Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

Өмірімді өзгерткен үш сұрақ

Өмірімді өзгерткен үш сұрақ
  • ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1949

  • ЕЛІ: ҚҰРАМА ШТАТТАРЫ

  • ҚЫСҚАША МАҒЛҰМАТ: ҰЗАҚ УАҚЫТ БОЙЫ ӨМІРДІҢ МӘНІН ІЗДЕГЕН

ӨМІРБАЯНЫМ:

Мен Нью-Йорк штатының солтүстігіндегі Анкрам деген кішкентай қалада дүниеге келдім. Бұл қалада сүт фермалары өте көп болатын, өйткені адамнан гөрі сиыр көп еді.

Біз отбасымызбен қаладағы жалғыз шіркеуге баратынбыз. Жексенбінің таңертеңінде атам әдетте аяқкиімімді тазалап, жылтыратып қоятын. Сөйтіп, мен әжем берген аппақ Киелі кітабымды құшақтап, жексенбілік діни мектепке қарай жол тартатынмын. Мені, інімді және сіңілімді кішкентайымыздан адал еңбек етуге, өзгелерді құрметтеп, көмектесуге және барға разы болуға үйретіп өсірген.

Бойжеткен соң, мен бөлек кетіп, ұстаздық етуді бастадым. Менің Құдайға, өмірге қатысты сұрақтарым қашан да көп болатын. Сабақ берген оқушыларымның ішінде кейбірі дарынды болса, өзгелері ұқсап бағуға тырысатын. Біреулерінің он екі мүшесі сау, біреулері кемтар еді. Бұл мен үшін әділетсіз болып көрінетін. Жарымжан балалардың ата-аналары: “Бұл — Құдайдың жазғаны шығар”,— деп налитын. Сонда мен “Осылай болып туылатындай олар Құдайға не жазды екен, сәбидің не жазығы бар?” деп таңғалушы едім.

Менің көкейімде “Өмірімде мән-мағыналы қандай істер жасауым керек?” деген сұрақ тұрды. Өмірім желдей зулап өтіп жатқан еді. Мен жақсы отбасында туып өстім, жақсы мектепте оқыдым, сүйікті ісіммен айналысып жүрдім. Бірақ алдағы өмірімнің еш мағынасы жоқтай көрінетін. “Мейлі, бір күндері тұрмысқа шығармын, үйлі-жайлы болармын, бәлкім, бала сүйетін шығармын. Сосын зейнетке шыққанша еңбек етіп, ақырында, кәрілікке де жетермін. Бірақ өмірдің бар мәні осы ма?”— деп ойланатынмын.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:

Жаз айларының бірінде кей әріптестеріммен бірге Еуропаға саяхаттап бардым. Біз Вестминстер аббаттығы мен Нотр-Дам де Пари деген көне шіркеулерге, Ватиканға және басқа да кішкентай шіркеулерге бардық. Мен жүрген жерімде сұрақтарымды қойып жүрдім. Саяхаттан кейін Слотсбергтегі (Нью-Йорк) үйіме оралған соң, бірнеше шіркеуге тағы бардым. Бірақ бірде-біреуінің жауабына көңілім толмады.

Бір күні 12 жасар оқушым маған үш сұрақ қойды. Алдымен, ол: “Сіз менің Ехоба куәгері екенімді білесіз бе?”— деп сұрады. Мен: “Иә”,— дедім. Сосын ол: “Ехоба куәгерлері жайлы көбірек білгіңіз келе ме?”— деп сұрады. Мен тағы да: “Иә”,— деп жауап бердім. Соңында оқушым қайда тұратынымды сұрады. Мекенжайымды айтқанымда, көршілес тұратынымыз анықталды. Осы кішкентай қыздың үш сұрағы менің бүкіл өмірімді өзгертетінін сол кезде кім білген?!

Көпке ұзатпай кішкентай қыз велосипедпен үйіме келіп, менімен Киелі кітап зерттеу сабағын бастады. Мен басқа дінбасыларға қойған сұрақтарымды оған да қойдым. Ол менің Киелі кітабымнан сол уақытқа дейін ешкім айта алмаған анық та қанық жауаптарды көрсетіп берді. Бұларды мен өзім де ешқашан байқамаппын.

