Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Пейіштің жерде болғанын білу маңызды

Пейіштің жерде болғанын білу маңызды

Пейіштің жерде болғанын білу маңызды

БІР ҚЫЗЫҒЫ, кейбір ғалымдар жерде Едем бағының шын мәнінде болғанын Киелі кітаптың басқа жерлері растамайды деп пайымдайды. Мысалы, дінтану саласының профессоры Пол Моррис: “Едем бағында орын алған оқиға Киелі кітаптың кейінгі бөліктерінде атап өтілмейді”,— деп жазады. Осы сөздермен кейбір “мамандар” келісетін шығар, алайда айғақтар мұндай ойды жоққа шығарады.

Шындығына келсек, Киелі кітапта Едем бағы, Адам ата, Хауа ана және жылан туралы айтылған жерлер көп. Мысалы ретінде келесі жазба орындарын қарауға болады: Жаратылыс 13:10; Заңды қайталау 32:8; Шежірелер 1-жазба 1:1; Ишая 51:3; Езекиел 28:13; 31:8, 9; Лұқа 3:38; Римдіктерге 5:12—14; Қорынттықтарға 1-хат 15:22, 45; Қорынттықтарға 2-хат 11:3; Тімөтеге 1-хат 2:13, 14; Яһуда 14; Аян 12:9.

Пейіштің жерде болғанын білу және ондағы оқиғаның мәнін ұғыну Киелі кітаптың қалған бөліктерін түсіну үшін маңызды. Мысалы, Құдай Сөзі адамзатты мазалайтын терең әрі көкейкесті сұрақтарға жауап беру үшін жазылған. Сол жауаптар жиі пейіш бағындағы оқиғамен байланысты болып келеді. Мұның кейбір мысалдарын қарастырып көрейік.

Неге біз қартаямыз және өлеміз? Адам ата мен Хауа ана Ехобаның тілін алғанда, жер бетінде мәңгі өмір сүре берер еді. Оған қарсы бүлік шығарған жағдайда ғана өліммен жазаланар еді. Өкінішке қарай, олар Құдайға қарсы шығып, сол күні бойларында өлім процесі басталды (Жаратылыс 2:16, 17; 3:19). Адам ата мен Хауа ана кемелділіктен айырылғандықтан, күнә мен кемелсіздік дүниеге келетін ұрпақтарына берілетін болды. Бұл жайт Киелі кітапта былай деп түсіндіріледі: “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды, себебі бәрі күнә жасады” (Римдіктерге 5:12).

Неге Құдай зұлымдыққа жол берді? Шайтан Едем бағында Құдай жаратылыстарынан жақсы нәрсе жасырды дегенге меңзеп, оған жала жапты (Жаратылыс 3:3—5). Осылайша ол Ехоба Құдайдың әділ билігіне күмән келтірді. Адам ата мен Хауа ана Шайтанның жағына шығып, Ехобаның бүкіләлемдік билігінен бас тартты. Мұнысы ненің жақсы, ненің жаман екенін адам өзі шеше алады дегенге сайды. Кемелді әділдік пен даналықтың иесі Ехоба Құдай бұл даулы мәселені шешудің бір ғана дұрыс жолы бар екенін біліп, адамзатқа қалағандары бойынша өз-өздеріне билік етіп көрулері үшін уақыт берді. Нәтижесінде жер бетін зұлымдық жайлады, бұған қандай да бір шамада Шайтан да ықпал етіп отырды. Осылайша адам баласы өз-өзіне билік жүргізе алмайды деген маңызды шындық ғасырлар бойы дәлелденіп келді (Еремия 10:23).

Құдайдың жерге қатысты ниеті қандай? Ехоба Едем бағын көз тартарлықтай әдемі етіп жаратуымен жердегі әсемдіктің үлгісін көрсетті. Ол Адам ата мен Хауа анаға жер бетін ұрпақтарымен толтырып, осы үлгі бойынша бүкіл жер шарын Едем бағы іспетті әсем де үйлесімді ете отырып, “оны өздеріне бағындыруды” бұйырды (Жаратылыс 1:28). Бұдан Құдай жер бетінде Адам ата мен Хауа ананың кемелді ұрпағы бір отбасындай ынтымақта өмір сүргенін қалағанын көреміз. Құдайдың осы бастапқы ниетінің қалай жүзеге асатыны жайында Киелі кітапта көп айтылған.

Иса пайғамбар жерге не үшін келген? Едем бағында Құдайға қарсы көтерілген бүліктің кесірінен Адам ата мен Хауа ана да, олардың ұрпағы да өлетін болды, бірақ сүйіспеншілікке толы Құдай адамзатқа үміт сыйлады. Олардың азаттық төлемін беру үшін Құдай өз Ұлын жерге жіберді (Матай 20:28). Бұл нені білдіреді? Иса пайғамбар “соңғы Адам” еді. Ол Адам ата сүрінген жерден сүрінбей өтіп, Ехобаға толықтай мойынсұнуымен кемелді өмірін кіршіксіз таза күйінде сақтап қалды. Сосын өмірін адамзаттың күнәсі үшін өз еркімен құрбан етті, яғни төлем ретінде берді. Бұл барлық адал адамдардың күнәлары кешірілуіне және ақыр соңында Адам ата мен Хауа ана жоғалтқан жұмақтағы өмірге қол жеткізулеріне жол ашты (Қорынттықтарға 1-хат 15:22, 45; Жохан 3:16). Осылайша Иса пайғамбар Ехобаның о бастағы ниетінің орындалатынына, яғни жер бетінде жұмақ орнайтынына, кепілдік берді a.

