Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

26-ТАРАУ

”Ешбір жан өлмейді”

”Ешбір жан өлмейді”

Пауыл кеме апатына ұшырағанда, орасан зор сенім мен өзгелерге сүйіспеншілік танытады

Елшілердің істері 27:1—28:10 негізделген

1, 2. Пауылды қандай сапар күтіп тұр және ол нені уайымдаса керек?

 “ИМПЕРАТОРҒА БАРАСЫҢ!” Фесттің осы сөзін Пауыл қайта-қайта ой елегінен өткізуде. Себебі оның алдағы тағдыры осы сөздерге байланысты еді. Римге жасалатын бұл ұзақ сапар екі жыл түрмеде отырған Пауылдың өміріне сәл де болса өзгеріс енгізбек (Ел. іс. 25:12). Бірақ Пауыл теңізбен саяхаттау әрдайым самал желмен тыныстап, әсем көкжиекті тамашалау сияқты жағымды бола бермейтінін жақсы біледі. Осы сапарында императордың алдында тұратындықтан, Пауылдың санасында сан түрлі сұрақтар туындаса керек.

2 Теңізде Пауылдың басына талай рет қауіп төнген: үш рет кеме апатына ұшыраған, тіпті бір тәулік бойы ашық теңізде қалып қойған (Қор. 2-х. 11:25, 26). Оның үстіне, бұл сапар Пауылдың азат кезінде жасаған миссионерлік сапарларына мүлдем ұқсамайын деп тұр. Бұл жолы ол тұтқын ретінде өте алыс сапарға, Кесариядан 3000 шақырымнан астам жердегі Римге аттанбақшы. Пауыл Римге аман-есен жетер ме екен? Жеткен күнде де, бұл соңғы сапары болып, өмірімен қош айтыспай ма? Себебі оны Шайтанның дүниесіндегі сол замандағы ең мықты билеуші соттамақ еді.

3. Пауыл не нәрсеге белін бекем буды және бұл тарауда нені қарастырамыз?

3 Қалай ойлайсыз, біз білетін Пауыл алда не болатынын ойлап, үмітін өшіріп, түңіліп кете ме? Әрине, жоқ! Ол өзін қиындықтар күтіп тұрғанын білгенмен, нақты қандай екенін білген жоқ. Олай болса, ол не үшін өзі ықпал ете алмайтын жағдайларды уайымдап, қуанышын жоғалтуы керек екен?! (Мат. 6:27, 34). Пауыл мынаны жақсы түсінеді: Ехоба оның әрбір адамға, тіпті билеушілерге ізгі хабарды айтқанын қалайды (Ел. іс. 9:15). Сондықтан ол осы тапсырмасын қайткенде де орындауға белін бекем буған. Бізде де осындай ықылас бар ма? Келіңіз, Пауылмен бірге осы тарихи сапарға аттанып, оның үлгісінен құнды сабақтар түйіп алайық.

“Бізге қарсы жел соқты” (Ел. іс. 27:1—7а)

4. Пауыл қандай кемемен сапарға шықты және оған кімдер еріп жүрді?

4 Пауыл мен тағы бірнеше тұтқын Рим жүзбасы Юлидің қарамағына тапсырылды. Юли Кесарияға келіп тоқтаған бір сауда кемесіне отыруды ұйғарды. Бұл кеме Кіші Азияның батыс жағалауында орналасқан Адрамити портынан келген болатын. Адрамити порты Лисбос аралында орналасқан Мителен қаласына қарама-қарсы жатты. Кеме солтүстікке, сосын батысқа қарай бағыт алған еді. Ол жол-жөнекей тоқтап, жүктерді түсіріп, артатын. Мұндай кемелер жолаушыларды, әсіресе тұтқындарды тасымалдауға арналмаған еді. (“ Теңіз саяхаты мен сауда жолдары” деген қоршауды қараңыз.). Бақытқа орай, Пауыл қылмыскерлердің арасында жалғыз мәсіхші емес. Оның қасында, кем дегенде, екі бауырласы — Арыстарқ пен осы оқиғаларды жазып жүрген Лұқа — бар. Бұл екі адал серігі жол ақысын өздері төледі ме, әлде Пауылдың қызметшілері ретінде еріп жүрді ме — ол жағы бізге беймәлім (Ел. іс. 27:1, 2).

5. Сидонға келгенде, Пауыл кімдермен кездесті және бұдан не үйренсек болады?

