Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдай Адам ата мен Хауа ананың күнә жасайтынын білген бе?

Құдай Адам ата мен Хауа ананың күнә жасайтынын білген бе?

Құдай Адам ата мен Хауа ананың күнә жасайтынын білген бе?

КӨП адам осы сұрақтың жауабын шынымен білгісі келеді. Құдайдың неге зұлымдыққа жол бергені сөз болғанда, ойға бірден Адам ата мен Хауа ананың Едем бағында жасаған күнәсі келеді. “Құдай бәрін біледі” деген жайт кейбіреулердің Құдай Адам ата мен Хауа ананың өзіне мойынсұнбайтынын күні бұрын білген болу керек деп тұжырымдауына себеп болуы мүмкін.

Құдай осы кемелді жұптың күнә жасайтынын шынымен білген болса, бұл неге меңзер еді? Бұл Құдайға көптеген жағымсыз қасиеттерді таңбас па еді? Ол сүйіспеншілігі жоқ, әділетсіз әрі жалғаншы болар еді. Құдайдың біле тұра Адам ата мен Хауа анаға түбі жақсылыққа апармайтын нәрсені істеуіне жол бергені кейбіреулер үшін қатыгездік болып көрінер. Сонда Құдай тарих бойы орын алып жатқан жамандық пен қасірет атаулыға жауапты, не ең болмағанда себепкер, болар еді. Баз біреулер үшін Жаратушымыздың бұнысы тіпті ақымақтық болып көрінер еді.

Киелі жазбаларда Ехоба Құдай осындай жағымсыз тұлға ретінде суреттелген бе? Мұның жауабын білу үшін Киелі кітапта оның жаратылыстары мен қандай Құдай екені жайлы не айтылғанын көрейік.

Құдай “өте жақсы екенін” көрді

Алғашқы адам жұбын қоса алғанда, Құдайдың жаратылысы туралы Киелі жазбада былай делінген: “Құдай Өзінің жасағандарының бәріне қарап, өте жақсы екенін көрді” (Жаратылыс 1:31). Адам мен Хауа кемелді жаратылып, жердегі жұмақта өмір сүруге лайық болды. Олардың жаратылысында еш мін болған жоқ. “Өте жақсы” жаратылғандықтан, олар өздеріне қойылған талапқа сай жақсы жүріп-тұруға қабілетті болғаны сөзсіз. Құдай оларды “Өзіне ұқсас етіп” жаратты (Жаратылыс 1:27). Сондықтан да Құдайға тән даналық, айнымас сүйіспеншілік, әділдік және ізгілік сияқты қасиеттерді қандай да бір шамада таныта алатын. Осындай қасиеттер танытқандары өздеріне пайдалы болатын әрі көктегі Әкелерін қуантатын шешімдер қабылдауларына көмектесер еді.

Ехоба Құдай осы кемелді де саналы жаратылыстарына таңдау еркіндігін берді. Демек, олар Құдайға ұнамды болу үшін, робот сияқты алдын ала жасалған бағдарлама бойынша әрекет етпеген. Мына жайтты ойлап көріңізші: сіз үшін ойланбастан беріле салған сый құнды ма, әлде шын жүректен берілген сый ма? Мұның жауабы айдан анық. Егер Адам ата мен Хауа ана да Құдайға өз еріктерімен мойынсұнуды шешкенде, мұнысы Құдай үшін құнды болар еді. Таңдау еркіндігі оларға Ехоба Құдайға оны сүйгендіктен мойынсұнуға мүмкіндік берді (Заңды қайталау 30:19, 20).

Әділ және ізгі

Киелі кітап бізге Ехоба Құдайдың қасиеттерін ашады. Олардан Ехобаның күнәға еш қатысы жоқ екенін білеміз. Забур 32:5-те Ехобаның “әділдікті” қалайтын Құдай екені айтылған. Ал Жақып 1:13-те былай деп жазылған: “Ешкім Құдайды жамандықпен сынай алмайды, оның өзі де ешкімді жамандықпен сынамайды”. Әділ әрі қамқор болғандықтан Құдай Адам атаны ескертіп: “Саған бақтағы күллі ағаштардың жемістерін жеуге болады. Бірақ жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жемейсің! Себебі одан жеген кезде өлесің”,— деді (Жаратылыс 2:16, 17). Адам ата мен Хауа анаға не мәңгілік өмірді, не өлімді таңдауға ерік берілді. Соңы жамандыққа апаратынын біле тұра, оларға қандай да бір күнә туралы ескерткені Құдайдың тарапынан әділетсіздік болмас па еді? Әділдікті сүйетін Құдай оларға шын мәнінде жоқ нәрсені, яғни таңдауды, ұсынбас еді ғой.

