Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

24-ТАРАУ

“Батыл бол!”

“Батыл бол!”

Пауылға қарсы құрылған зымиян жоспар іске аспайды және ол өзін Феликстің алдында қорғайды

Елшілердің істері 23:11—24:27 негізделген

1, 2. Иерусалимде қуғын-сүргінге кезіккенде, Пауыл неге таңғалмады?

 ИЕРУСАЛИМДЕ ашулы тобырдың қолынан әрең құтылған Пауыл қайтадан қамауда отыр. Бұл қалада қуғындалып жатқаны Пауыл үшін төбеден түскен жайт емес. Себебі оған Иерусалимде “түрме мен азаптар күтіп тұрғаны” айтылған еді (Ел. іс. 20:22, 23). Пауыл алда нақты не боларын білмесе де, Исаның аты үшін әлі де тар жол тайғақ кешетінін біледі (Ел. іс. 9:16).

2 Тіпті мәсіхші пайғамбарлар да Пауылға қарсыластары оны “байлап, басқа ұлт адамдарының қолына ұстап беретінін” ескерткен еді (Ел. іс. 21:4, 10, 11). Жуырда ғана яһудилердің тобыры оны өлтірмекші болды. Ал содан көп өтпей, Жоғарғы кеңестің мүшелері Пауылды айтқан сөзіне бола “паршалап тастауға” шақ қалды. Енді болса Рим сарбаздары оны түрмеге жауып тастады. Алда ол талай жаланың астында қалып, тергелмек еді (Ел. іс. 21:31; 23:10). Иә, елші Пауыл күш-жігерге бұрын-соңды болмағандай мұқтаж!

3. Уағыз ісін жалғастыра алу үшін күш-жігерді қайдан аламыз?

3 Осы заманның ақырында өмір сүріп жатқандықтан, біз “Мәсіх Исаның шәкірті ретінде Құдайға шын беріліп өмір сүргісі келетіндердің бәрі де қуғындалатынын” білеміз (Тім. 2-х. 3:12). Сондықтан уағыз ісін жалғастыру үшін біз де күш-жігерге мұқтаж боламыз. Біз “адал да ақылды құлдың” әдебиеттер мен қауым кездесулері арқылы дер кезінде рухымызды қамшылап жатқанына шексіз ризамыз! (Мат. 24:45). Ехоба тұрғанда ешкім де ізгі хабардың өркен жаюына кесе-көлденең тұра алмайды. Ехоба жаулар оның қызметшілерін топ ретінде құрта алмайтынын, уағыз ісін де тоқтата алмайтынын уәде еткен (Ишая 54:17; Ерм. 1:19). Елші Пауылға оралсақ, ол қарсылықтарға қарамай түбегейлі куәлік беру үшін күш-жігерге ие болды ма? Ол жігерді қалай алды және бұл оған қалай әсер етті?

“Ант беріскендердің” арам ойы іске аспады (Ел. іс. 23:11—34)

4, 5. Пауыл қандай күш-жігер алды және ол неге уақтылы болды?

4 Жоғарғы кеңестің қолынан аман қалған күннің ертеңіне түнде Пауыл өзі аса мұқтаж болған күш-жігерді алды. Киелі кітапта былай делінген: “Иеміз Пауылдың жанына келіп: “Батыл бол! Иерусалимде мен туралы түбегейлі куәлік еткеніңдей, Римде де куәлік етуге тиіссің,— деді” (Ел. іс. 23:11). Исаның осы рухты сөзі Пауылды дін аман қалатынына сендірді. Ол Римге барып, сол жерде де Иса туралы куәлік беретінін түсінді.

