Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Лайық болмасам да, Ехоба мені молынан жарылқады

Лайық болмасам да, Ехоба мені молынан жарылқады

Он жеті жасымда барлық жасөспірімдер сияқты менің де қызығатын нәрселерім мен алға қойған мақсаттарым көп еді. Достарыммен араласуды, жүзуді, футбол ойнауды жақсы көретінмін. Бірақ бір күні өмірім күрт өзгерді. Мен мотоциклмен сұмдық апатқа ұшырадым. Соның кесірінен бүкіл денем сал болып қалды. Бұл оқиға шамамен отыз жыл бұрын болған еді. Содан бері мен төсекке таңылдым.

Мен Испанияның шығыс жағалауындағы Аликанте қаласында туып өстім. Қолайсыз отбасында өскендіктен, жиі көшеде қаңғырып жүретінмін. Үйімнің қасында дөңгелек жөндейтін шеберхана бар еді. Мен сол жерде істейтін Хосе Мария есімді кісімен дос болдым. Жылы шырайлы келген ол кісі маған отбасымда жетіспеген қамқорлықты көрсетті. Қиын шақтарда ол туған бауырымдай болды. Менен жиырма жас үлкен болса да, біз нағыз дос болып кеттік.

Бір күні Хосе Мария Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастады. Ол Киелі жазбаларды оқығанды жақсы көретін және жиі менімен Киелі кітаптан білгендерімен бөлісетін. Мен оны құрметтегендіктен тыңдайтынмын, бірақ айтқанындарына ешқашан шындап мән бермейтінмін. Жас болғандықтан, ойымның бәрі басқа жақта болатын. Бірақ бұның бәрі өзгермек еді.

ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТКЕН ОҚИҒА

Сол жол апаты туралы айтуды ұната бермеймін. Бір айтатыным — ақымақ болып, алды-артымды ойламадым. Сөйтіп, бір-ақ күннің ішінде өмірім түбегейлі өзгерді. Құлшынысы бойына теуіп тұрған жасөспірімнен мен әп-сәтте ауруханада жатқан жарымжанға айналдым. Мүшкіл халімді мойындау қиынға соқты. “Енді өмір сүрудің мәні бар ма?” деген ойлар мазалады.

Ауруханада жатқанда, маған Хосе Мария келді. Кейін жергілікті қауымдағы Ехоба куәгерлерінің маған келуіне қам жасады. Олардың үнемі келіп тұрғаны маған қатты әсер етті. Қарқынды терапия бөлімшесінен шыға сала, Киелі кітапты зерттеуді бастадым. Нәтижесінде адамдардың неліктен қайғы-қасірет шегетіні, өлетіні және Құдайдың жамандыққа неге жол беретіні жайлы шындықты білдім. Сондай-ақ Құдайдың болашаққа қатысты уәдесімен де таныстым. Сол уәдеге сай, болашақта жерде кемелді адамдар өмір сүреді және ешкім: “Мен науқаспын”,— деп айтпайды (Ишая 33:24). Осылайша өмірімде бірінші рет мен үшін үміт оты жанды.

Ауруханадан шыққаннан кейін, мен тез рухани өстім. Арнайы жасалған мүгедектер арбасының көмегімен Ехоба куәгерлерінің бірнеше кездесуіне бардым, тіпті уағыз ісіне де қатыса алдым. 1988 жылы 5 қарашада жиырма жасымда шомылдыру рәсімінен өттім. Мен Ехобаның көмегімен өмірге жаңаша қарауды үйрендім. Бұған деген ризашылығымды қалай көрсетер едім?

“ЖАҒЫМ” СЫНСА ДА, САҒЫМ СЫНБАДЫ

Осындай мүшкіл жағдайым Ехобаға қызмет етуіме кедергі болғанын қаламадым, бұған жол бермеуге деген байламым берік еді. Сондықтан қолдан келгеннің бәрін істеп, рухани алға басқым келді (Тімөтеге 1-хат 4:15). Бұл оңайшылықпен болмады. Өйткені алғашында отбасым сеніміме қарсы болды. Бірақ бір сенімдегі рухани бауырластарым маған көп көмектесті. Олардың арқасында мен ешқашан кездесулерді жібермедім және уағызға да қалмай қатысып отырдым.

Бірақ уақыт өте келе маған тәулік бойы қарайтын адамның керек екені анық болды. Ұзақ іздегеннен кейін, Аликанте қаласынан 160 шақырымдай жердегі Валенсия қаласынан мүгедектерге арналған қажетті орталықты таптым. Ол жер менің тұрақты үйіме айналды.