Сонымен қатар Ехоба — ізгілікке толы Құдай (Забур 30:20). Оның ізгілігін Иса пайғамбар былайша сипаттаған: “Араларыңдағы қандай адам нан сұраған баласына тас берер еді? Яки балық сұраса, жылан берер еді? Демек, сендер күнәкар бола тұра, балаларыңа жақсы сыйлықтар беруді білсеңдер, көктегі Әкелеріңнің өзінен сұрағандарға жақсы нәрселер беретіні еш шүбәсіз!” (Матай 7:9—11). Иә, Құдай өз жаратылыстарына тек “жақсы нәрселер” береді. Адамдардың қалай жаратылғаны және олар үшін дайындалған жұмақ — Құдайдың ізгілігінің көрінісі. Осындай ізгі Жаратушы алынып қойылатынын алдын ала біле тұра жұмақ сияқты әсем үй сыйлап, қатыгездік жасар ма еді? Жоқ. Ендеше біздің әділ де ізгі Жаратушымыз адам баласының бүлігіне кінәлі емес.

“Даналықтың бірден-бір иесі”

Жазбалардан Ехоба Құдайдың “даналықтың бірден-бір иесі” екенін де көреміз (Римдіктерге 16:27). Құдайдың көктегі періштелері осы шексіз даналықтың талай көрінісіне куә болған. Ехоба жердегі жаратылыстарды жаратқанда, олар “қуаныштан дауыстаған” (Әйүп 38:4—7). Осы саналы жаратылыстардың Едем бағында болған жайтты асқан қызығушылықпен бақылағаны сөзсіз. Олай болса, дана Құдай ғаламат әлемді және жердегі басқа да керемет нәрселерді жаратқан соң, сәтсіздікке ұшырайтындарын біле тұра періштелердің көз алдында керемет екі адамды жаратар ма еді? Мұндай бақытсыздықты алдын ала ойластыру ақылға қонымсыз екені анық.

Сөйтсе де кейбіреулер: “Қалайша шексіз дана Құдай Адам ата мен Хауа ананың күнә жасайтынын білмеген?”— дер. Рас, Ехобаның зор даналығының бір қыры — “ақырғы жайттарды әуел бастан-ақ” білетіндігі (Ишая 46:9, 10). Алайда ол өзінің құдіретті күшін әрқашан толығымен қолданбайтынындай, бұл қабілетін де қолдануға міндетті емес. Дана Құдай алдын ала білу қабілетін қай кезде қолдану керектігін жақсы біледі. Ол мұны жағдайға қарай әрі орынды болғанда қолданады.

Құдайдың алдын ала білу қабілетін қолданбауды шешкенін жаңа технологияның мысалымен түсіндіруге болады. Алдын ала дискіге жазылған спорт ойынын көріп отырған адам ойынның немен біткенін білу үшін, алдымен соңғы жағын көремін десе, өз еркі. Алайда ол бұлай етуге міндетті емес. Ол ойынды басынан көремін десе, бұл үшін оны ешкім айыптамайды. Сол сияқты, Жаратушымыз да соңы немен бітетінін көруді емес, біраз күте тұрып, оқиғаның өрбу барысында жердегі балалары қалай әрекет ететінін көруді шешті.

Ілгеріде айтып кеткендей, даналыққа толы Ехоба алғашқы адамдарды белгілі бір бағдарламамен жүретін роботтар сияқты жаратпаған. Керісінше, сүйіспеншілікпен оларға таңдау еркіндігін берген. Дұрыс жолды таңдауымен олар өздерінің сүйіспеншілігін, ризашылығы мен тілалғыштығын көрсете алар еді. Ал бұл өздерін де, көктегі Әкелері Ехобаны да қуанышқа бөлер еді (Нақыл сөздер 27:11; Ишая 48:18).

