Самуилдің 2-жазбасы 7:1—29
7 Патша өз үйінде тұрып жатты+. Ехоба оған айналасындағы барлық жауларынан тыныштық сыйлады.
2 Бірде патша Натан пайғамбарға+: “Мен қарағайдан соғылған үйде тұрып жатырмын+, ал шынайы Құдайдың келісім сандығы болса шатырда тұр+”,— деді.
3 Натан: “Көңілің қалағанын істе, Ехоба саған жар”,— деп жауап берді+.
4 Бірақ сол түні Ехоба Натанға мынаны айтты:
5 “Бар да, қызметшім Дәуітке былай де: —Ехобаның саған айтары мынау: “Сен маған тұратын үй салмақсың ба+?
6 Исраил халқын Мысырдан алып шыққалы бері мен үйде емес+, шатырда тұрып+, күні бүгінге дейін көшіп-қонып жүрмін.
7 Исраилдің арасында жүргенімде, халқымды бақсын деп өзім тағайындаған Исраил руларының бірде-бір басшысына “Неге маған қарағайдан үй салып бермейсіңдер?” деген емеспін”.
8 Қызметшім Дәуітке тағы былай де: “Әскербасы Ехоба мынаны айтады: —Халқым Исраилге басшы болуың үшін+, мен сені өрісте мал бағып жүрген жеріңнен таңдап алдым+.
9 Қайда барсаң да, саған жар болып+, алдыңнан барлық жауларыңды құртып отырамын+. Сенің атыңды шығарып+, жер бетіндегі ұлы адамдар іспетті даңқты қыламын.
10 Мен халқым Исраилге жер бөліп, сонда қоныстандырамын да, олар сол жерде тұратын болады. Ешкім оларды мазаламайды. Зұлымдар бұрынғыдай қысым көрсетпейді+.
11 Мен халқым Исраилге билер тағайындаған кезден бастап+ олар қысым көрсетіп келді. Ал енді мен саған барлық жауларыңнан тыныштық сыйлаймын+.
Ехоба саған тағы мынаны айтады: —Мен, Ехоба, сенің әулетіңді патша әулеті етемін+.
12 Күндерің таусылып+, ата-бабаларыңа қосылғаныңда, артыңнан бір ұрпағыңды, өз ұлыңды тағайындап, оның патшалық билігін нығайтамын+.
13 Менің есімімді даңққа бөлейтін үйді сол салады+. Мен оның патшалық тағын берік етіп, мәңгіге орнықтырамын+.
14 Мен оның әкесі, ал ол менің ұлым болады+. Жамандық жасаса, оны адамдардың таяғымен жөнге салып, адам баласының* дүресімен жазалаймын+.
15 Саған дейінгі Саулды айнымас сүйіспеншілігімнен айырдым+, ал оны ешқашан айырмаймын.
16 Сенің үйің мен патшалығыңа ешқашан қауіп төнбейді. Тағың мәңгі бақи берік тұрады+”.
17 Натан естіген сөздері мен алған аянын Дәуітке түгел айтып берді+.
18 Сонда Дәуіт патша Ехобаның алдына барып отырды да, былай деді: “Уа, Әлемнің Әміршісі Ехоба! Мен үшін осының бәрін істейтіндей, әулетім кім, мен кіммін+?
19 Әлемнің Әміршісі Ехоба, сен бұларды аз көріп, құлыңның әулетінің сонау болашағын да айтып бердің. Уа, Әлемнің Әміршісі Ехоба, бұл — сенің адамзатқа берген нұсқауың.
20 Бұған қызметшің Дәуіттің алып-қосары бар ма? Әлемнің Әміршісі Ехоба, сен мені жақсы білесің ғой+.
21 Осы ұлы істердің барлығын уәдең мен еркіңе сай жүзеге асырып, құлыңа білдірдің+.
22 Міне, сондықтан, уа, Әлемнің Әміршісі Ехоба, сен шынымен де ұлысың+. Саған тең келер ешкім жоқ+, өзге Құдай да жоқ+. Естігендеріміздің бәрі осыны дәлелдеп отыр.
23 Жер бетінде сенің халқың Исраил сияқты өзге халық бар ма+?! Уа, Құдай, сен оны меншікті халқың ету үшін құнын өтеуге барып+, ұлы да айбынды істерің арқылы+ есіміңнің даңқын арттырдың+. Өзің Мысырдан құнын өтеп алған халқың үшін өзге халықтар мен олардың тәңірлерін қуып тастадың.
24 Исраилді мәңгілікке меншікті халқың еттің+. Уа, Ехоба, сен олардың Құдайы болдың+.
25 Ал енді, Құдайым Ехоба, құлың мен оның әулетіне қатысты айтқан уәдеңді мәңгілікке бекітші. Берген уәдеңді тап өзің айтқандай жүзеге асыра көр+.
26 Сенің есімің мәңгі асқақтай берсін+! Халықтар “Исраилдің Құдайы — Әскербасы Ехоба!” дейтіндей болсын. Құлың Дәуіттің әулеті де алдыңда нық тұрсын+.
27 Уа, Исраилдің Құдайы Әскербасы Ехоба, “Сенің әулетіңді патша әулеті етемін” деп ашық білдірдің+. Сол себепті де құлыңның осылай дұға етуге батылы барып отыр.
28 Әлемнің Әміршісі Ехоба, сен шынайы Құдайсың, сөздерің де шынайы*+. Сен құлыңа осы игіліктерді орындауды уәде еттің.
29 Ал енді құлыңның әулеті алдыңда мәңгі тұру үшін батаңды бере көр+. Себебі сен, уа, Әлемнің Әміршісі Ехоба, уәде еттің, әрі құлыңның әулетін мәңгі бақи жарылқай бергейсің+”.