5 Кеме солтүстікке қарай бір күннің ішінде 110 шақырымдай жүзіп, Сирия жағалауындағы Сидонға аялдады. Пауыл Рим азаматы болғандықтан және айыбы дәлелденбегендіктен болар, Юли оған қылмыскер ретінде қарамады (Ел. іс. 22:27, 28; 26:31, 32). Юли Пауылға жағалауға барып, бауырластарымен кездесуге рұқсат етті. Бауырластар ұзақ уақыт түрмеде отырған Пауылға көмектесе алғандарына сондай қуанған шығар! Сіз де бауырластарға осылай меймандостық танытудың орайын іздейсіз бе? Бұдан өзіңіздің де жаныңыз сергіп қалады (Ел. іс. 27:3).

6—8. Пауылдың сапары Сидоннан Книдке қалай жалғасты және Пауыл қандай мүмкіндікті жібермесе керек?

6 Кеме Сидоннан шығып, әрмен қарай теңіз жағалауының бойымен жүзе отырып, Киликияның қасынан өтті. Пауылдың туған қаласы Тарс осы жерге жақын еді. Лұқа тағы қай жерлерге аялдағанын айтпайды, бірақ ол “бізге қарсы жел соғып тұрды” деп бір қауіпті жағдайды айтып өтеді (Ел. іс. 27:4, 5). Ауа райы қолайсыз болса да, Пауыл кез келген мүмкіндікті жібермей уағыздағанына сенімдіміз. Ол жанындағы тұтқындарға және кемедегі басқа да адамдарға, соның ішінде теңізшілер мен сарбаздарға, сондай-ақ тоқтаған кемежайларындағы адамдарға уағыздағаны анық. Біз де бүгінде уағыздаудың сәтін қалт жібермейміз бе?

7 Араға біраз уақыт салып, кеме Кіші Азияның оңтүстік жағалауындағы Мира портына келіп жетті. Осы жерде Пауыл өзгелермен бірге діттеген жері Римге баратын басқа бір кемеге отырмақ еді (Ел. іс. 27:6). Ол заманда Мысыр Римді астықпен қамтамасыз ететін. Мира портына астық кемелері келіп тоқтайтын. Юли осындай бір кеме тауып, сарбаздар мен тұтқындарды соған мінгізді. Бұл кеме алдыңғысына қарағанда әлдеқайда үлкен болса керек. Өйткені кемеге бидаймен қатар 276 адам — теңізшілер, сарбаздар, тұтқындар мен Римге бара жатқан басқа да жолаушылар сыйып кетті. Осылайша Пауылдың уағыздайтын аумағы ұлғая түсті. Ол бұл кезде де адамдарға уағыздап қалғаны хақ.

8 Келесі аялдама Кіші Азияның оңтүстік-батысында орналасқан Книд еді. Жел қолайлы бағыттан соққанда, бұл жерге кеме бір-ақ күннің ішінде жететін. Бірақ Лұқа “баяу жүзе отырып, көп күннен кейін Книдке әрең жеткенін” жазған (Ел. іс. 27:7а). Ауа райы жүзуге қолайсыз болып кетті. (208-беттегі “ Жерорта теңізіндегі қарсы соққан желдер” деген қоршауды қараңыз.). Кеме қатты соққан желге қарсы жүзіп, толқындар соққылай бастады. Осы кезде кемедегі адамдардың қандай күй кешкенін елестетіп көріңізші!

“Дауыл кемені әрлі-берлі тынбай лақтырды” (Ел. іс. 27:7ә—26)

9, 10. Критке жақындағанда қандай қиындықтар туындады?

9 Кеме капитаны Книдтан батысқа қарай жүзе беруді шешті. Бірақ сол жерде болған Лұқа “жел қарсы соққанын” жазған (Ел. іс. 27:7ә). Кеме құрлықтан алыстай бергенде, солтүстік-батыстан қатты жел соғып, кемені зор жылдамдықпен оңтүстікке алып кетті. Алдында кемелерін қарсы соққан желден Кипр аралы қорғаған болса, бұл жолы Крит аралы қорғады. Кеме Криттің шығыс жағындағы Салмон мүйісінен өткенде, жағдай біршама жақсарды. Өйткені кеме аралдың оңтүстік жағымен, яғни ық жағымен жүзгендіктен, жел қатты соқпады. Осы кезде кемедегілер жеңілдік сезініп, бәрі артта қалды деп ойлаған шығар. Бірақ алда қыс жақындап келе жатқан еді, кеме болса әлі де теңізде. Бұл теңізшілер үшін шынымен де уайымдауға себеп еді.