Жазбалардан Құдайдың көп жағдайларда алдын ала білу қабілетін қолданбағанын көруге болады. Мысалы, адал кісі Ыбырайым өз ұлын құрбандыққа шалмақ болғанда, Құдай оған: “Енді сенің Өзімді құрметтейтініңе көзім жетті, Менен өзіңнің жалғыз ұлыңды да аямадың”,— деді (Жаратылыс 22:12). Ал өзге бір жағдайларда кейбір қызметшілері өздерінің жаман жүріс-тұрысымен оны “қапаландырды”. Мұны күні бұрын білген болса, Құдай осылай қапаланып, қайғырар ма еді? (Забур 77:40, 41; Патшалықтар 3-жазба 11:9, 10).

Ендеше даналығы шексіз Құдай Адам ата мен Хауа ананың күнә жасайтынын білу үшін, өзінің алдын ала білу қабілетін қолданбаған деп пайымдау ақылға қонымды. Дана Құдай осы қабілетін қолданып, өзі алдын ала білген келеңсіз оқиғаларды бастан өткерсін деп адамдарды жаратпас еді.

“Құдай — сүйіспеншілік”

Едем бағында бүліктің шығуына түрткі болған — Құдайдың қас жауы Шайтан. Бүліктің салдары күнә мен өлімді қоса алғанда, өте жаман болды. Сондықтан Шайтан “кісі өлтіруші”, сондай-ақ “өтірікші әрі өтіріктің әкесі” болды (Жохан 8:44). Өзінің пиғылы арам болғандықтан, ол сүюші Жаратушымыздың да ниетін жаман етіп көрсетуге тырысады. Ол адамның күнәсін Ехоба Құдайға жапқысы келеді.

Құдайдың Адам ата мен Хауа ананың күнә жасайтынын күні бұрын білмеуді шешуіне басты себеп болған — сүйіспеншілік. Бұл — Құдайдың негізгі қасиеті. Киелі жазбада: “Құдай — сүйіспеншілік”,— делінген (Жоханның 1-хаты 4:8). Сүйіспеншілік — жағымды қасиет. Ол өзгелердің бойынан жақсы нәрсені көруге талпындырады. Сондықтан да сүйіспеншілікке толы Ехоба Құдай Адам мен Хауаға тек жақсылық тіледі.

Құдайдың жердегі балаларының бұрыс шешім қабылдауға еріктері болса да, сүюші Құдайымыз оларға түңіліп не күдіктеніп қараған жоқ. Қайта, оларға өмірге қажеттінің бәрін беріп, білулері керек нәрсенің бәрінен хабардар етті. Олай болса, Құдайдың олардан бүлік шығарады деп емес, өзіне сүйіспеншілікпен мойынсұнады деп күткені орынды-ақ. Ол Адам мен Хауаның адалдық таныта алатынын білген. Өйткені кейініректе тіпті кемелсіз болған Ыбырайым, Әйүп, Даниял және басқа да көптеген адамдар адалдық танытты ғой.

“Құдай үшін мүмкін емес нәрсе жоқ”,— деген Иса пайғамбар (Матай 19:26). Бұл сөздер көңілге жұбаныш береді. Әділдік, даналық және күш сияқты қасиеттерімен қатар, Ехоба Құдайдың сүйіспеншілігі оның өз уақытында күнә мен өлімнің салдарын жоя алатынына әрі жоятынына кепілдік береді (Аян 21:3—5).

Сонымен, Ехоба Құдайдың Адам ата мен Хауа ананың күнә жасайтынын алдын ала білмегені анық. Олардың тілазарлығы мен мұның қайғылы салдары Құдайға ауыр тисе де, ол бұл жағдайдың өзінің жерге және адамзатқа қатысты мәңгілік ниетінің жүзеге асуына кедергі бола алмайтынын білген. Сізді Құдайдың осындай ғажап ниеті мен оның сізге қандай пайдасы бар екені жайлы көбірек білуге шақырамыз a.

[Сілтеме]

a Құдайдың жерге қатысты ниеті жайлы көбірек мәліметті Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 3-тарауынан табуға болады.

[14-беттегі сөздер]

Ехоба Құдай алғашқы адамдарды белгілі бір бағдарламамен жүретін роботтар сияқты жаратпаған

[15-беттегі сөздер]

Құдай Адам ата мен Хауа ананың адалдық таныта алатынын білген