Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОҚЫРМАН САУАЛДАРЫ

Құдай күштілердің әлсіздерді қанауына неге жол береді?

Құдай күштілердің әлсіздерді қанауына неге жол береді?

Киелі кітапта күштілердің әлсіздерді қанағаны жайлы бірнеше оқиға жазылған. Бұл ретте Набутаймен болған жағдай ойға келеді *. Б. з. б. X ғасырда Исраилде патша болған Ахаб Набутай деген кісінің жүзімдігін иемденгісі келген болатын. Сондықтан әйелі Езабел Набутай мен оның ұлдарын өлтіргенде, Ахаб бұған көз жұмып қарады (Патшалықтар 3-жазба 21:1—16; Патшалықтар 4-жазба 9:26). Құдай адамдардың билікті осыншалықты теріс қолдануына неге жол берді?

“[Құдай] өтірік айта алмайды” (Титке 1:2).

Мұның маңызды бір себебі мынау: Құдай ешқашан өтірік айтпайды (Титке 1:2). Ал бұның қанаушылықпен қандай байланысы бар? Құдай о баста өзіне қарсы жасалған бүліктің арты өлімге әкеп соғатынын ескерткен болатын. Өкінішке қарай, алғашқы адам жұбы Адам ата мен Хауа ана Құдайға қарсы шықты. Мұның нәтижесі Құдай айтқандай болды. Сол уақыттан бастап өлім адамзат өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ең алғашқы өлім қанаушылықтың салдарынан болды. Ол кезде Адам мен Хауаның ұлы Қабыл інісі Әбілді ұрып өлтірген еді (Жаратылыс 2:16, 17; 4:8).

Құдай Сөзінде адамзаттың жағдайы сол уақыттан бері қандай болып келгені былай сипатталады: “Адамдар басқаларға билік жүргізіп, зор зиян келтіреді” (Уағыздаушы 8:9). Бұл сөздердің растығы Құдайдан өздеріне патша тағайындап беруді сұраған Исраил халқының мысалынан анық көрінеді. Ехоба Құдай исраилдіктерге өздерін билеген патшалардың жәбір көрсететінін, нәтижесінде халықтың одан жалбарынып көмек сұрайтынын ескерткен болатын (Патшалықтар 1-жазба 8:11—18). Тіпті дана патша Сүлейменнің өзі көп салық жинап, халыққа ауыртпалық салған (Патшалықтар 3-жазба 11:43; 12:3, 4). Ал Ахаб сияқты зұлым патшалар халықты бұдан да қатты қанаған. Ойлап көріңізші, егер Құдай адамдардың көрсеткен өктемдігіне әрдайым тосқауыл қойып отырса, оның о баста айтқан сөзіне өзі қайшы келгендей болмас па еді?

“Адамдар басқаларға билік жүргізіп, зор зиян келтіреді” (Уағыздаушы 8:9).

Сондай-ақ Шайтанның бір өтірікке бастау бергенін де есте ұстайық. Оның айтуынша, адамдар Құдайға қара бастарының қамын ойлағандықтан ғана қызмет етеді (Әйүп 1:9, 10; 2:4). Егер Құдай барлық қызметшілерін қанаушылық атаулыдан қорғап отырса, мұнысымен Шайтанның жаласын растағандай болып қалмас па еді? Бұған қоса, Құдай ешбір адамның қаналуына жол бермесе, анағұрлым зор өтіріктің тарауына жауапты болар еді. Мұндайда көп адам еш жапа шекпегендіктен “Бізге Құдайдың билігі керек емес, өзіміз-ақ жақсы билік ете аламыз” деген ойға келуі мүмкін еді. Алайда Құдай Сөзінде бұған қарама-қайшы ой жазылған. Онда адамдардың өз-өздеріне билік етуге мүлдем дәрменсіз екендері айтылған (Еремия 10:23). Ал әділетсіздік атымен жоқ болу үшін адамзатқа Құдай Патшалығы билік ету қажет.

Алайда сол уақыт келгенше Құдай қанаушылыққа қарсы ешқандай шара қолданбай ма? Ол бүгінде нақты екі нәрсе істеп жатыр. Біріншіден, ол қанаушылыққа қатысты бізге толық мағлұмат беріп отыр. Мысалы, Езабелдің Набутайға қарсы құрған зымиян жоспары Киелі кітапта егжей-тегжейлі әрі ашық жазылған. Сондай-ақ Киелі кітапта осындай зұлым істердің артында өзінің кім екенін жасырғысы келетін күші зор билеушінің тұрғаны да ашық айтылады (Жохан 14:30; Қорынттықтарға 2-хат 11:14). Жазбалардан бұл билеушінің Шайтан Ібіліс екені көрінеді. Зұлымдық пен қанаушылыққа не жататынын және олардың артында шын мәнінде кім тұрғанын ашық айту арқылы Құдай бізге зұлымдықтан бойымызды аулақ ұстауға көмектеседі. Осылайша ол біздің мәңгі болашағымыз үшін қам жасайды.

Екіншіден, Құдай қанаушылыққа тоқтау салуды уәде етеді. Құдайдың Ахаб пен Езабелді және басқа да көптеген зұлым адамдарды әшкерелеп, соттап, жазалағаны уақыты келгенде қаскүнем адамдардың бәрін міндетті түрде жоятынына сенімділік береді (Забур 51:2—7). Сонымен қатар Құдай зұлымдықтың адал қызметшілеріне әкелген зардабының орнын толтыруды уәде етеді *. Сол уақытта жер бетінде жұмақ орнап, Құдайға адал болған Набутай мен оның ұлдары әділетсіздіктен босаған жерде мәңгі өмір сүретін болады (Забур 36:34).

^ 3-абзац Журналдың осы санындағы “Олардың сенімдерін үлгі етейік” деген айдарды қараңыз.