Киелі кітаптан біліп жатқаным жүрегімді қуанышқа толтырып, көңілімді көншітті. Жоханның 1-хаты 5:19-дағы “Бүкіл дүние Шайтанның билігінде” деген сөздер көзімді ашқандай болды. Барлық қасіреттің себепшісі — Құдай емес, Шайтан екенін, ал болашақта Құдай жағдайды түзететінін білгенде, жаным жай тапты (Аян 21:3, 4). Содан мен: “Анық етіп түсіндіріп берсе, Киелі кітапты түсінуге болады екен ғой”,— деген ойға келдім. Менімен Киелі кітапты зерттеген қыз небәрі 12 жаста болатын. Бірақ мен: “Кімнің аузынан шықса да, шындық бәрібір шындық болып қалады ғой”,— деп ой түйдім.

Бірде мен Куәгерлердің істері сөздеріне сай келе ме, жоқ па — соны тексермек болдым. Мысалы, кішкентай қыз шынайы мәсіхшілердің шыдамды әрі мейірімді екенін айтатын (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Содан “Осы қасиеттерді оның өзі таныта ма екен?” деп оны сынамақ болып, зерттеу өтетін күні үйге кешігіп келуді ұйғардым. Жолда келе жатып: “Ол қайтер екен, мені күте ме, әлде кешіккенім үшін ашулана ма?”— деп ойладым. Үйге жақындай бергенімде, мені күтіп тұрған қыз көлігімнің қасына жүгіріп келіп: “Сәл болмағанда, анаммен бірге аурухана мен полицияға хабар беріп, сізге іздеу салмақшы едім. Әдетте кешікпеуші едіңіз ғой, сізді уайымдап кеттім”,— деді.

Тағы бірде 12 жасар қызға жауап беруге қиын болады-ау деген сұрақ қойдым. “Ол қайтер екен, жауабын әйтіп-бүйтіп құрастырып бере сала ма?”— деп ойладым. Сонда ол маған ойлы көзімен қарап: “Бұл күрделі сұрақ екен. Бұны жазып алып, ата-анамнан сұрайын”,— деді. Келесі жолы ол менің сұрағымның жауабы жазылған “Күзет мұнарасы” журналын алып келді. Олардың әдебиеттерінде менің барлық сұрақтарымның Киелі кітапқа негізделген жауабы болғаны мені қатты таңғалдырды. Мені Куәгерлерге баураған да осы еді. Сөйтіп, сол кішкентай қызбен зерттеуді әрі қарай жалғастырдым. Ал бір жылдан кейін шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болдым *.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:

Сұрақтарыма жауап алған соң, басқаларға да сол жайлы айтқым келді (Матай 12:35). Басында отбасым жаңа сенімімді қуана қарсы алмады. Бірақ уақыт өте келе, жылы қабақ танытатын болды. Анам өмірінің соңғы шағында Киелі кітапты зерттей бастады. Шомылдыру рәсімінен өте алмай қайтыс болғанмен, көзі тірісінде оның Ехоба Құдайға ғибадат етуді шешкеніне сенімдімін.

1978 жылы Элиас Казан есімді Ехоба Куәгеріне тұрмысқа шықтым. 1981 жылы екеуміз Құрама Штаттарындағы Бетелге * шақырылдық. Өкінішке қарай, 4 жылдан кейін ол қайтыс болып кетті. Мен ары қарай да Бетелде қала бердім. Сол жердегі қызмет қайғыма шипа, көңіліме медеу болды.

2006 жылы Бетелде менімен үзеңгілес қызмет етіп жүрген Ричард Элдред есімді адамға тұрмысқа шықтым. Екеуміз әлі де Бетелде қызмет етеміз әрі бұны үлкен мәртебе деп санаймыз. Құдай жайлы шындықты білгеннің арқасында мен іздеген сұрақтарыма жауап алып қана қойған жоқпын, сонымен қатар өмірдің мән-мағынасын таптым. Осының бәріне себепші болған кішкентай қыздың үш сұрағы еді.

^ 16-абзац Кішкентай қыз туған бауырларымен бірге 5 мұғалімге Киелі кітаптан білім алып, Ехоба куәгері болуға көмектесті.

^ 18-абзац “Бетел” деген еврей сөзі “Құдайдың үйі” дегенді білдіреді (Мұсаның 1-жазбасы 28:17, 19 сілтеме). Ехоба куәгерлері дүниежүзіндегі діни орталықтарын осылай атайды. Бетелде Ехоба куәгерлерінің діни ағарту ісіне көмек болатын түрлі істер атқарылады.