А4
Еврей жазбаларындағы Құдай есімі
Еврейдің дауыссыз төрт әрпімен (יהוה) жазылатын Құдай есімі Еврей жазбаларында шамамен 7000 рет кездеседі. Тетраграмматон деген атаумен белгілі бұл төрт әріп осы аудармада “Ехоба” деп тәржімеленді. Бұл — Киелі кітапта ең көп кездесетін есім. Киелі кітапты жазғандар Құдайды “Құдіреті шексіз”, “Тағала”, “Жаратқан Ие” деген сияқты көптеген лауазымдармен сипаттағанмен, Құдайдың есімі ретінде тек тетраграмматонды қолданған.
Киелі кітапты жазған адамдарға есімін жаздырған — Ехоба Құдайдың өзі. Мысалы, Жоел пайғамбарға рухының жетелеуімен: “Ехобаны атын атап шақырған әркім құтқарылады”,— деп жаздырған (Жоел 2:32). Ал зәбүр жыршысын ол келесі сөздерді жазуға талпындырған: “Адамдар сенің есімің Ехоба екенін, Бүкіл жер бетін билейтін жалғыз Құдай Тағала екеніңді білсін” (Зәбүр 83:18). Халық жатқа айтқан тек Зәбүр жырларының өзінде Құдай есімі 700 рет кездеседі. Олай болса, Ехоба деген есімнің мағынасы қандай? Неге Құдай есімінің нақты қалай дыбысталатыны белгісіз? Неге көп аудармада бұл есім кездеспейді?
Ехоба деген есімнің мағынасы қандай? Еврей тілінде Ехоба деген есім “болу” деген етістіктен шыққан. Көп ғалымдар бұл еврей тілінің өзгелік етісінің түрі деп есептейді. Сондықтан “Киелі кітаптың Жаңа дүние аудармасы” комитетінің түсінуінше, Құдай есімінің мағынасы “ол болғызады”. Ғалымдардың көзқарастары әртүрлі болғандықтан, Құдай есімінің мағынасы дәл осындай деп кесіп айта алмаймыз. Алайда бұл анықтама Ехоба Құдайдың Жаратушы әрі өз ниетін жүзеге асырушы ретіндегі рөліне сай. Ол бүкіл ғалам мен саналы тіршілік иелерін жаратып қана қойған жоқ, оқиғалардың өрбу барысында, өзінің еркі мен ниетінің жүзеге асуына себепші болып отырады.
Мұсаның 2-жазбасы 3:14-тегі “мен кім болғым келсе, сол боламын” деп аударылған сөздермен шектелмейді. Бұл тармақта “болу” етістігімен түбірлес етістік қолданылған. Нақты айтқанда, бұл сөздер Құдай есімінің толық мағынасын қамтымайды. Бұл сөздер Құдай болмысының бір қырын ашып, оның өз ниетін орындау үшін әр жағдайда кім болу қажет болса, сол болатынын көрсетеді. Ал Құдай есімінің мағынасы Ехобаның өзін ғана емес, жаратылыстарын да қамтиды. Басқаша айтқанда, Құдай жағдайға қарай жаратылыстары қандай болу керек болса, сондай болғызады. Сондай-ақ өзінің ниеті жүзеге асу үшін болуы керек жайттарды болғызады.
Сондықтан Құдай есімінің мағынасыНеге Құдай есімінің нақты қалай дыбысталатыны белгісіз? Еврей тілінің төрт дауыссыз әрпінен құралған тетраграмматон (יהוה) қазақ тілінің ЙХВХ әріптерімен берілді. Көне еврей жазуында дауысты дыбыстар болмағандықтан, тетраграмматонда да дауысты дыбыстар жоқ. Ежелгі еврей тілі күнделікті қолданыста болған кезде, адамдар қажетті дауысты дыбыстарды еш қиындықсыз өздері қойып оқи беретін.
