Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

10-ТАРАУ

“Ехобаның сөзі одан әрі тарады”

“Ехобаның сөзі одан әрі тарады”

Петір түрмеден босады; қуғын-сүргін ізгі хабардың таралуына кедергі бола алмады

Елшілердің істері 12:1—25 негізделген

1—4. Петір қандай қиын жағдайға тап болды және оның орнында болсаңыз, сіз не сезінер едіңіз?

 ПЕТІРДІҢ артынан түрменің зіл батпан темір қақпалары тарс жабылды. Шынжырмен екі римдік күзетшіге байланған оны абақтыға алып бара жатыр. Тағдырының шешілуін күтіп, ол сол жерде сағаттап, тіпті бірнеше күн бойы отырмақ. Айналасында түрменің төрт қабырғасы мен темір торларынан, шынжыр мен күзетшілерден басқа қарайтын түк жоқ.

2 Петір суық хабар алды. Ирод патша оны өлім жазасына кесті a. Халыққа жағыну үшін ол мұны Құтқарылу мейрамынан соң жұрттың алдына шығарып орындамақшы. Иродтың сөзі жай қорқытып-үркіту емес еді. Өйткені мұның алдында дәл осы билеушінің бұйрығымен елшілердің бірі Жақып өлімге кесілген-ді.

3 Кеш түсіп қалды. Ертең Петірге шығарылған өлім жазасы жүзеге аспақ. Қараңғы қапаста отырған Петірдің ойында не бар екен? Бәлкім, ол Исаның өзіне бірнеше жыл бұрын айтқан сөздерін есіне алған шығар. Иса оның өз ырқынсыз қолы байланып, өлімге әкетілетінін айтқан болатын (Жох. 21:18, 19). Петір “сол сәт келді ме екен” деп ойлаған болар.

4 Сіз Петірдің орнында болсаңыз, не сезінер едіңіз? Әдетте мұндайда талайлар үмітін үзіп, түңіліп кетеді. Ал Мәсіхтің шынайы ізбасары ше? Ол үміт отын өшіру керек пе? Петір мен басқа да мәсіхшілер қуғын-сүргін көргенде қалай әрекет еткен және біз олардан қандай өнеге аламыз? Келіңіз, білейік.

“Қауым... Құдайға жан-тәнімен дұға етумен болды” (Ел. іс. 12:1—5)

5, 6. а) І Ирод Агриппа патша мәсіхшілер қауымына неліктен және қалай қысым жасады? ә) Жақыптың өлімі неге қауым үшін ауыр сынақ болды?

5 Алдыңғы тараудан көргеніміздей, басқа ұлт адамы Корнел мен оның отбасы мәсіхшілікті қабылдағанда, қауым шат-шадыман қуанды. Ал сенуші емес яһудилер болса мәсіхші яһудилердің өзге ұлт адамдарымен бірге емін-еркін Құдайға қызмет етіп жүргенін естігенде, жағаларын ұстап, үрпиісті.

6 Қу саясаткер Ирод осы жағдайды пайдаланып, сол яһудилерге жағыну үшін мәсіхшілерді қудалай бастады. Ол әсіресе елші Жақыптың Исаға жақын болғанын білген. Сондықтан “Жоханның ағасы Жақыпты семсермен шауып өлтіртті” (Ел. іс. 12:2). Бұл қауым үшін ауыр сынақ болды. Жақып Исаның сырт көрінісінің өзгеріске түскенін көрген, сондай-ақ оның басқа елшілер көрмеген өзге де кереметтеріне куә болған үш шәкірттің бірі болған (Мат. 17:1, 2; Мар. 5:37—42). Иса оттай алаулаған құлшыныстары үшін Жақып пен оның інісі Жоханды “күн күркірінің ұлдары” деп атаған (Мар. 3:17). Жақып өлімге кесілгенде, қауым ержүрек арысынан, адал куәгері әрі сүйікті елшісінен айырылды.

7, 8. Петір түрмеге жабылғанда, қауымдағылар не істеді?

7 Ирод Агриппа ойлағандай-ақ, Жақыптың өлімі яһудилердің көңіліне майдай жақты. Бұған одан сайын елірген Ирод енді Петірдің соңына түсті. Тараудың басында айтылғандай, ол Петірді тұтқынға алды. Осы кітаптың 5-тарауында баяндалғандай, бұрын елшілердің түрмеден керемет түрде босап шыққанын ол ұмытпаса керек. Содан да болар, Петір қашып кетпесін деп, оны 2 сарбазға шынжырмен байлап, 16 сақшыны күндіз-түні кезекпен күзеттіріп қойды. Егер ол қашып кетсе, күзетшілер Петірдің кебін өздері киіп, өлім жазасына кесілмек еді. Осы қиын жағдайда қауымдағы мәсіхшілердің қолдарынан не келеді? Олар Петір үшін не істей алады?

