Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

Мен жалғанды жалпағынан басып жүрмін деп ойладым

Мен жалғанды жалпағынан басып жүрмін деп ойладым
  • ТУЫЛҒАН ЖЫЛЫ: 1982

  • ТУҒАН ЖЕРІ: ПОЛЬША

  • ҚЫСҚАША МАҒЛҰМАТ: ТӨБЕЛЕСҚҰМАР, НАШАҚОР, МАНСАПШЫЛ БОЛҒАН

ӨМІРБАЯНЫМ:

Мен Германия шегарасына жақын орналасқан Польшаның шағын қалашығында тудым. Балалық шағым фермалар мен ормандар арасында еш алаңсыз өтті. Ата-анам мені адамгершіліктен аттамауға, мектепте жақсы оқып, беделді азамат болуға талпындыратын.

Өмірімдегі бар қиындық заңгер болу үшін Вроцлав қаласындағы университетке түскенімде басталды. Отбасынан алыста жүріп, мен жаман ортамен араласа бастадым. Мен футболды бұрыннан жақсы көретінмін, бірақ жаңа достарымның әсерімен тіптен беріліп кеттім. Содан өзім жанкүйер болып жүрген Варшаваның командасы демалыс күндері қайда ойнаса, сол жерге баратын болдым. Жүрген жерімде ішімдік пен есірткі болатын, жиі қарсы команданың жанкүйерлерімен қиян-кескі төбелесетінбіз. Мен полицияның қолына түссем, оқуыма кесірін тигізетінін түсінетінмін. Әйтсе де мұндай өмірді күнделікті қысымнан қашып құтылудың жолы деп ойлайтынмын.

Өзім де, достарым да клубтар мен дискотекаларға баруды ұнататынбыз. Ал барған жерімізде жиі төбелеске килігетінбіз. Мен бірнеше рет полиция қолына түстім. Бірақ үнемі амалын тауып, ал кейде пара беріп, әйтеуір істі болмай құтылып кететінмін. Мен жалғанды жалпағынан басып жүрмін деп ойладым. Десе де көңілімнің түбінде “менің істеп жүргенім дұрыс емес қой” деген ой болатын. Сондықтан ар-ұжданымды тазарту үшін әр жексенбі сайын шіркеуге баратынмын.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:

2004 жылы үйіме Ехоба куәгерлері келді, мен олармен Киелі кітап туралы әңгімелесуге келістім. Нағыз мәсіхшінің қандай болу керек екені жайлы көбірек білген сайын ар-ұжданым қатты мазалай бастады. Мен ішімдік пен есірткіні де, Киелі кітаптың талаптарына сай өмір сүрмейтін достарыммен араласуды да доғаруым керек екенін түсіндім. Маған сотқар, ашушаң мінезімді де өзгерту керек еді. Мұны түсінгенмен, еш күш салған жоқпын.

Бірақ бір күні кешке өзгеруіме түрткі болған бір оқиға болды: бір төбелесте маған сегіз жігіт жабылып, басың бар, көзің бар демей, тепкіге алды. Сонда өлімші болып жатып, былай деп дұға еткенім есімде: “Ехоба, Сөзіңе атүсті қарағаным үшін кешірші. Осыдан аман қалсам, Куәгерлермен Киелі кітапты зерттеймін, өмірімді де жөнге келтіремін”. Бір таңғалғаным — мен аман қалдым. Сондықтан Киелі кітапты зерттеймін деген уәдемде тұрдым.

2006 жылы мен Англияға көштім. Ондағы мақсатым заң саласындағы білімімді тереңдетуге қажетті ақша жинап, Польшаға оралу еді. Бірақ Киелі кітапты зерттеу барысында бір тармақ маған қатты әсер етті. Бұл елші Пауылдың мына сөздері еді: “Ием Мәсіх Иса туралы аса құнды білім үшін мен бәрінен де бас тарттым. Мәсіх үшін бәрінен айырылдым, әрі оларды түкке тұрғысыз қоқыс санаймын. Осылайша онымен тығыз қарым-қатынаста [боламын]” (Філіпіліктерге 3:8). Ол да мен сияқты заңгер әрі өте қатыгез адам болған (Елшілердің істері 8:3). Бірақ ол Құдайға қызмет ету мен Исаға еліктеудің әлдеқайда жақсы екенін түсінді. Пауылдың үлгісі туралы ойлана келе, дәреже-мансап та, сотқарлық та бақытқа жеткізбейтінін түсіндім. Осылай Пауыл өзгере алған болса, бұл менің де қолымнан келетініне сенімім артты. Сондықтан білім мен мансап қумай, Англияда қалуды шештім.

Ехобаны жақыннан таныған сайын, ол мені өзіне баурай түсті. Оның шынымен өзгергісі келетін адамды кешіруді уәде еткені жүрегіме жылу берді (Елшілердің істері 2:38). Ал Жоханның 1-хаты 4:16-дағы “Құдай — сүйіспеншілік” деген сөздер жайлы ойланғанда, оның не себепті қатыгездікті жек көретінін түсіндім.

Мен Ехоба куәгерлерінің қатарына қосылғым келді

Куәгерлердің жүріс-тұрысы да маған қатты әсер етті. Олардың Киелі кітаптағы жоғары талаптарға сай өмір сүргісі келетіні тайға таңба салғандай байқалып тұратын. Мен де сол бақытты жандардың қатарына қосылғым келді. Содан біраз күресіп, өмірімде біраз өзгерістер жасағаннан кейін, 2008 жылы Ехоба куәгерлерінің бірі ретінде шомылдыру рәсімінен өттім.

Естер екеуміз полякша сөйлейтін адамдарға уағыздаймыз

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:

Киелі кітаптың арқасында мен мансапқор, сотқар, нашақор, ішкіш, футбол фанатынан өзгелерге Киелі кітап туралы тәлім бергісі келетін Құдайдың қызметшісіне айналдым. Мен әлі де футбол көргенді ұнатамын, бірақ мұндай ойын-сауықтың өз орны болу керек деген шешіміме берікпін.

Бүгінде менің Ехобаға адал Естер деген әйелім бар. Біз Англияның солтүстік-шығысында полякша сөйлейтін адамдарға Киелі кітаптан тәлім береміз. Бұл бізге зор бақыт сыйлайды. Алғаш рет мен өз өміріме ризамын: менің ар-ұжданым таза, өмірім мән-мағынаға толы.