Құдайдың жұмақ орнату ниеті түсініксіз жайт немесе дерексіз діни ұғым емес, жүзеге асатын шындық. Едем бағы жер бетінде шынымен болған, ондағы жануарлар мен алғашқы адам жұбы расында да өмір сүрген. Сол сияқты Құдайдың болашаққа қатысты уәдесі де жақында міндетті түрде орындалмақ. Ал сіз жұмақ орнаған жерде өмір сүресіз бе, жоқ па, бұл сізге байланысты. Құдай осындай жарқын болашаққа мүмкіндігінше көп адамның, тіпті теріс жолға түскендердің де ие болғандарын қалайды (Тімөтеге 1-хат 2:3, 4).

Иса өлер алдында өмірі қайғылы жайтпен үзілгелі жатқан адамға сөйлеген болатын. Ол адам қылмыскер болғандықтан, өлім жазасына өзінің лайықты екенін білген. Сонда да ол жұбаныш іздеп Исаға тіл қатады. Иса оған: “Менімен бірге жұмақта боласың!”— деп үміт береді (Лұқа 23:43). Егер Иса тіпті қылмыскер болған адамның қайта тірілгенін және Едем бағы сияқты жұмақта мәңгі өмір сүргенін қалаған болса, сіздің осындай батаға ие болғаныңызды одан бетер қалайды емес пе?! Мұны Құдайдың өзі де қалайды! Жұмақ орнаған жерде өмір сүргіңіз келсе, о баста сондай бақты жаратқан Құдай жайында мейлінше көп білуге тырысқаныңыз абзал.

[Сілтеме]

a Иса пайғамбардың төлем құрбандығы жайлы көбірек білу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымының 5-тарауын қараңыз.

[10-беттегі қоршау/суреттер]

КИЕЛІ КІТАПТЫ БІРТҰТАС ЕТЕТІН ПАЙҒАМБАРЛЫҚ

“Әйел екеуіңді, сенің ұрпағың мен оның ұрпағын өзара өштестіріп қоямын. Әйелдің ұрпағы басыңды мыжып, ал сен оның өкшесін шағатын боласың,— деді” (Жаратылыс 3:15).

Бұл Құдайдың Едем бағында айтқан Киелі кітаптағы алғашқы пайғамбарлығы. Әйел, жылан және олардың ұрпақтары кімдерді бейнелейді? Олар қай мағынада “өзара өштеседі”?

ЖЫЛАН

Ібіліс Шайтан (Аян 12:9).

ӘЙЕЛ

Көктегі жаратылыстардан құралған Ехобаның ұйымы (Ғалаттықтарға 4:26, 27). Ишая пайғамбар рухани халыққа бастама беретін “әйелдің” пайда болатынын алдын ала айтты (Ишая 54:1; 66:8).

ЖЫЛАННЫҢ ҰРПАҒЫ

Шайтанның еркін орындап жатқан адамдар (Жохан 8:44).

ӘЙЕЛДІҢ ҰРПАҒЫ

Әйелдің ұрпағына ең алдымен Ехоба ұйымының көктегі бөлігінен шыққан Иса Мәсіх жатады. Сонымен қатар бұл “ұрпаққа” көкте Мәсіхпен бірге билік ететін оның рухани бауырлары кіреді. Бұл майланған мәсіхшілер рухани халықты, немесе “Құдайдың Исраилін”, құрайды (Ғалаттықтарға 3:16, 29; 6:16; Жаратылыс 22:18).

ӨКШЕНІҢ ШАҒЫЛУЫ

Мәсіхтің азапталатынын, бірақ мұның ұзаққа созылмайтынын білдіреді. Иса пайғамбар жерде болған кезде Шайтан оны өлтіртті. Бірақ Құдай оны қайта тірілтті.

БАСТЫҢ МЫЖЫЛУЫ

Шайтанның өлімге әкелетін соққы алатынын білдіреді. Оны Иса пайғамбар біржолата жояды. Ал одан бұрын Иса Едем бағында Шайтан бастаған зұлымдықты түптамырымен құртады (Жоханның 1-хаты 3:8; Аян 20:10).

Киелі кітаптың басты тақырыбын қысқаша шолып шығу үшін, Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітапта қандай хабар жазылған?” деген кітапшаны қараңыз.

[11-беттегі сурет]

Адам ата мен Хауа ана күнәнің ауыр зардабын шекті