарту үшін істеген еді. Мен оның айтқанын ешқашан екі етпейтінмін, сондықтан оның сөзіне құлақ аспау мен үшін қиынға соқты. Алайда Ехобаға ұнайтынды істеу үшін бұл жолы анамның сөзін аттап өтуге тура келді. Әрине, Ехоба күш бермегенде, бұлай ете алмас едім.
МӘСІХШІ БОЛУЫМ
Жапониядағы көп адамдар сияқты, біз де будда дінін ұстанатынбыз. Алайда Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты екі ай зерттеген соң-ақ, оның ішінде шындық жазылғанына көзім жетті. Көкте Әкем бар екенін білгенімде, оны танып-білуге деген құштарлығым арта түсті. Алғашында анам екеуміз біліп жатқандарым жайлы сөйлесіп, мәре-сәре болып қалатынбыз. Содан мен жексенбі сайын Патшалық сарайында өтетін қауым кездесулеріне бара бастадым. Шындық жайлы білімім тереңдей түскенде, анама бұдан былай будда дінінің салт-жораларына қатыспайтынымды айттым. Сол кезде ол аяқ астынан өзгеріп шыға келді. “Отбасымызда ата-баба дінін сыйламайтын адамның болғаны барып тұрған масқаралық қой”,— деді анам. Ол маған Киелі кітапты зерттеуді доғарып, енді қайтып кездесулерге бармауымды бұйырды. Анамнан мұндай сөздерді ешқашан күтпеген едім! Оны мүлдем танымай қалдым.
Ефестіктерге 6-тараудан Ехоба менің ата-анама мойынсұнғанымды қалайтынын білетінмін. Әкем анамның жағына шықты. Басында мен олардың айтқанын тыңдасам, олар да мені тыңдайды, сонда отбасымызда тыныштық орнайды деп ойлаған едім. Оның үстіне, мектеп емтихандары жақындап қалған еді, соған да дайындалуым керек болды. Сондықтан үш ай олардың айтқанын істеуге келістім. Бірақ Ехобаға үш айдан соң қайтадан қауым кездесулеріне барамын деп уәде еттім.
Менің шешімім екі жағынан дұрыс болмай шықты. Біріншіден, үш айда рухани күйім құлдырай қоймас деп ойлаған едім.
Бірақ мен тез рухани ашығып, Ехобадан алшақтай бастадым. Екіншіден, ата-анам ымыраға келудің орнына, одан бетер қысым көрсетіп, шынайы ғибадатқа қатысты нәрсенің бәрінен бас тартуымды талап етті.КӨМЕК ПЕН ҚАРСЫЛЫҚ
Патшалық сарайында отбасында қарсылық көріп жүрген көп адаммен таныстым. Олар Ехобаның маған күш беретінін айтып, жұбатты (Мат. 10:34—37). Егер мен Ехобаға адал болсам, отбасымның шындыққа келуі мүмкін екенін санама құюға тырысып бақты. Содан мен Ехобаға жалынып дұға етіп, өзіне арқа сүйеп үйренуге көмектесуін өтіндім.
Үйде қарсылықтың неше түрін көрдім. Анам жалынып та, ақылға шақырмақ болып та көрді. Мен көбінесе үндемей отыратынмын. Өйткені аузымды ашсам, екеуміз де өз дегенімізден қайтпай, ұрсысуға дейін баратынбыз. Сол кезде анамның сезімдері мен ұстанымдарын көбірек түсінуге тырысқанымда ғой, жағдай бұлай ушықпас па еді. Ата-анам мені сыртқа шығармау үшін, үй шаруасына салып қоятын. Кейде сыртымнан құлыптап, ешқандай тамақ бермей кететін.
Анам кейін басқалардан көмек сұрауға кірісті. Ол мектептегі мұғаліміме жолықты, бірақ ол екеумізді де қоштамады. Сосын анам мені өзінің бастығына апарып, одан діннің ешқайсысынан пайда жоқ екеніне менің көзімді жеткізуін өтінді. Ал үйде ол туған-туыстарымызға телефон соғып, олардан жылап тұрып көмек сұрады. Бұған менің қатты ашуым келді, бірақ қауымдағы ақсақалдар анам бұлай етуімен өзі байқамай басқаларға куәлік беріп жатқаны жайлы ойлануға талпындырды.
Сосын университетке түсуге қатысты шу шықты. Ата-анам өміріме жақсы бастама
беру мақсатымен біраз жоспарлар құрып тастаған еді. Олар менің жақсы жұмысқа тұрғанымды қалады. Біз мәселені айқай-шусыз талқылай алмағандықтан, әке-шешеме өмірдегі мақсаттарымды түсіндіру үшін хат жазуыма тура келді. Ызаға булыққан әкем мені қорқытып: “Егер жұмыс тапқыш болсаң, онда ертең-ақ тап, әйтпесе үйден қараңды батырасың”,— деді. Мен бұл туралы Ехобаға дұға еттім. Келесі күні қызметте жүргенімде, екі әйел бауырлас маған балаларына қарауды ұсынды. Бір қызығы, екеуі бір-бірінің ұсынысы жайлы бейхабар еді. Бірақ әкеме мұндай жұмыс ұнай қойған жоқ. Ол менімен мүлдем сөйлеспей қойды, тіпті мені көзіне де ілмейтін болды. Ал анам Ехоба куәгері болғанша, қылмыскер болғаным артық екенін айтты.Ехоба көзқарасымды түзеп, маған жол сілтеді
Кейде ата-анамның тілек-қалауына осылай қарсы шыққаным Ехобаның көз алдында дұрыс па екен деген ойға қалатынмын. Бірақ мен көп дұға етіп, Киелі кітаптағы Ехобаның сүйіспеншілігі туралы тармақтар жайлы көп ой жүгірттім. Бұл маған қарсылыққа оң көзбен қарауға және мұның бәрі қандай да бір шамада ата-анамның қамқорлығы екенін түсінуге көмектесті. Осылай Ехоба көзқарасымды түзеп, маған жол сілтеді. Қызметке неғұрлым көп атсалысқан сайын, ол маған соғұрлым ұнай түсті. Содан не керек, ізашарлық қызмет мақсатыма айналды.
