Мұсаның 1-жазбасы 6:1—22

  • Періштелердің жерге түсіп, әйел алуы (1—3)

  • Алыптардың туылуы (4)

  • Ехобаның адамзат зұлымдығына қынжылуы (5—8)

  • Нұхқа кеме соғу тапсырылды (9—16)

  • Ехобаның топан су қаптайтынын жариялауы (17—22)

6  Адамдар жер бетінде көбейе бастады, олардан қыздар да туылды.  Періштелер*+ адам қыздарының сұлу екенін көріп, таңдағандарын әйелдікке ала берді.  Сонда Ехоба былай деді: “Менің рухым адам баласына мәңгі төзе бермейді+, ол — небәрі пенде*. Сондықтан оның ғұмыры 120 жыл болады”+.  Сол кезде де, содан кейін де алыптар* жерде өмір сүрді. Періштелер адам қыздарымен жақындасып, олардан сол алыптар туылды. Қара күштің иесі болған бұлар ежелде аты шыққан адамдар еді.  Ехоба адам баласының жер бетінде жасаған зұлымдығы орасан зор екенін және олардың есіл-дерті жамандық істеу екенін көрді+.  Сонда Ехоба өзі жаратқан адамдарға қарап қынжылып, жүрегі ауырды+.  Сондықтан Ехоба: “Мен жер бетінен өзім жаратқан адамдарды, олармен қоса малдарды, бауырымен жорғалаушылар мен аспандағы қанаттыларды құртамын. Өйткені өзім жаратқан адамдарға қарап қатты қынжыламын”,— деді.  Ал Нұхқа Ехоба ықыласын түсірді.  Нұх жөнінде: Нұх әділ* кісі еді+. Ол замандастарының арасында мінсіз болып, Құдай жолымен* жүрді+. 10  Нұхтың Шам, Хам, Япші деген үш ұлы болды+. 11  Құдайдың көз алдында дүние бұзылған әрі зұлымдыққа толы еді. 12  Иә, Құдай дүниенің әбден бүлінгенін көрді+. Себебі жер бетіндегі пенде атаулы азғын жолға түскен болатын+. 13  Сонда Құдай Нұхқа мынаны айтты: “Мен бүкіл тіршілік атаулыны жоюды ұйғардым, өйткені адамдардың кесірінен жер беті зұлымдыққа толды. Сондықтан оларды құртып, жерді тып-типыл етемін+. 14  Сен шайырлы ағаштан* кеме* соқ+. Оның ішіне бөлмелер жасап, іші-сыртын қарамаймен* сыла+. 15  Оны былай жаса: ұзындығы 300, ені 50, биіктігі 30 шынтақ* болсын. 16  Ал ішіне жарық түсіп тұру үшін, шатырдың астынан биіктігі бір шынтақ етіп терезе* жаса. Есігін бүйірінен шығар+, сондай-ақ кеменің төменгі, ортаңғы және жоғарғы қабаты болсын. 17  Мен жер бетіне топан су қаптатып+, аспан астындағы кеудесінде демі* бардың бәрін құртамын. Жер бетіндегінің бәрі жойылады+. 18  Ал сенімен келісім жасасамын. Өзің, ұлдарың, әйелің мен келіндерің кемеге кіресіңдер+. 19  Жан-жануарлар+ аман қалу үшін, әрқайсысынан екі-екіден өзіңмен бірге кемеге алып кір. Олардың біреуі еркек, біреуі ұрғашы болсын+. 20  Тіршілігін жалғастыру үшін қанаттылардың, үй жануарлары мен бауырымен жорғалаушылардың әр түрінен қос-қостан ішке кіргіз+. 21  Сонымен қатар өзіңе және жан-жануарларға арнап жеуге жарамды түрлі азықтан+ қор жинап ал”. 22  Нұх бәрін Құдайдың бұйырғаны бойынша жасады. Құдай қалай айтса, дәл солай істеді+.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “Құдай ұлдары”.
Немесе “ол пендешілікпен әрекет етеді”.
Сөзбе-сөз “нефилимдер”. Бұл өзгелерді “сұлатып салатындар” дегенді білдірсе керек.
Сөзбе-сөз “Құдаймен бірге”.
Яғни Құдайдың талаптарына сай өмір сүретін.
Немесе “смоламен”.
Сөзбе-сөз “жәшік”. Нұхтың кемесі жәшік пішінді болған.
Сөзбе-сөз “гофер ағашынан”. Бұл кипарис болуы мүмкін.
1 шынтақ 44,5 см-ге тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
Еврейше “цохар”. Бұл сөз терезені емес, биіктігі 1 шынтақ болатын қиғаш шатырды білдіруі мүмкін.
Немесе “өмір рухы”.