10 Лұқа: “[Криттің] жағалауымен жүзе отырып, зорға дегенде... Жайлы кемежай деген жерге келдік”,— деп өте дәл сипаттаған. Аралды паналай жүзсе де, кемені игеру оңай болмады. Ақыр соңында олар зәкір тастауға болатын бір шығанаққа тап болды. Бұл шығанақ жағалаудың солтүстікке бұрылар жерінде орналасқан деседі. Олар бұл жерде қанша уақыт тұрды? Лұқаның айтуынша, “бірталай уақыт”. Бірақ олар уақыттан ұтылмаса, ұтқан жоқ. Себебі қыркүйек-қазан айларында теңізде жүзу одан сайын қауіпті (Ел. іс. 27:8, 9).

11. Пауыл кемедегілерге қандай кеңес берді, бірақ олар не істеуді шешті?

11 Пауыл Жерорта теңізінде талай саяхаттағандықтан, кейбір жолаушылар одан ақыл сұраса керек. Ол кемені тұрған жерінен қозғалтпауға кеңес берді. Әйтпесе “кеме зор шығынға ұшырап”, тіпті өмірлерінен айырылып қалулары мүмкін. Алайда кеменің жүргізушісі мен иесі әрі қарай жүзе беруді жөн көрді. Олар тезірек қауіпсіз жерге жетіп алуды көздесе керек. Олар Юлиді де көндірді, көпшілік те осы жағалаудан әрірек орналасқан Феникс портына жетіп көруді ұсынды. Ол жерде үлкен әрі қыстауға арналған ыңғайлы айлақ болған көрінеді. Содан оңтүстіктен соққан самал желге алданып, кеме жолға шықты (Ел. іс. 27:10—13).

12. Криттен шыққан соң, кеме қандай қиын жағдайға тап болды және апатқа ұшырамау үшін теңізшілер не істеді?

12 Бірақ қиындықтың көкесі алда еді. Бір кезде солтүстік-шығыстан “дауыл көтерілді”. Сонда олар “Жайлы кемежайдан” 65 шақырымдай жердегі “Кауда деген кішкентай аралдың ық жағын” біраз уақыт паналай жүзді. Бірақ кемеге әлі де қауіп төніп тұрды. Өйткені жел оны оңтүстікке қарай айдап, Африканың жағалауындағы Сирттегі қайраңға айдап, қиратып жіберуі мүмкін еді. Оны болдырмау үшін, теңізшілер кеменің артындағы қайықты кемеге көтеріп шығарды. Қайыққа су толып қалғандықтан болар, оны әрең көтерді. Сосын теңізшілер кеменің тақтайлары қирап қалмасын деп, сыртынан арқандармен және шынжырлармен байлап қойды. Олар арқандарды босатып, басты желкенді түсірді де, кемені желге қарсы бағытта ұстауға тырысты. Қандай қорқынышты жағдай! Олар қанша амал жасаса да, “дауыл кемені әрлі-берлі тынбай лақтыра берді”. Кеме батып кетпес үшін, үшінші күні олар жабдықтарын суға лақтырды (Ел. іс. 27:14—19).

13. Дауылдың өтінде қалған кемедегілер қандай күй кешті?

13 Кемедегілер шошып, жүректері ауыздарына тығылса керек. Бірақ Пауыл мен оның серіктері сабырлы қалпында. Ілгеріде Иесі Пауылға Римде куәлік бересің деп уәде еткен еді (Ел. іс. 19:21; 23:11). Ал кейінірек оған бір періште көрініп, осы уәдені шегелей түсті. Әйткенмен күндіз-түні екі апта бойы дауыл еш басылмады. Толассыз жаңбыр жауып, аспанды қара бұлт қаптағандықтан, күн де, жұлдыздар да көрінбеді. Кеме жүргізушісі оның қай бағытта, қай жерде келе жатқанын аңғара алмады. Тамақты ойлауға ешкімнің де мұршасы жоқ. Қатты қорқып, құйған жаңбыр мен суықтан қалтырап тұрған әрі теңселген кемеден жүрегі айнып тұрған адамға ас батушы ма еді?!