“40-тан аса адам оған тасадан тап беруге дайын тұр” (Елшілердің істері 23:21)

5 Пауыл бұл жігерді дәл өз уақытында алды. Себебі ертеңіне 40-тан астам яһуди ер кісі “Пауылға қарсы сөз байласып, оны өлтіргенше нәр татсақ, бізді қарғыс атсын деп ант берісті”. Олардың бұл анты Пауылдың көзін құртпайынша тынбайтындарын көрсетті. Егер осы зымиян ниеттері жүзеге аспай қалса, өздерін “қарғыс атады” деп сенді (Ел. іс. 23:12—15). Олар жоғарғы діни қызметкерлер және ақсақалдармен келісе отырып, жоспар құрды. Жоспарлары бойынша, олар Пауылдың ісін толығырақ қарастырғалы жатқандай болып, оны Жоғарғы кеңеске алдырту керек еді. Ал сөз байласқандар жолда Пауылға тасадан тап беріп, өлтірмекші.

6. Яһудилердің зымиян жоспары қалайша ашылып қалды және осы оқиғадан бүгінде жастар не үйрене алады?

6 Бірақ олардың бұл зымиян жоспары жайлы Пауылдың жиені біліп қояды да, Пауылға айтып барады. Ал Пауыл жиенін бұл хабарды римдік мыңбасы Клауди Лисийге айтуға жібереді (Ел. іс. 23:16—22). Ехоба аты аталмаған Пауылдың ержүрек жиені сияқты жастарды жанындай жақсы көреді. Олар батылдықпен өз бастарынан гөрі Құдай халқының игілігін ойлайды және Патшалықтың мүддесін алға жылжыту үшін қолдан келгеннің бәрін істейді.

7, 8. Пауылдың қауіпсіздігі үшін Клауди Лисий не істеді?

7 Мыңбасы Клауди Лисий Пауылды өлтіру туралы жоспарды ести сала, жаяу және атты жасақтан, найзашылардан құралған 470 сарбазын сол түні-ақ Пауылды аман-есен Кесарияға жеткізу үшін аттандырады. Кесарияда олар Пауылды әмірші Феликстің қолына табыстау керек еді a. Кесария Рим провинциясы Яһудеяның басқару орталығы болса да, онда яһудилерден гөрі басқа ұлт адамдары көп тұратын. Иерусалимге қарағанда, Кесарияда жағдай тыныштау еді. Мұнда Иерусалимдегідей діни жеккөрушілік, бүлік шығарушылық көп болмайтын. Яһудея аймағындағы Рим әскерлерінің бас басқармасы да Кесарияда орналасқан.

8 Рим заңына сай, Лисий Феликске хат жазып, істің мән-жайын түсіндіреді. Хатында Лисий Пауылдың Рим азаматы екенін білгенде, оны “өлтіргелі жатқан” яһудилердің қолынан құтқарып қалғанын жазады. Сондай-ақ Пауылды “өлімге кесетіндей не бұғау салатындай” еш себеп таппағанын айтады. Бірақ Пауылға қарсы жоспар құрылғандықтан, әмірші Феликске Пауылдың айыптаушыларын тыңдап, бір шешім шығарсын деп жіберіп жатқанын жазады (Ел. іс. 23:25—30).

9. а) Рим азаматы ретінде Пауылдың құқықтары қалай тапталды? ә) Біз өз құқықтарымызды қай кезде пайдалансақ болады?

9 Лисий хатында бар шындықты айтты ма? Жоқ. Ол өзін әміршінің алдында жақсатты етіп көрсеткісі келді. Лисий, шын мәнінде, Пауылды Рим азаматы болғаны үшін құтқарған жоқ еді. Ол Пауылды “екі шынжырмен бұғаулап тастауды”, ал кейін “жауап алу үшін сабатуды” бұйырғанын да айтқан жоқ (Ел. іс. 21:30—34; 22:24—29). Мұнысымен Лисий Пауылдың Рим азаматы ретінде құқықтарын таптады. Бүгінде Шайтан діни фанаттарды айдап салып, қуғын-сүргін отын тұтандыруы мүмкін. Соның кесірінен біз діни бостандығымыздан айырылып қалуымыз ықтимал. Бірақ Пауылға еліктеп, Құдай халқы да өздерін қорғау үшін елдің азаматтары ретінде берілген құқықтарын пайдаланып жатады.

