Киелі кітап. Сұрақтар мен жауаптар
Құдай қандай тұлға?
Құдай — көзге көрінбейтін рухани тұлға. Ол көкті, жерді және барлық тіршілікті жаратты. Алайда Құдайдың өзін ешкім жаратпаған, себебі оның бастауы жоқ (Забур 89:3). Құдай адамдардың өзін іздегенін және өзі туралы шындықты білгенін қалайды (Елшілердің істері 17:24—27 оқыңыз).
Біз Құдайдың есімін біле аламыз. Сондай-ақ жаратылыстарына қарап, оның кейбір қасиеттерін білеміз (Римдіктерге 1:20). Бірақ Құдайды жақынырақ тануымыз үшін бізге оның Сөзі Киелі кітапты зерттеу қажет. Сонда Құдайдың сүйіспеншілікке толы болмысымен таныса аламыз (Забур 102:7—10 оқыңыз).
Құдай әділетсіздікке қалай қарайды?
Біздің Жаратушымыз Ехоба Құдай әділетсіздікті жек көреді (Заңды қайталау 25:16). Ол адамдарды өзіне рухани жағынан ұқсас етіп жаратты. Сол себепті де көбіміз әділетсіздікке төзбейміз. Өмірде болып жатқан әділетсіздік үшін Құдай кінәлі емес. Ол адамдарға ерік бостандығын берген болатын. Бірақ, өкінішке қарай, көп адам өз ерік бостандықтарын теріс қолданып, әділетсіздік жасайды. Олардың мұндай істерін көргенде Ехоба Құдай қайғырады (Жаратылыс 6:5, 6; Заңды қайталау 32:4, 5 оқыңыз).
Ехоба әділдікті сүйеді, әрі ол әділетсіздікке мәңгі бақи төзіп отыра бермейді (Забур 36:28, 29). Киелі кітапта жақында Құдайдың күллі әділетсіздікті жоқ қылатыны уәде етіледі (Петірдің 2-хаты 3:7—9, 13 оқыңыз).
Киелі кітапқа сай, Құдай жақында бүкіл адамзат үшін әділдік орнатады