Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 А2

Осы басылымның ерекшеліктері

Ағылшын тілінде “Мәсіхшілердің грек жазбалары. Жаңа дүние аудармасы” 1950 жылы, ал түгелдей “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасы” 1961 жылы жарық көрді. Содан бері Киелі кітап 210-на астам тілге аударылып, ондаған миллион адам өз тілінде тура әрі жеңіл оқылатын аударманың пайдасын көруде.

“Жаңа дүние аудармасы” комитеті қазіргі оқырманның жүрегіне жететін аударма қажет екенін түсінеді. Сол себепті осы аударма жасалып жатқанда, стиль мен сөз қорына қатысты келесідей принциптер қолданылды:

  • Сөздердің мағынасын дұрыс беру. Киелі кітаптың түпнұсқасында еврейдің “шеол”, гректің “гадес” деген сөздері кездеседі. Бұл сөздер өлген адамдарды көметін орынға, яғни көрге, қабірге нұсқайды. Алайда кейбір аудармаларда бұл сөздер “о дүние”, “тозақ” деп аударылған. Мұндай сөздер оқырмандарға бұрыс түсінік беретіндіктен, “шеол” мен “гадес” сөздері осы аудармада бірізділікпен “көр” деп аударылды (Әйүп 26:6; Нақыл сөздер 15:11).

    Киелі кітапта кездесетін “бүйрек” сөзі тура мағынада адам ағзасының мүшесін білдіреді. Бірақ бұл сөз кейде ауыспалы мағынада қолданылып, адамның “көңіл түбіндегі ой-сезіміне” нұсқайды. Сондықтан мәтінге бұл сөздің мағынасы жазылып, сөзбе-сөз аудармасы сілтемеде көрсетілді (Зәбүр 7:9; Аян 2:23).

    Түпнұсқада кездесетін еврейдің “реа”, гректің “плесион” сөздерінің мағынасы өте кең. Бұл сөздер қандай да бір ортақтығы бар кез келген адамды білдіреді. Мысалы: “дос”, “араласатын орта”, “отандас”, “жерлес”, “жақын”, “бауырлас”, “көрші”, “адам”, “әлдебіреу”, “өзге адам”. Сондықтан бұл басылымда аталмыш сөздер мәнмәтінге қарай аударылды (Мұсаның 2-жазбасы 20:17; Мұсаның 3-жазбасы 19:18; Римдіктерге 13:8—10).

Осы басылымның басқа да ерекшеліктері:

Киелі кітаптағы сілтемелер келесідей санаттарға бөлінген:

  • “Немесе” Еврей, арамей не грек тіліндегі тіркестің я сөздің мәтінде жазылған нұсқаның жалпы ойын басқаша айтудың жолы (Мұсаның 1-жазбасы 6:17 “дем”; Ешуа 1:8 “күбірлеп оқы”).

  • “Мүмкін” Мәтіннің басқа мағынасы. Түпнұсқаны әртүрлі түсінуге болатын жағдайларда берілген сілтеме. Мұндай сілтемедегі мәлімет те дұрыс әрі қисынды болуы мүмкін (Мұсаның 1-жазбасы 21:6 “бірге күлетін”; Зәкәрия 14:21 “қанахандық”).

  • “Сөзбе-сөз” Еврей, арамей, грек тілінің тіркесі не сөзінің сөзбе-сөз аудармасы немесе түпнұсқадағы мағынасы (Еремия 6:10 “құлақтары жабық”; Жохан 12:38 “Ехобаның құдіреті”).

  • Мағынасы және қосымша мәлімет Есімдердің мағынасы (Мұсаның 1-жазбасы 3:17 “Адам”; Мұсаның 2-жазбасы 15:23 “Мара”); салмақ пен өлшем бірліктері (Мұсаның 1-жазбасы 6:15, “шынтақ”); есімдікті анықтау (Езекиел 20:9); қосымшадағы не түсіндірмедегі пайдалы мағлұмат (Билер 13:5 “назир”; Матай 5:22 “жаһаннам”).

Осы басылымның алғашқы беттеріндегі “Құдай Сөзімен таныстыру” атты бөлім оқырманды Киелі кітаптың негізгі ілімдерімен қысқаша таныстырады. Ал басылымның соңғы жағында “Киелі жазбаларға енген кітаптар кестесі”, “Көрсеткіш”, “Түсіндірме” деп аталатын бөлімдер бар. Түсіндірмеде кейбір сөздер мен тіркестердің Киелі кітапта қай мағынада қолданылғаны түсіндіріледі. Қосымшаның А бөлімінде мынадай тақырыптар бар: “Киелі кітапты аудару принциптері”, “ Осы басылымның ерекшеліктері”, “Киелі кітап бүгінгі күнге дейін қалай сақталды?”, “Еврей жазбаларындағы Құдай есімі”, “Грек жазбаларындағы Құдай есімі”, “Кесте: Яһуданың және Исраилдің пайғамбарлары мен патшалары” және “Исаның жердегі өмірінің басты оқиғалары”. Қосымшаның Ә бөлімі Киелі кітап зерттеушісі үшін пайдалы болатын карталар, кестелер және басқа да мәліметтерден тұрады.

Әр кітаптың басында қысқаша мазмұны берілген. Бұл оқырманды сол кітаптағы негізгі ойлармен және оның жалпы мазмұнымен таныстырады. Сондай-ақ әр беттің ішкі жақ жиегінде бір-бірімен байланысы бар тармақтарға нұсқайтын тоғыспалы сілтемелердің тізімі келтірілген.