Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдай неге зұлымдық пен қайғы-қасіретке жол береді?

Құдай неге зұлымдық пен қайғы-қасіретке жол береді?

Құдай Сөзінен білім алайық

Құдай неге зұлымдық пен қайғы-қасіретке жол береді?

Бұл мақалада жиі көтерілетін сұрақтарға көңіл бөлінеді. Олардың жауабын сіз Киелі кітаптан оқып біле аласыз. Ехоба куәгерлері осы сұрақтарды сізбен бірге қарастыруға қуанышты болады.

1. Зұлымдық қайдан бастау алған?

Шайтан Ібіліс алғашқы өтірікті айтқаннан соң жер бетінде зұлымдық пайда болды. Бұл рухани тұлға Шайтан болып жаратылған жоқ. Алғашында ол кемелді періште болды, бірақ кейін “шындықтан тайып кетті” (Жохан 8:44). Ол саналы жаратылыстардың өзін құдай сияқты қастерлегенін қалай бастады. Шайтан алғашқы әйел Хауа анаға жалған сөйлеп, оны Құдайға мойынсұнбауға иландырды. Адам ата да Хауа анаға еріп Құдай заңын бұзды. Адам атаның қабылдаған шешімі дүниеге қайғы-қасірет пен өлім әкелді (Жаратылыс 3:1—6, 17—19 оқыңыз).

Шайтан Хауа ананы Құдайға мойынсұнбауға итермелеуімен оның бүкіләлемдік билігіне қарсы шықты. Адамзат баласының басым көпшілігі Құдайды Әлемнің әміршісі ретінде мойындамай Шайтанға еріп келеді. Сондықтан Шайтан “осы дүниенің билеушісі” деп аталады (Жохан 14:30; Аян 12:9 оқыңыз).

2. Құдай періштелер мен адамдарды күнә жасауға бейім қылып жаратты ма?

Негізі, адамдар мен періштелер Құдай заңын бұлжытпай орындай алады (Заңды қайталау 32:4, 5). Жаратушы бізге таңдау еркіндігін берді, сондықтан жамандық не жақсылық жасау өзімізге байланысты. Ал бұл еркіндікті дұрыс пайдалансақ, Құдайға деген сүйіспеншілігімізді көрсетеміз (Жақып 1:13—15; Жоханның 1-хаты 5:3 оқыңыз).

3. Құдай неге қайғы-қасіретке жол береді?

Ехоба Құдай өзінің билігіне қарсы шығарылған бүлікке біраз уақыт төзуді шешті. Не үшін? Адамдардың өз-өздеріне билік етуге дәрменсіз екендері бәріне айқын болу үшін (Еремия 10:23). Алғашқы адамдардың бүлігінен бергі 6000 жылдың ішінде құрылған ешбір үкімет ауру, әділетсіздік, соғыс пен қылмысты тоқтата алмады (Нақыл сөздер 20:24; Римдіктерге 9:17 оқыңыз).

Құдайдың билігін мойындайтын адамдар болса мол батаға кенеледі (Ишая 48:17, 18). Жақын уақытта Ехоба Құдай адамдар құрған үкіметтердің бәрін жояды. Ал жерді тек Құдайдың билігіне мойынсұнатын адамдар ғана мекендейді (Даниял 2:44; Ишая 2:3, 4; 11:9 оқыңыз).

4. Құдайдың төзімділік танытқанының бізге қандай пайдасы бар?

Құдайдың төзімділігінің арқасында біз бүкіләлемдік билікке қатысты дауда кімнің жағында екенімізді көрсете аламыз. Шайтан Ібіліс ешбір адам Ехоба Құдайға өз ықтиярымен адал болмайды деген болатын. Ендеше өмір салтымызбен Құдайдың жағында екенімізді көрсетейік (Әйүп 1:8—11; Нақыл сөздер 27:11 оқыңыз).

5. Құдайдың билігін қалай қолдай аламыз?

Мұның бір жолы — шындықты іздеп-тауып, Құдайға оның Сөзі Киелі кітапқа сай құлшылық ету (Жохан 4:23). Сондай-ақ Иса пайғамбарға еліктеп, саясат пен соғысқа араласпау керек (Жохан 17:14 оқыңыз).

Бүгінде Шайтан Ібіліс жүгенсіздік пен нәпсіқұмарлықтың белең алуына түрткі болуда. Мұндай нәрселерден бас тарқанымызды көрген достарымыз бен туыстарымыздың кейбірі бізді келемеждеуі не қарсылық көрсетуі мүмкін (Петірдің 1-хаты 4:3, 4). Ондай кезде біз не істейміз? Құдайды сүйетін адамдармен әрі қарай да тығыз араласып, оның даналығы мен сүйіспеншілігінің көрінісі болып табылатын заңдарына мойынсұна береміз бе? Осылай ететін болсақ, Шайтанның бірде-бір адам Құдайдың талаптары бойынша өмір сүрмейді деген жаласын жоққа шығарамыз (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10; 15:33 оқыңыз).

Көбірек білу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымының 11-тарауын қараңыз.

[16-беттегі сурет]

Адам ата бұрыс шешім қабылдады

[17-беттегі сурет]

Құдай заңдарына мойынсұну арқылы оны Билеуші ретінде мойындайтынымызды көрсетейік