14, 15. а) Пауыл кемедегілерге алдында ескерткенін не үшін айтты? ә) Пауылдың үміт жайлы хабармен бөліскенінен не үйрене аламыз?

14 Пауыл орнынан тұрып, алдында оларға ескерткенін айтты. Бірақ “осылай боларын айтып едім ғой” деп, олардың көңілін түсірген жоқ. Жай ғана болған жағдайлар оның айтқаны орындалғанын дәлелдеді. Сосын оларға: “Мойымаңдар, себебі ешбір жан өлмейді, тек кеме ғана құриды”,— деді (Ел. іс. 27:21, 22). Оның бұл сөздері кемедегілердің жүдеген көңілдеріне шуақ құйса керек! Ехоба өзгелермен бөліссін деп, үміт хабарын бергені үшін Пауылдың өзі де мәз боп қалған болар. Расында да, Ехоба әрбір адамның қамын ойлайды, әрбір адамның өмірі ол үшін қымбат. Осыны естен шығармайық. Елші Петір: “Ехоба... бірде-бір адамның жойылмай, бәрінің өкінгенін қалайды”,— деп жазған (Пет. 2-х. 3:9). Сондықтан Ехоба сыйлаған үмітті мейлінше көп адамға айтуға асық болғаймыз! Өйткені адамдардың өмірі қыл үстінде.

15 Пауыл кемедегілердің көбісіне “Құдай уәде еткен үміт” жайлы айтқаны сөзсіз (Ел. іс. 26:6; Қол. 1:5). Ал енді кеме қирауға шақ қалған шақта, Пауыл үміттенуге негіз бар екенін көрсетіп, оларға былай деді: “Құдайымның періштесі осы түні жанымда пайда болып: — Қорықпа, Пауыл. Сен императордың алдында тұруың қажет. Құдай жаныңдағылардың да өмірін сақтап қалады,— деді”. Содан соң кемедегілерге: “Мойымаңдар, өйткені мен Құдай қалай айтса, дәл солай болатынына сенемін. Алайда бір аралдың маңында кемеміз апатқа ұшырайды”,— деді (Ел. іс. 27:23—26).

“Барлығы да жағаға аман-есен жетті” (Ел. іс. 27:27—44)

“Құдайға ризашылық білдірді” (Елшілердің істері 27:35)

16, 17. а) Пауыл қай кезде дұға етті және оның әсері қандай болды? ә) Қалай Пауылдың айтқаны келді?

16 Екі қорқынышты аптаның ішінде жел кемені 870-тей шақырымға айдап әкеткен еді. Бір кезде теңізшілер толқындардың жағаға соққылап жатқанын естіді. Толқындар кемені алып кетпес үшін, олар зәкірлерді суға тастап, кеменің тұмсығын құрлыққа қарай бұрып қойды. Мүмкін болса, олар қайраңға тоқтамақшы еді. Сол кезде теңізшілер қашып кетпекші болды, бірақ сарбаздар жол бермеді. Пауыл жүзбасы мен сарбаздарға: “Мына кісілер кемеден қашып кетсе, сендер құтқарыла алмайсыңдар”,— деді. Пауыл кемедегілерді аман қалатынына тағы да сендіріп, тамақтанып алуға шақырды. Сөйтіп, “барлығының алдында Құдайға ризашылық білдірді” (Ел. іс. 27:31, 35). Ол дұғасында Құдайға алғыс айтуымен Лұқаға, Арыстарқ пен бүгінгі мәсіхшілерге жақсы үлгі қалдырды. Сіздің де көпшілік алдында айтқан дұғаңыз өзгелерді нығайтып, жұбата ма?

17 Пауыл дұға еткеннен кейін, “бәрі де батылданып, ас-судан ала бастады” (Ел. іс. 27:36). Сонан соң кеме таяздау жерге жүзіп бара алу үшін ішіндегі бидайды суға лақтырды. Таң атқанда, кемешілер зәкірлерді кесіп, кемені бағыттайтын ескектердің арқандарын босатты да, кемені оңай бұра алу үшін алдыңғы кішкентай желкенді көтерді. Ал кеменің тұмсығы құмға кіріп кетті. Сонда артқы жағын толқындар соғып, қирата бастады. Кейбір сарбаздар тұтқындар қашып кетпесін деп, оларды өлтіргісі келді. Бірақ Юли оларға тыйым салды. Ол бәріне жүзе алатындары жүзіп, ал қалғандары қандай да бір затқа жармасып, жағаға жетіп алуды бұйырды. Осылайша Пауылдың айтқаны келіп, 276 адамның бәрі құтқарылды. Иә, олардың “барлығы да жағаға аман-есен жетті”. Олар қай жерге тап болды? (Ел. іс. 27:44).

