Дінаралық қатынас. Құдайдың көзқарасы қандай?
“Дін бізді біріктіре ме, әлде ажырата ма?” Бұл “Сиднейдің таңғы хабаршысы” газетінің оқырмандарына қойылған сұрақ болатын. Жауап бергендердің басым көпшілігі, шамамен 89 пайызы, дін адамдарды ажыратады деген пікірде екені анықталды.
АЛАЙДА дінаралық қатынасты қолдайтындардың бұған қатысты көзқарасы өзгеше. Жастардың дінаралық бірлестігінің негізін қалаушысы Ибу Патель: “Жанашыр болуды.., қонақжайлылық танытуды.., қоршаған ортаны басқаруды үйретпейтін дінді маған көрсетіңдерші”,— деген болатын.
Рас, буддистер, католиктер, протестанттар, индуистер, мұсылмандар және басқалар қосылып, кедейшілікпен күресу, адам құқығын қорғау, жерді миналауға тыйым салу, қоршаған ортаға көңіл бөлу сияқты мәселелерде жұмылып әрекет етуде. Араларында түсінушілік болу үшін және бір-біріне жігер беру үшін көптеген діндер дөңгелек үстелдер өткізіп жатады. Олар өздерінің сан алуандылығын әуендермен, дұға айтумен, шырақ жағу рәсімімен, фестивальдарды өткізумен және басқа да жолдармен паш етеді.
Діндердің бірігіп әрекет еткендері өзара болып жатқан қақтығыстарды тоқтата ала ма? Құдай дүниедегі жағдайды дінаралық қатынас арқылы жақсарта ма?
БІРЛІК. ОНЫҢ ҚҰНЫ ҚАНДАЙ?
Дінаралық қатынастың ең үлкен ұйымдардың бірі 200-ден аса діннің өкілдері оларға мүшелік ететіндерін және 76 елде әрекет ететіндерін мақтаныш санайды. Олардың айтуынша, алға қойған мақсаттары — “дінаралық қатынасты баянды ету”. Алайда бұны жүзеге асырғаннан гөрі, ауызбен айтқан оңай. Мысалы, бұл ұйымға мұрындық болғандардың айтуы бойынша, олар құжатқа қол қоятын көптеген діннің мүшелерін өкпелетіп алмау үшін, жарғыларындағы сөздерді мұқият таңдау керек болды. Неге? Бұның бір себебі — жарғыға Құдай жайлы жазылу керек пе, жоқ па деген мәселе төңірегінде туындаған келіспеушіліктер. Нәтижесінде, аталмыш жарғыда Құдай жайлы мүлдем сөз етілмеді.
Егер Құдай шетте қалса, онда діннің рөлі қандай? Мұндай дінаралық ұйымдар қайырымдылық ұйымдарынан несімен айрықшаланады? Жоғарыда аталған дінаралық ұйымның өзін діни бағыттағы емес, “арақатынасты дамыту бағытындағы бірлестік” деп атауының себебі де осыда.
ЖАҚСЫЛЫҚТЫ НАСИХАТТАУ ЖЕТКІЛІКТІ МЕ?
“Дәстүрлі діндердің барлығы негізінен бір нәрсені алға тартады, ол — сүйіспеншілік, жанашырлық және кешірімділік”,— дейді дінаралық қатынастың белгілі жақтаушысы Далай Лама. Ол сөзін жалғап: “Ең бастысы, олар күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі болуы тиіс”,— деп қосты.
Әрине, сүйіспеншілік, жанашырлық және кешірімділік сияқты ізгі қасиеттердің маңызды екендігінде дау жоқ. Иса пайғамбар “алтын ереже” деп аталатын атақты сөздерінде: “Олай болса, барлық істе басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер”,— деген болатын (Матай 7:12). Бірақ шынайы сенім дегеніміз тек жақсылық істеумен шектеле ме?