“Өзімді қорғап сөйлеуге қуаныштымын” (Ел. іс. 23:35—24:21)

10. Пауылға қандай ауыр айыптар тағылды?

10 Кесарияда Пауыл “Иродтың сарайында қамауда отырып”, Иерусалимнен өзін айыптаушылардың келгенін күтті (Ел. іс. 23:35). Бес күннен кейін бас діни қызметкер Анани, Тертул есімді заңгер мен бірнеше ақсақал келді. Тертул алдымен Феликске жағымпазданып, яһудилерге жасаған жақсылықтарын айтып, мақтайды b. Сонан соң Пауылдың ісіне көшіп: “Біз мына кісіні бүлікші, жержүзіндегі яһудилердің арасына лаң салушы және назареттіктер сектасының жетекшісі деп таптық. Сонымен қатар ол ғибадатхананы да арамдамақ болды. Ал біз оны ұстап алдық”,— деді. Басқа яһудилер де “осы айтылғандарды құптады” (Ел. іс. 24:5, 6, 9). Лаң салушы, қауіпті сектаның жетекшісі және ғибадатхананы арамдаушы деген айыптар үшін адам өлімге кесілетін.

11, 12. Пауыл өзіне тағылған айыптарды қалай жоққа шығарды?

11 Содан кейін Пауылға сөз берілді. Ол Феликске: “Алдыңызда тұрып, өзімді қорғап сөйлеуге қуаныштымын”,— деп бастады. Пауыл өзіне тағылған айыптарды ашық жоққа шығарды. Ол ғибадатхананы арамдаған да, бүлік те шығарған емес. Ол Иерусалимде “біраз жыл” болмағанын, ол жаққа аштықтың, қуғын-сүргіннің кесірінен мұқтаждық көрген мәсіхшілерге “қайыр-садақа” апару үшін барғанын айтты. Сонымен қатар ғибадатханаға кірмес бұрын, “тазару рәсімінен өткенін” және “Құдай алдында да, адамдардың алдында да ар-ұжданын әрдайым таза сақтауға тырысатынын” айтып өтті (Ел. іс. 24:10—13, 16—18).

12 Десе де Пауыл “олар секта деп атаған жолда жүріп”, ата-бабаларының Құдайына “қасиетті қызмет атқарып жүргенін мойындады”. Сондай-ақ “Мұса Заңы мен пайғамбарлар жазбаларында жазылғандардың барлығына сенетінін” айрықшалап өтті. Бұған қоса, айыптаушылары іспетті Пауыл “әділдердің де, әділетсіздердің де қайта тірілетініне үміттенетінін” айтты. Сосын айыптаушылардан дәлелдер келтіруін талап етіп: “Жоғарғы кеңестің алдында тұрғанымда, менен қандай кінә тапқандарын осында тұрғандардың өздері айтсын. Араларында тұрып: — Мен өлгендердің қайта тірілетініне сенгенім үшін сотталып жатырмын,— деп айқайлағанымнан басқа еш айыбым жоқ”,— деді (Ел. іс. 24:14, 15, 20, 21).

13—15. Билік басындағылардың алдында тұрғанда, қалай Пауылға ұқсап батыл куәлік бере аламыз?

13 Бізге де Құдайға ғибадат еткеніміз үшін, сондай-ақ бүлік шығарушы, үкіметке қарсы шығушы не “қауіпті сектаның” мүшесі деген жалған айыптар тағылғаны үшін билік басындағылардың алдында жауап беруге тура келсе, Пауылдың үлгісіне еліктей аламыз. Пауыл Тертул сияқты әміршінің астына көпшік қойып, жағымпазданған жоқ. Ол сабыр сақтап, құрмет танытты. Ілтипатпен анық әрі шынайы дәлелдер келтірді. Пауыл ғибадатхананы арамдады деп айыптаған “Азия аймағынан келген яһудилердің” сотқа келмегенін және заң бойынша солармен сөйлесіп, солардың айыптарын тыңдау керек болғанын айтты (Ел. іс. 24:18, 19).

