Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ҚҰДАЙ ЖЕКЕ СІЗГЕ КӨҢІЛ БӨЛЕ МЕ?

Құдай сізге жұбаныш береді

Құдай сізге жұбаныш береді

“Еңсесі түскендерді жұбататын Құдай” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 2-ХАТ 7:6).

“Құдай Ұлы... мені сүйгендіктен, мен үшін өмірін берді” (ҒАЛАТТЫҚТАРҒА 2:20).

НЕГЕ КЕЙБІРЕУЛЕР БҰҒАН КҮМӘНДАНАДЫ? Құдайдың көмегі ауадай қажет болса да, кейбіреулер қиыншылықтармен күресу үшін одан көмек сұрау өз қара бастарын ойлаумен тең деп есептейді. Ракел есімді бір әйел былай дейді: “Дүниедегі өте ауыр жағдайларға ұшырап жатқан сан мыңдаған адамдар жайында ойласам, менің уайымым олардың қиындықтарының қасында түк те емес болып көрінеді. Сондықтан Құдайдан көмек сұрауға дәтім бармайды”.

ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ НЕ ДЕЛІНГЕН? Құдай адамдарға көмектесіп, жұбаныш беру үшін үлкен шара қолданған. Бүгінде күнәні мұра етпеген адам жоқ, сондықтан ешкім де Жаратушының талаптарын кемелді түрде орындай алмайды. Алайда Құдай “бізді сүйді, сондықтан күнәларымыз үшін Ұлын өзімен татуластыратын құрбандық ретінде жіберді” (Жоханның 1-хаты 4:10). Исаны құрбандыққа беру арқылы Құдай күнәларымызды кешірді, ар-ұжданымызды тазартты және жер бетінде мәңгі әрі бақытты өмір сүруге үміт берді *. Алайда Құдай сол құрбандықты жалпы адамзат үшін берді ме, әлде бұл оның жеке сіздің де қамыңызды ойлайтынын көрсете ме?

Елші Пауылдың мысалын қарастырайық. Ол Исаның төлем құрбандығын бағалап, былай деп жазған: “Мен Құдай Ұлына деген сенімім арқылы өмір сүріп жатырмын. Ол мені сүйгендіктен, мен үшін өмірін берді” (Ғалаттықтарға 2:20). Иса өзін құрбан еткен кезде, елші Пауыл Исаға әлі сенбейтін. Десе де Пауыл бұл құрбандықты Құдайдың жеке оған берген сыйы деп қарастырған.

Исаның төлем құрбандығы сіз үшін де Құдайдың сыйы болып табылады. Бұл сый сіздің Құдай үшін аса қымбат жан екеніңізді дәлелдейді. Сондай-ақ ол сізге “мәңгілік жұбаныш әрі берік үміт береді” және істеріңіз бен сөздеріңіз игі болу үшін нығайтады (Салоникалықтарға 2-хат 2:16, 17).

Иса өмірін құрбан еткеннен бері 2000 жылдай уақыт өтті. Алайда бүгінде де Құдай сізді өзіне жақын тартып жатқанын қайдан біле аласыз?

^ 5-абзац Исаның құрбандығы жайлы көбірек білу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 5-тарауын қараңыз.