“Зор адамгершілік танытты” (Ел. іс. 28:1—10)

18—20. Мальта тұрғындары қалай “зор адамгершілік танытты” және Құдай Пауыл арқылы қандай керемет жасады?

18 Олар келген жер Сицилияның оңтүстік жағындағы Мальта аралы екен. (“ Қай Мальта?” деген қоршауды қараңыз.). Өзге тілде сөйлейтін арал тұрғындары оларға “зор адамгершілік танытты” (Ел. іс. 28:2). Олар үстері малмандай су болып, қалтырап-дірілдеп тұрған осы бейтаныс адамдарға от жағып берді. Күн суып, жаңбыр жауып тұрса да, олар отқа жылынып алды. Сол кезде бір ғажайып керемет болды.

19 Пауыл көмектескісі келіп, бір құшақ ағаш әкелді де, отқа салды. Сол кезде отынның арасынан улы жылан атып шығып, Пауылдың қолына жабысып, шағып алды. Сонда Мальта тұрғындары оны Құдай жазалап жатыр деп ойлады a.

20 Пауылды улы жылан шағып алғанын көрген жергілікті тұрғындар оның денесі “ісіп кетеді” деп ойлады. Бір еңбекте айтылғандай, түпнұсқада бұл жерде “медициналық термин” қолданылған. Лұқа дәрігер болғандықтан, осындай медициналық сөзді қолданғанына таңғалмаймыз (Ел. іс. 28:6; Қол. 4:14). Не керек, Пауыл қолындағы жыланды қағып жіберді. Оған еш зақым келген жоқ.

21. а) Лұқа оқиғаларды дәлдікпен баяндағанына тағы қандай дәлелдер бар? ә) Пауыл қандай кереметтер жасады және бұл Мальта тұрғындарына қалай әсер етті?

21 Сол маңда меншікті жерлері бар Публи деген бай кісі тұратын. Ол Мальтадағы Рим әскерінің басшысы болса керек. Лұқа оны “арал билеушісі” деп сипаттаған. Екі мальта қолжазбасында дәл осындай лауазым кездеседі. Публи Пауыл мен оның қасындағыларды үш күн бойы қонақ етті. Сол кездері Публидің әкесі қатты науқастанып жатқан еді. Дәлдікті жақсы көретін Лұқа “ыстығы көтеріліп, іші өтіп, төсек тартып жатыр” деп, оның ауруын нақты сипаттаған. Пауыл оған барып, дұға етті де, үстіне қолын қойып, сауықтырып жіберді. Бұған қайран қалған жергілікті тұрғындар Пауылға басқа да науқастарды әкеле бастады. Сондай-ақ олар Пауыл мен серіктеріне көп сый ұсынып, қажеттерімен қамтамасыз етті (Ел. іс. 28:7—10).

22. а) Римге жасалған сапарды Лұқаның қалай суреттегені жайлы бір профессор не дейді? ә) Келесі тараудан не білеміз?

22 Біз осы тарауда қарастырған Пауылдың сапары жайлы оқиғалар еш боямасыз, тура әрі дәлдікпен жазылған дей аламыз. Бір профессор былай дейді: “Лұқаның жазғандары — Киелі кітапта ең көркем тілмен суреттелген оқиғалардың бірі. Оның I ғасырдағы теңіз саяхаты мен Жерорта теңізіндегі ауа райы жайлы сипаттағандары тұп-тура... Пауылмен сапарға шыққан Лұқа болған оқиғаларды күнделікке жазып жүрген болу керек”. Егер бұл солай болса, онда Лұқа әрі қарай жалғасын тапқан сапарлары туралы да көп нәрсе жазған. Пауылдар Римге жеткенде не болды екен? Оны келесі тараудан білейік.

a Мальта тұрғындары оның улы жылан екенін біліп тұрғанына қарағанда, ол заманда аралда мұндай жыландар көп болғанға ұқсайды. Бүгінгі күнде Мальтада бұндай улы жыландар кездеспейді. Мұның себебі — ғасырлар өте олардың мекендеу ортасы өзгерген болар, я болмаса аралда халық көбейіп кеткендіктен, улы жыландар жойылып кеткен шығар.