14 Бұдан да маңыздысы, Пауыл өзінің сенім-нанымдары жайлы куәлік беруден тартынбады. Ол өзінің қайта тірілуге сенетінін тайсалмай айтты. Осы үшін Жоғарғы кеңесте айқай-шу көтерілген болатын (Ел. іс. 23:6—10). Өзін қорғап сөйлегенде де, Пауыл қайта тірілу үмітіне ерекше назар аударды. Не себепті? Өйткені Пауыл Иса жайлы және оның қайта тірілгені жайлы куәлік беріп жүрген еді, бірақ қарсыластары бұны қабылдай алмады (Ел. іс. 26:6—8, 22, 23). Иә, даудың басы Пауылдың қайта тірілуге, дәлірек айтқанда, Исаның қайта тірілуіне сенгені үшін шықты.

15 Пауыл секілді біз де батыл куәлік бере аламыз. Біз Исаның шәкірттеріне айтқан мына сөздерінен күш аламыз: “Менің атыма бола жұрттың бәрі сендерді жек көретін болады. Бірақ соңына дейін табандылық танытқан адам құтқарылады”. Біз не айтамыз деп уайымдауымыз керек пе? Жоқ. Өйткені Иса: “Сендерді сот алдына апарғанда, не айтатындарыңды ойлап уайымдамаңдар. Сол сәтте киелі рух не десе, соны айтыңдар, өйткені сендер емес, киелі рух сөйлейді”,— деп уәде еткен (Мар. 13:9—13).

“Феликс қорқып кетті” (Ел. іс. 24:22—27)

16, 17. а) Феликс Пауылдың ісін қалай қарастырды? ә) Феликс неге қорқып кетті және ол Пауылмен не үшін қайта-қайта сөйлесіп жүрді?

16 Әмірші Феликс мәсіхшілердің ілімдері жайлы алғаш рет естіп тұрған жоқ-тын. Киелі кітапта былай деп жазылған: “Осы Жол [ертедегі мәсіхшілер осылай аталған] туралы жақсы білетін Феликс: “Сендердің мәселелеріңді мыңбасы Лисий келгенде шешемін”,— деп, істі кейінге қалдырды. Сосын жүзбасына Пауылды тұтқында ұстауды, оған аздап жеңілдіктер жасауды және достарының қамқорлық жасауына тыйым салмауды бұйырды” (Ел. іс. 24:22, 23).

17 Бірнеше күннен кейін Феликс Друзила есімді яһуди әйелімен келді де, Пауылды шақыртып, “оның Мәсіх Исаға деген сенім жайлы айтқандарын тыңдады” (Ел. іс. 24:24). Бірақ Пауыл “әділдік, ұстамдылық, алдағы Құдай соты жайлы айтқанда, Феликс қорқып кетті”. Бәлкім, бұрын көп зұлым іс істегендіктен, оны ар-ұжданы қинаған шығар. Сондықтан ол Пауылды жіберіп: “Әзірге бара тұр, ыңғайы келгенде, тағы шақыртамын”,— деді. Осыдан кейін Феликс Пауылды талай рет шақыртып, сөйлесіп жүрді. Бірақ шындық жайлы білу үшін емес, пара берер деген үмітпен (Ел. іс. 24:25, 26).

18. Неге Пауыл Феликс пен оның әйеліне “әділдік, ұстамдылық, алдағы Құдай соты жайлы” айтты?