8 Қауымдағы мәсіхшілер не істеу керектігін жақсы білді. Елшілердің істері 12:5-те былай делінген: “Петір түрмеде жатқанда, қауым ол үшін Құдайға жан-тәнімен дұға етумен болды”. Иә, олар сүйікті бауырластары Петір үшін ынты-шынтысымен, бар жүрегімен дұға етті. Жақыптың өлімінен олардың жүні жығылған жоқ, дұғаның да пайдасы жоқ деп ойламады. Ехоба дұғаларды жақсы көреді. Еркіне сай болып тұрса, оларды ешқашан жауапсыз қалдырмайды (Евр. 13:18, 19; Жақ. 5:16). Бүгіндегі мәсіхшілер үшін де бұл көңілге тоқып алар жайт.

9. Петір үшін дұға еткен мәсіхшілерден қандай үлгі аламыз?

9 Қиындықтан көз ашпай жүрген бауырластарды білесіз бе? Бәлкім, қуғын-сүргін я үкімет тарапынан қойылған шектеулер олардың күндерін қиындатып жатқан шығар немесе табиғи апаттан зардап шегіп жүрген болар. Неге осындай бауырластар үшін жан-тәнімізбен дұға етпеске? Сондай-ақ сіз қиындықтары бірден көзге түсе бермейтін бауырластарды да білерсіз. Мысалы, олардың отбасында қиыншылықтары бар шығар, ұнжырғалары түсіп жүрген болар, я болмаса сенімдері басқалай да сыналып жатқан шығар. Егер жақсылап ойланып алсаңыз, “дұғаларды тыңдайтын” Ехобаға көп адамның атын атап дұға ете аласыз (Зәб. 65:2). “Адамның күні адаммен” демекші, біздің де басымызға күн туғанда, басқалардың дұғасына мұқтаж боламыз.

Сенімі үшін түрмеге тоғытылған бауырластар үшін дұға етеміз

“Маған ер” (Ел. іс. 12:6—11)

10, 11. Періште Петірді түрмеден қалай алып шыққанын сипаттап беріңіз.

10 Петір алдағы өлімін ойлап уайымдады ма? Мұны нақты білмейміз, бірақ ол түрмедегі соңғы түні кірпік қақпай тұрған екі сарбаздың ортасында бұғаулы күйде бейқам ұйықтап жатты. Сенімін серік еткен бұл адал жан ертеңін уайымдамай, бәрін Ехобаның қолына тапсырды (Рим. 14:7, 8). Бірер сәттен кейін болған таңғажайып жағдай оның үш ұйықтаса да түсіне кірмеген болар. Кенет қапастың іші жарқырап кетті де, бір періште пайда болды. Күзетшілер періштені көрмесе керек. Ол Петірді оятып асықтырды. Сонда ешқашан үзілместей көрінген білегіндегі темір шынжырлар сыпырылып түсіп қалды!

“Қалаға шығатын темір қақпаға жақындағанда, қақпа өздігінен ашылып кетті” (Елшілердің істері 12:10).

11 Періште Петірге нақты нұсқаулар берді: “Тезірек тұр!.. Киініп, сандалыңды байла... Жамылғыңды ки”. Петір дереу оның айтқандарын істеді. Сосын періште: “Маған ер”,— деді. Петір соңынан ілесті. Олар абақтының ішінен шығып, сыртта тұрған күзетшілердің қасынан өтті де, ақырын басып, қалаға шығатын алып темір қақпаға жақындады. Олар қақпадан қалай өтпекші? Петірдің санасында осындай ой жылт еткен күннің өзінде де, ол лезде ғайып болды. Себебі “қақпа өздігінен ашылып кетті”. Петір ес жиямын дегенше, қақпадан өтіп, көшеге шықты. Сол кезде періште ғайып болды. Жалғыз қалған Петір өз-өзіне келіп, бұл аян емес, шынымен болған жағдай екенін түсінді. Осылай Петір түрмеден босады! (Ел. іс. 12:7—11).

12. Ехобаның Петірді қалай құтқарғаны жайлы ойланғанымыз неге көңілімізге қуат құяды?

12 Ехобаның өз қызметшілерін құтқара алатын шексіз құдіреті бар екенін білгеніміз көңілімізге қуат құймай ма?! Петірді сол замандағы ең мықты деген үкімет қолдап тұрған патша тұтқындаған еді. Бірақ ол түрмеден оп-оңай шығып кетті! Әрине, Ехоба барлық қызметшілерін осылай керемет жасап, құтқармайды. Мысалы, ол Жақыпты құтқармады, кейінірек Исаның Петір жайлы айтқан сөздері орындалғанда, оны да құтқарған жоқ. Бүгінгі мәсіхшілер де Ехоба керемет жасап, өз қызметшілерін құтқарып алады деп күтпейді. Бірақ біз Ехобаның өзгермейтін Құдай екенін ұмытпағанымыз жөн (Малх. 3:6). Жақында ол өзінің ұлы Иса арқылы миллиондаған адамды тас қамалдай өлім түрмесінен босатады (Жох. 5:28, 29). Құдайдың осындай уәделері жайлы ойланғанымыз сынаққа кезіккенде бойымызға ерлік дарытады.

