Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

16-ТАРАУ

Әйүп деген кім?

Әйүп деген кім?

Ұз деген жерде Ехобаға қызмет ететін бір адам өмір сүрді. Оның аты Әйүп еді. Ол отбасы үлкен, өте бай адам болатын. Әйүп кедейлерге, күйеуі қайтыс болған әйелдер мен ата-анасы жоқ балаларға көмектесіп тұратын мейірімді кісі еді. Бірақ жақсы адам болса да, Әйүп өмірде көп қиындық көрді.

Шайтан оны бақылап жүрді, бірақ Әйүп бұны білмеді. Бірде Ехоба Шайтанға: “Менің Әйүп деген қызметшімді байқадың ба? Жер бетінде ол сияқты адам жоқ. Ол мені тыңдайды және ешқандай жамандық жасамайды”,— деді. Шайтан болса былай деді: “Әрине, ол саған мойынсұнады. Сен оны қорғап, батаңды беріп отырсың ғой. Оған жер бердің, мал бердің. Осының бәрін алып қойсаң, ол саған қызмет етпей қояды”. Сонда Ехоба: “Ендеше оны сынап көр. Бірақ өлтіруге рұқсат етпеймін”,— деді. Неге Ехоба Әйүпті сынауға рұқсат берді? Өйткені Әйүптің адал болатынына еш күмәнданбады.

Шайтан Әйүпке үсті-үстіне қайғы-қасірет жіберді. Шайтан алдымен шебалық адамдарға оның ірі қара малы мен есектерін ұрлатты. Сосын өрт жіберіп, қойларының бәрін қырып тастады. Бұдан кейін халдей адамдары келіп, түйелерін айдап кетті. Ал оларды бағып жүргендерді өлтіріп тастады. Соңында Шайтан Әйүпті ең ауыр апатқа ұшыратты: балалары қонақта отырған үй құлап, олар астында қалып қойды. Барлық балаларының өліп қалғанын естігенде, Әйүп қатты қайғырды. Бірақ сонда да ол Ехобаға қызмет етуін доғарған жоқ.

Шайтан Әйүпті қинай түскісі келіп, бүкіл денесіне іріңді жара қаптатты. Әйүптің жаны қатты қиналды. Ол мұның бәрі не үшін болып жатқанын түсінбесе де, Ехобаға қызмет ете берді. Ал Құдай бәрін көріп тұрды. Сондықтан Әйүпке көңілі толды.

Сосын Шайтан Әйүпті тағы да сынау үшін, үш кісіні жіберді. Олар: “Сен күнә жасап, оны жасырып жүрсің. Сол үшін Құдай сені жазалап жатыр”,— деді. Әйүп: “Мен ешқандай жамандық жасаған жоқпын”,— деп жауап берді. Бірақ одан кейін Әйүп қиындықтың бәрін Ехоба жіберіп жатыр деген ойға келіп, “Құдай маған әділетсіздік жасады” деп айтты.

Осы әңгіменің бәрін Елиху деген жас жігіт тыңдап тұрды. Ақырында ол: “Сіздер қателесесіздер. Біз Ехобаның қаншалықты құдіретті екенін түсіне алмаймыз. Ол ешқашан зұлымдық жасамайды. Бәрін көреді, әрі қиналып жүргендерге көмектеседі”,— деді.

Бұдан кейін Ехоба Әйүпке тіл қатып, былай деді: “Мен аспан мен жерді жаратқанда, сен қайда болдың? Неге мені әділетсіз дейсің? Барлығының қалай жаратылғанын білмейсің ғой”. Сонда Әйүп өз қатесін мойындап, Құдайға: “Мен қателік жасадым. Бұрын сен жайлы естіген едім, ал енді жақсы танимын. Сен үшін мүмкін емес нәрсе жоқ. Айтқандарым үшін кешірім сұраймын”,— деді.

Шайтан жіберген сынақтар біткен соң, Ехоба Әйүпке денсаулық, бала-шаға және бұрынғыдан да көп байлық берді. Әйүп бақытты да ұзақ өмір сүрді. Осылайша қиын кезде де тіл алғаны үшін Ехоба оған батасын төкті. Қанша қиын болса да, сен де Әйүп сияқты Ехобаға қызмет ете бересің бе?

“Сендер Әйүптің төзімділігі жайлы естігенсіңдер, соңында Ехобаның оған қалай батасын бергенін де білесіңдер” (Жақып 5:11).