Төсектен тұра алмасам да, сенімім жайлы айтуға ықыласым зор

Төсектен тұра алмасам да, Ехобаға қызмет етуге ықыласым болды. Содан мүгедектерге берілетін зейнетақы мен басқа да жәрдемақыны жинап, компьютер мен телефон сатып алдым. Компьютерді төсегімнің қасына орнатқызып қойдым. Енді маған күтім жасайтын қызметкерлер күн сайын таңертең компьютерім мен телефонымды қосып береді. Компьютерде жұмыс істеу үшін мен иегіммен басқаратын джойстикті қолданамын. Сондай-ақ аузыммен ұстайтын арнайы таяқшам да бар. Оның көмегімен телефонымдағы пернетақтадан әріптерді және нөмірлерді теремін.

Таяқшаның көмегімен ұялы телефон арқылы қоңырау шала аламын

Бұл техниканың көп пайдасын көрудемін. Біріншіден, jw.org сайтына және “Күзет мұнарасының онлайн кітапханасына” кіре аламын. Бұлар мен үшін өте керемет құралдар! Мен жиі сағаттап Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді оқимын, ізденіс жасаймын. Соның арқасында Құдай туралы және оның керемет қасиеттері жайлы танып-білемін. Жалғыздық сезінгенде не еңсем түскенде, веб-сайттан қанат бітіретін мәлімет әрдайым табылады.

Компьютер арқылы қауым кездесулерін тыңдап, оларға қатыса аламын. Түсініктеме беріп, дұға мен баяндама айтамын және тағайындалған кезде “Күзет мұнарасы” журналын дауыстап оқимын. Қауымға өз аяғыммен бара алмасам да, осылайша оның толыққанды мүшесі екенімді сеземін.

Осы құрылғылардың арқасында уағыздау қызметіне де толықтай қатыса аламын. Әрине, басқа Ехоба куәгерлері сияқты үйден үйге жүре алмаймын. Десе де бұл маған кедергі емес. Телефон мен компьютер арқылы сенімім жайлы өзгелерге айта аламын. Телефон арқылы уағыздауды қатты ұнатқаным сонша — ақсақалдар маған телефонмен уағыздау ісін үйлестіруді тапсырды. Осының арқасында қауымдағы үйден шыға алмайтын көптеген бауырлас уағызға қатыса алды.

Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізудемін

Бірақ күндерім сол құрылғылармен ғана өтпейді. Қымбатты достарым маған күн сайын келіп тұрады. Олар өздерімен бірге Киелі кітап жайлы білгісі келетін туыстары мен таныстарын да ертіп келеді. Көп жағдайда достарым солармен Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізуімді өтінеді. Сондай-ақ бауырластар отбасыларымен келіп, өздерінің отбасылық ғибадат кешіне қатысуға шақырады. Маған әсіресе балалардың қасымда отырып, Ехобаны не үшін жақсы көретіндерін айтқандары ұнайды.

Достарымның отбасылық ғибадатына қатысудамын

Қонақтардың маған көп келетініне ризамын. Жиі менің бөлмем алыс-жақыннан келген достарыма толы болады. Олардың мұндай қамқорлығы орталықтағы күтім көрсетушілерді қайран қалдыратыны айтпаса да түсінікті. Осындай керемет бауырластықтың мүшесі болуға мүмкіндік бергені үшін Ехобаға күн сайын алғысымды айтамын.

КҮРЕС ЖАЛҒАСУДА

Әлдекім хал-жағдайымды сұраса: “Жағдайым осы, әлі де күресіп келемін!”— деп жауап беремін. Әрине, бұл күресте жападан-жалғыз емеспін. Жағдайы мен денсаулығы қандай болмасын, барлық мәсіхшілер “сенім үшін ізгі күрес” жүргізуде (Тімөтеге 1-хат 6:12). Сонша жыл бойы қиындықтарға мойымауға маған көп нәрсе көмектеседі. Күнде Ехобаға дұға етіп, өміріме мағына бергені үшін ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ назарымды жарқын болашаққа тігіп, Құдайға мүмкіндігінше көп қызмет етуге тырысамын.

Хосе Мария

Мен жиі жаңа дүние жайлы ойланамын және қайтадан жүгіріп, асыр салып секіре алатын уақытты аңсаймын. Полиомиелитпен (жұлын қабынуы) ауыратын жақын досым Хосе Марияға алда әлі жарысып жүгіретініміз жайлы айтып: “Жарыста кім жеңеді?”— деп қалжыңдаймын. Сонда ол: “Кім жеңсе де, бәрібір емес пе? Ең бастысы, жұмақта болып, жүгірсек болды ғой!”— деп жауап береді.

Дәрменсіз күйіме төзу маған оңайға соқпайды. Жасөспірім кезімде жасаған ақымақтығымның құны маған тым қымбатқа түсті. Десе де Ехобаның менен бас тартпағанына дән ризамын. Ехоба маған көп сый берді: үлкен рухани отбасы, өмірге құштарлық, өзгелерге көмектесуден сезінетін қуаныш және жарқын болашаққа деген үміт. Сезімдерімді бірауыз сөзбен жеткізсем, лайықты болмасам да, Ехоба мені молынан жарылқады дер едім.