“Петірді көріп қатты таңғалды” (Ел. іс. 12:12—17)

13—15. а) Мәриямның үйіне жиналған қауым Петір келгенде не істеді? ә) Елшілердің істері кітабында әрі қарай кім жайлы сөз етіледі және Петір жайлы не нәрсеге сенімдіміз?

13 Петір қайда барарын білмей, қараңғы көшеде тұрып қалды. Артынша жақын жерде Мәриям деген мәсіхші тұратыны есіне түсіп, соның үйіне баруды шешті. Мәриям бақуатты тұратын жесір әйел болса керек, оның үйі үлкен болғандықтан, қауым сол жерде жиналатын. Ол Марқаның анасы еді. Марқа жайында Елшілердің істерінде алғаш рет осы жерде айтылады, ол кейін Петірдің ұлындай болып кетеді (Пет. 1-х. 5:13). Сол түні кеш болып кеткеніне қарамастан, Мәриямның үйіне жиналған бауырластар жалбарына дұға етіп отырды. Дұғада олар Петірдің түрмеден шығуын сұрағандары сөзсіз. Бірақ бұл бауырластар Ехоба дұғаларына соншалықты тез жауап береді деп күтпеді.

14 Петір Мәриямның үйінің қақпасын қағады. Сол кезде қақпаны ашуға Рода деген қызметші қыз шықты (кең тараған бұл грек есімі “раушан” деген мағынаны білдіреді). Петірдің даусын естігенде, ол өз құлағына өзі сенбейді! Қуанғанынан қақпаны ашпай, үйге жүгіріп кіріп, Петірдің келгенін хабарлайды. Үйдегілер болса: “Есіңнен адасқан шығарсың”,— дейді. Бірақ ол мұның рас екенін айтып тұрып алады. Бірдеңе естісе, естіген шығар деп ойлаған кейбіреулері бұны періште, яғни Петірдің өкілі болуы мүмкін десті (Ел. іс. 12:12—15). Петір қақпаны ұрып тұра берді, ақыры олар келіп, есікті ашты.

15 Қақпаны ашқанда, “олар Петірді көріп қатты таңғалды” (Ел. іс. 12:16). Сөйтіп, қуаныштан айран-асыр болды. Петір оларды тыныштандырып, өзімен болған оқиғаны баяндап берді. Сосын бұл жайтты Жақып пен басқа бауырластарға айтып беруді тапсырды. Иродтың сарбаздары ұстап алмас үшін Петір сол жерден кетіп, қызметін қауіпсіздеу жерге барып жалғастырды. Елшілердің істері 15-тарауда елші Петір сүндеттелу мәселесіне қатысқаннан кейін, бұл кітапта әрмен қарай ол жайлы ештеңе айтылмайды. Әрі қарай елші Пауылдың қызметі мен жасаған сапарлары сөз етіледі. Бірақ Петірдің құлшынысын жоғалтпай, барған жерінде бауырластардың сенімін нығайтып жүргеніне сенімдіміз. Сөйтіп, Петір Мәриямның үйінен кетеді, ал бауырластар оны көргендеріне мәз-мейрам боп қалады.

16. Алда бізді қуанышты сәттер күтіп тұрғанына неге сенімдіміз?

16 Ехоба кейде қызметшілеріне күткендерінен де көп нәрсе істеп, оларды мол шаттыққа кенелтіп жатады. Петірдің бауырластары да оны көргенде, сондай сезімде болды. Бүгінде біз де Ехобаның мол батасын көргенде, көңілімізге нұр құйылып қуанамыз (Нақ. с. 10:22). Ал болашақта Ехобаның барлық уәдесі жержүзі бойынша орындалғанын көреміз, ол кез біз елестеткеннен де асып түседі! Ендеше, сол бақытты күндерге жету үшін адалдығымыздан еш таймайық.

“Ехобаның періштесі оны... ауруға шалдықтырды” (Ел. іс. 12:18—25)

17, 18. Неге халық жағымпазданып патшаны даңқтай бастады?

17 Петірдің түрмеден қашып кеткеніне Иродтың, бір жағынан, аузы ашылып таңғалса, екінші жағынан, қаны басына шапты. Ол дереу Петірді іздестіруді бұйырып, сақшыларды тергей бастады. Кейін оларды “жазалауды бұйырды”, бұл өлім жазасы болса керек (Ел. іс. 12:19). Ирод мейірімділік, жанашырлықтан жұрдай болған. Осы бір қатыгез адам жазаланды ма екен?