18 Пауыл неліктен Феликс пен әйеліне “әділдік, ұстамдылық, алдағы Құдай соты жайлы” айтты? Есімізде болса, олар “Мәсіх Исаға деген сенімнің” не екенін білгісі келген еді. Олардың азғын өмір кешкенін, қатыгез әрі әділетсіз болғанын білген Пауыл Исаның ізбасары болғысы келетін адамнан Құдай не талап ететінін ашық түсіндірді. Пауылдың айтқандарынан Құдайдың әділ талаптары мен Феликс пен әйелінің өмір-салты жер мен көктей екені көрінді. Бұл оларға барлық адам ойлаған ойы, айтқан сөзі, істеген ісі үшін Құдай алдында жауап беретінін түсінуге, сондай-ақ Құдайдың оларға шығаратын үкімі Феликстің Пауылға шығаратын үкімінен әлдеқайда маңызды екенін түсінуге көмектесу керек еді. Феликстің “қорқып кеткен” себебі де, міне, содан.

19, 20. а) Қызметте шындыққа қызыққандай болғанмен, ешқандай өзгеріс жасағысы келмейтіндерді кездестіргенде, не істеуіміз керек? ә) Феликс Пауылдың қамын ойламағанын қайдан білеміз?

19 Біз де қызметте Феликске ұқсайтын адамдарды кездестіруіміз мүмкін. Бір қарағанда, олар шындыққа қызығып жатқандай көрінер, бірақ, шынтуайтында, Құдайдың айтқанын тыңдап, өмірлерін өзгерткісі келмейді. Мұндайда байқампаз болуымыз керек. Әрине, Пауыл сияқты, оларға Құдайдың әділ талаптарын ізетпен айтып береміз. Кім білсін, шындық жүректеріне әсер етіп, өзгерер. Алайда теріс жолдарын тастауға ниеттері жоқ екенін анық көрсек, оларды жайына қалдырып, шындыққа шын қызыққан адамдарды іздейміз.

20 Феликстің шын ниеті қандай болғанын мына сөздер аян етеді: “Екі жылдан кейін Феликстің орнына Порси Фест келді. Ал Феликс яһудилерге жаққысы келгендіктен, Пауылды қамауда қалдырды” (Ел. іс. 24:27). Иә, Пауылдың қамын ойлаған Феликс жоқ еді. Феликс Исаның ізбасарлары үкіметке қарсы шығушы да, көтерілісші де емес екенін жақсы білген (Ел. іс. 19:23). Ол Пауылдың ешқандай Рим заңын бұзбағанын да білген. Сонда да Феликс “яһудилерге жаққысы келіп”, елшіні сол күйі қамаудан шығармады.

21. Порси Фест әмірші болғанда, Пауылмен не болды және ол қайдан күш алып отырды?

21 Елшілердің істері 24-тараудың соңғы тармағынан көрінетіндей, Феликстің орнына Порси Фест келгенде, Пауыл әлі де түрмеде отырды. Оған әртүрлі билеушілердің алдында өзін қорғап сөйлеуге тура келді. Жүрегінің түгі бар бұл елші, расымен де, “патшалар мен билеушілердің алдына” апарылды (Лұқа 21:12). Кейін көретініміздей, Пауыл өз заманындағы ең мықты билеушіге, яғни императордың өзіне куәлік береді. Осы кездің бәрінде Пауылдың сеніміне селкеу түскен жоқ. Ол Исаның: “Батыл бол!”— деген сөздерінен күш-қайрат алып отырды.

a 193-беттегі “ Феликс — Яһудея аймағының әміршісі” деген қоршауды қараңыз.

b Тертул Феликстің халық үшін орнатқан “керемет тыныштығына” ризашылық білдірді. Бірақ, шын мәнінде, Римге қарсы көтеріліс шыққанға дейін билік еткен басқа әміршілердің уақытына қарағанда, Феликс әмірші болған уақытта Яһудеяда тыныштық болмаған. Сондай-ақ Феликстің яһудилер үшін жасаған өзгерістерін “зор ризашылықпен қабылдаймыз” дегені де қып-қызыл өтірік еді. Шындығында, яһудилердің көбісі Феликсті өмірлерін қиындатқаны үшін және көтерілістерін жауыздықпен басып тастағаны үшін жек көрген (Ел. іс. 24:2, 3).