ІЗАШАР БОЛУЫМ
Менің ізашар болғым келетінін естіген кейбір әйел бауырластар әке-шешем сабасына түскенше күте тұруға кеңес берді. Мен даналық сұрап дұға еттім, ізденіс жүргіздім, ниетімді тексеріп, рухани толысқан бауырластармен ақылдастым. Содан бірінші кезекте Ехобаны қуантуды жөн көрдім. Оның үстіне, ізашарлық қызметті кейінге шегерген күнде де, ата-анамның көзқарасы өзгереді дегенге ешқандай кепілдік жоқ еді.
Мен ізашарлық қызметті мектептің соңғы жылында бастадым. Біраз уақыт ізашар болған соң, қажеттілік көп жерде қызмет етуді мақсат еттім. Бірақ ата-анам үйден кеткенімді қаламады. Сондықтан 20-ға толғанымша күте тұрдым. Сосын анам уайымдамасын деп, филиалдан мені оңтүстік Жапонияға тағайындауын өтіндім, өйткені онда туған-туыстарымыз тұратын.
Ол жерде өзім Киелі кітап зерттеуге көмектескен бірнеше адамның шомылдыру рәсімінен өткенін көру мен үшін зор бата болды. Сол аралықта қызмет аясын кеңейту үшін ағылшын тілін оқуға кірістім. Біздің қауымда арнайы ізашар болып қызмет ететін екі ер бауырлас бар еді. Олардың құлшынысы мен өзгелерге қалай көмектескенін көріп, менің де арнайы ізашар болғым келіп кетті. Осылай менде жаңа мақсат пайда болды. Сол кездері анам екі рет қатты науқастанып қалды. Екі жағдайда да мен үйге оралып, анама қарадым. Бұған ол қатты таңғалды, сөйтіп, біртіндеп оның жүрегі жіби бастады.
БАТА ҮСТІНЕ БАТА
Жеті жылдан соң, жоғарыда аталған екі арнайы ізашардың бірі Атсушиден хат алдым. Ол отбасын құруды ойлап жүргенін және менің пікірім мен сезімдерім жайлы білгісі келетінін айтыпты. Менде оған деген ешқандай сезім жоқ еді, оның да маған деген сезімі бар деп ойламаппын. Бір айдан соң оған бір-бірімізді жақсырақ танып-білуге қарсы емес екенімді айттым. Сөйтсек, екеуміздің ортақ нәрселеріміз көп болып шықты: екеуміз де толық уақытты қызметті көздеп, кез келген жерде қызмет етуге дайын едік. Араға уақыт салып, біз үйлендік. Тойымызға анам мен әкемнің және бірнеше туысымыздың келгенін көргенде, қуанышымда шек болмады!
Екеуміз тұрақты ізашар болып жүргенде, көп ұзамай Атсуши аудандық бақылаушының орынбасары болып тағайындалды. Содан көп кешікпей тағы батаға кенелдік: біз арнайы ізашар болдық, ал кейін аудандық қызметке тағайындалдық. Аудандағы барлық қауымды бір аралап шыққан соң, филиал бізге телефон шалды. Олардың сұрағы мынау болды: “Непалда аудандық қызмет атқаруға қалай қарайсыңдар?”
Алысқа кететініме ата-анам қалай қарар екен деп ойладым. Сөйтіп, оларға телефон соқтым. Тұтқаны әкем көтерді. Ол маған: “Барайын деп жатқан жерің — өте әдемі жер”,— деді. Осыдан бір апта бұрын әкеме бір досы Непал жайлы кітап беріпті. Әкем тіпті сол көрікті жерге барып келуді ойлап жүрген екен.
Достық шырай танытқан непалдықтармен қызмет етіп жүргенімізде, Ехоба тағы да жарылқады. Біздің ауданымызға енді Бангладеш те кіретін болды. Ол жақын жерде орналасса да, өзіндік ерекшеліктері айтарлықтай көп еді. Сондықтан қызметіміз сан қилы болды. Бес жылдан кейін қайтадан Жапонияға тағайындалып, бүгінде сол жерде аудандық қызметте жүрміз.
Жапонияда, Непал мен Бангладеште қызмет еткен кезімізде, Ехобаны жақыннан тани түстім. Әр елдің өзіндік тарихы, өзіндік мәдениеті бар. Сондай-ақ әр елде әрбір адам өзінше ерекше. Мен Ехобаның жеке адамның қамын ойлап, оны қабыл алып, көмектесіп, батасын беретінін көрдім.
Ал жеке өзіме келсем, Ехоба батасын беріп, өзі туралы білуге көмектесті. Сондай-ақ өзіне қызмет етуіме мүмкіндік беріп, жақсы жар сыйлады. Құдай маған дұрыс шешім қабылдауыма жол сілтеді, соның арқасында онымен де, отбасыммен де қарым-қатынасым түзу. Ехобаның арқасында анам екеуміз қайтадан жақсы достар болдық. Құдаймен де, анаммен де татулығымыз жарасқанына дән ризамын!