18 Ирод Петірді өлтіре алмағанына намысы келіп, өзін қорланғандай сезінді. Бірақ көп ұзамай-ақ оған қадір-қасиетін көтерудің сәті туды. Жаулары онымен татуласу үшін бітімшарт жасасуға келді. Әрине, мұндай сәтте тәкаппар патшаның жамағат алдында сөз сөйлеп қалғысы келгені анық. Лұқа жазғандай, “халық алдына Ирод үстіне патша киімін киіп шықты”. Иродтың киімі күміспен күптелгендіктен жарыққа шағылысып, оны даңқ-салтанатқа бөлеп тұрғандай көрінген. Сөйтіп, бұл маңғаз саясаткер халыққа сөз сөйледі. Сонда халық оған жағымпазданып: “Бұл — адамның емес, құдайдың даусы!”— деп айқайлай бастайды (Ел. іс. 12:20—22).

19, 20. а) Ехоба Иродты не үшін жазалады? ә) Иродтың аяқ астынан өлімге ұшырағаны неге көңілімізге жұбаныш береді?

19 Алайда даңқ-мадақ тек Құдайға ғана тиесілі! Құдай Иродтың не істегенінің бәрін көріп тұрды. Ирод өзін мадақтаған халықты тыйып тастағанда, немесе ең болмағанда, олардың айтқан сөзін қабылдамағанда, басына ешқандай пәле түспес еді. Бірақ сосын онымен болған жағдайдан Киелі кітаптағы “көкіректік — күйреудің басы” деген сөздердің қалт айтылмағанын білеміз (Нақ. с. 16:18). “Ехобаның періштесі оны сол сәтте-ақ ауруға шалдықтырды”. Сонда өркеуде Ирод “құрттарға жем болып”, адам шошырлық өліммен өлді (Ел. іс. 12:23). Иосиф Флавий де Иродтың кенеттен ауруға шалдыққанын және халықтың қошемет, мадағын қабыл алғаны үшін азапты өліммен өлгенін растайды. Ол Ирод Агриппаның бес күн бойы азапқа түсіп жатып көз жұмғанын жазған b.

20 Кейде жамандыққа белшесінен батып жүрген зұлымдар жазаланбай жатқандай көрінер. Біз бұған таңғалмаймыз, әрине. Өйткені “бүкіл дүние Шайтанның билігінде” (Жох. 1-х. 5:19). Десе де кейде Құдайдың адал қызметшілері жаман адамдардың әділ жазаларын тартпай жүргенін көргенде, күйінуі мүмкін. Бірақ Иродтың жағдайына ұқсас оқиғалар көңілімізді көншітеді. Ехоба Иродтың сазайын бергенінен оның әділдікті сүйетін Құдай екенін көреміз (Зәб. 33:5). Ерте ме, кеш пе, ол әділдікті сөзсіз орнатады.

21. Елшілердің істері 12-тарау негізінен не жайында әрі бұл бізге қалай жігер береді?

21 Елшілердің істері 12-тарау: “Ехобаның сөзі одан әрі тарап, сенушілердің саны көбейе берді”,— деген жігерлі сөздермен аяқталады (Ел. іс. 12:24). Бұл өсім Ехоба сол кезде уағыз ісіне қалай батасын берген болса, бүгінде де солай батасын беріп жатқанын есімізге салады. Бұл тарау негізінен бір елшінің қайтыс болып, екінші елшінің аман қалғаны жайлы емес. Біз одан, бірінші кезекте, Ехоба жайында және оның уағыз ісін тоқтатып, мәсіхшілер қауымын құртпақ болған Шайтанға қалай бөгет қойғанын білеміз. Сол кезде ісі сәтсіз болған Шайтанның қазір де ешбір әрекеті оңға баспайды (Ишая 54:17). Ехоба мен Иса Мәсіхтің жағына шыққандар атқарып жүрген іске ешкім көлденең тұра алмайды. Бұл бойымызға қанат бітіреді емес пе?! Иә, бүгінгі күні Ехобаның сөзін таратуға үлес қосу — үлкен бақыт!

a 79-беттегі “ I Ирод Агриппа патша” деген қоршауды қараңыз.

b Бір дәрігер Иосиф Флавий мен Лұқаның жазғандарына негіздеп, Ирод ішекті бітеп қоятын аскаридаларға жем болған деп пайымдайды. Кейде мұндай құрттар адам құсқанда немесе өлер кезде денесінен сыртқа шығады. Бір еңбекте айтылғандай, “Лұқаның дәрігер ретінде Иродтың өлімін өте дәл сипаттағанынан оның сұмдық өліммен өлгенін көруге болады”.