Кезінде Құдайға сиынамыз деп көкіректерін керген көптеген замандасы жайлы елші Пауыл былай деген: “Мен олардың Құдайға құлшына қызмет еткенімен, бұлары тура білімге негізделмегеніне куәлік етемін”. Пауылдың осылай айтуына не себеп болған? “Олар Құдайдың әділдігін білмегендіктен, өздерінің әділдігін орнатуға тырысып жүр”,— деді ол (Римдіктерге 10:2, 3). Құдайдың олардан нені күтетініне қатысты нақты білімдері болмағандықтан, олардың құлшыныстары, яғни сенімдері бекер болған (Матай 7:21—23).
КИЕЛІ КІТАПТЫҢ ДІНАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСҚА КӨЗҚАРАСЫ
Иса пайғамбар:“Татуластырушылар бақытты”,— деп айтқан (Матай 5:9). Иса уағыздаған сөздеріне сай әрекет еткен: ол татулық жайлы хабарды түрлі дінді ұстанатын адамдарға айтқан (Матай 26:52). Осы хабарға құлақ асқандар мызғымас сүйіспеншіліктің саясында болған (Қолостықтарға 3:14). Бірақ Иса пайғамбардың мақсаты түрлі дінді ұстанатын адамдардың арасына алтын көпір салып, татулықты орнату ғана болды ма? Ол басқа діндердің ғибадаттарына ортақтасты ма?
Парызшылдар мен саддукейлер секталары Иса пайғамбарға қарсы тұрған, тіпті оны өлтіруді көздеген. Иса бұған қалай қарады? Ол шәкірттеріне былай деп нұсқау берген: “Оларды жайына қалдырыңдар. Олар соқыр жетекшілер” (Матай 15:14). Иса пайғамбар осындай адамдармен діндес болғысы келген жоқ.
Уақыт өте келе көзқарас еркіндігі мен діндердің көптігімен танымал болған Грекияның Қорынт қаласында мәсіхшілер қауымы бой көтерді. Сондай ортада өмір сүрген Иса Мәсіхтің ізбасарлары қалай әрекет еткен? Елші Пауыл оларға басқалармен діндес болмау керектігін келесі сөздерімен анық көрсеткен: “Әділдік пен заңсыздық арасында қандай байланыс бар? Жарық пен қараңғылық арасында ортақ не бар? Мәсіх пен Белияр [немесе Шайтан] арасында бірлік бола ала ма?” Сосын ол былай деді: “Сондықтан олардың арасынан шығыңдар” (Қорынттықтарға 2-хат 6:14, 15, 17).
Киелі кітап дінаралық қатынасты қолдамайтыны анық. Бірақ сізді: “Олай болса, шынайы бірлікке қалай қол жеткізуге болады?”— деген сұрақ толғандыратын шығар.
ШЫНАЙЫ БІРЛІКТІ ОРНАТУ
Әдетте құрылыс компанияларында көп жұмыскер еңбек етеді. Олар бір құрылыс жоспарын ұстанбаса, жобаны жүзеге асыра ала ма? Дінаралық қатынас жайлы да солай айтуға болады. Олар бірлестік пен құрмет бар деп жар салғанмен, діни ұстанымдарға қатысты ортақ бітімге келе алмай жатыр. Бір “жоспары” болмағандықтан, моральдық нормалары мен ілімдерінің арасында әлі күнге дейін келіспеушіліктер туындап отыр.
Құдайдың нормалары Киелі кітапта жазылған және олар “жоспар” іспетті. Біз Киелі кітаптағы принциптерге сай өмір сүруіміз керек. Солай істейтін адамдар діни және нәсілдік алалаушылықты жеңе біліп, жұмылған жұдырықтай ауызбіршілікте қызметтесуді үйренді. Құдай бұл жайлы өз Сөзінде алдын ала былай деген: “Сол кезде халықтарға таза тіл сыйлаймын, Осылай олардың бәрі Ехобаны атын атап шақырып, Иық тіресе оған қызмет ететін болады”. Иә, бірлік деген “таза тілден”, яғни Құдайға сиынуға қатысты жоғары нормаларды ұстанудан келеді (Софония 3:9 ЖД; Ишая 2:2—4).
Ехоба куәгерлерінің арасында орнаған таңдай қақтырарлық татулық пен бірлікті өз көзіңізбен көре алуыңыз үшін, сізді шын жүректен жақын маңдағы Патшалық сарайына шақырамыз (Забур 132:1).