Еврей жазбалары жазылып біткен соң шамамен мың жылдан кейін, яһуди ғалымдары еврей тіліндегі мәтінді оқығанда қандай дауысты дыбыстарды қою керектігін анықтауға көмектесу үшін, нүкте мен белгілерден тұратын жүйе құрастырды. Алайда сол замандағы яһудилердің арасында Құдай есімін дауыстап айтуға болмайды деген ырым белең алғандықтан, Құдай есімінің орнына басқа сөздер қолданылатын болған. Сондықтан тетраграмматонды көшіргенде ондағы төрт дауыссыз әріпке олар Құдай есімін алмастыратын сол сөздердің дауысты дыбыстарын қосып жазған болса керек. Сондықтан мұндай қолжазбалар Құдай есімінің о баста қалай дыбысталғанын анықтауға көмек бола алмайды. Кейбіреулер Құдай есімі “Яһуә” деп дыбысталу керек деп пайымдаса, өзгелері басқа ұсыныстар айтады. Өлі теңіз шиыршықтарындағы Мұсаның 2-жазбасының грек тіліндегі үзіндісінде Құдай есімі “Йао” деп транслитерацияланған. Сондай-ақ ертедегі грек жазушыларының еңбектерінде “Йае”, “Йабе”, “Йауе” деген нұсқалары да кездеседі. Алайда бұл мәселеде үзілді-кесілді тұжырым жасауға негіз жоқ. Ежелдегі пайғамбарлар Құдай есімін еврей тілінде қалай айтқанын білмейміз (Мұсаның 1-жазбасы 13:4; Мұсаның 2-жазбасы 3:15). Білетініміз — Құдай адамдармен сөйлескенде өз есімін жиі қолданған, адамдар да оны есімімен шақырған. Сондай-ақ өзара сөйлескенде де, Құдай есімін қолданудан тартынбаған (Мұсаның 2-жазбасы 6:2; Патшалар 1-жазба 8:23; Зәбүр 99:9).
Неге Құдай есімі көп аудармада алынып тасталған? Мұның түрлі себептері бар. Біреулер Құдіреті шексіз Құдай — онсыз да бірегей Құдай, сондықтан оған есімнің қажеті жоқ деп есептейді. Басқаларға Құдай есімін қолданудан қашқақтайтын яһудилердің дәстүрі әсер етіп, оны арамдаудан қорыққан болса керек. Тағы біреулері Құдайдың есімі қалай дыбысталғанын ешкім нақты білмейтіндіктен, “Жаратушы Ие” не “Құдай” деген лауазымдарды қолданған дұрыс деп ойлады. Алайда бұл пікірлерді қолдауға негіз жоқ. Бұған мынадай себептер бар:
-
Мәсіхке дейін жазылған қолжазбаларды қоса алғанда, Киелі кітаптың бүгінгі күнге дейін сақталған көне көшірмелерінде Құдайдың есімі бар. Жоғарыда айтылғандай, Құдайдың нұсқауымен оның есімі Киелі кітапқа шамамен 7000 рет жазылған. Демек, ол біздің бұл есімді білгенімізді әрі қолданғанымызды қалайды.
-
Құдай есіміне қатысты яһудилердің дәстүрін сыйлайтын аудармашылар бір жайтты елеусіз қалдырғанға ұқсайды: яһуди көшірмешілерінің кейбірі Құдай есімін аузына алмағанмен, оны өз көшірмелерінен алып тастамаған. Мысалы, Өлі теңіздің маңындағы Кумраннан табылған шиыршықтарда Құдай есімі көп рет кездеседі. Кейбір аудармашылар Құдай есімінің түпнұсқа жазбаларда болғанына меңзеп, есімнің орнына бас әріптермен “ИЕ” деген лауазымды қолданған. Осыған орай мынадай сұрақтар туындайды: Құдай есімі Киелі кітапта мыңдаған рет кездесетініне қарамастан, неге бұл аудармашылар оны лауазыммен ауыстырды не мүлдем алып тастады? Еркінсіп, осындай өзгеріс жасауға оларға кім билік берді? Бұл сұрақтардың жауабын сол аудармашылардың өздері ғана білетін болар.
-
Нақты қалай дыбысталатыны белгісіз болғандықтан Құдай есімін алып тастау керек дейтін аудармашылар әдетте Мұса, Ыбырайым, Иса сияқты пайғамбарлардың есімін алып тастамайды. Бірақ ежелде өмір сүрген аталмыш пайғамбарлардың да есімдері әуел баста нақты қалай дыбысталғаны белгісіз. Олардың қазір айтылып жүрген түрлі тілдегі баламалары түпнұсқадағы нұсқасынан айтарлықтай өзгеше. Осы жайттарды ескере отырып, көне еврей тілінде Құдай есімінің нақты қалай дыбысталғаны белгісіз болса да, осы басылымда “Ехоба” деген нұсқаны қолдануды дұрыс көрдік.